Тағылымы ерекше фестиваль
Тараз қаласында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Достық» фестивалі өтті.
Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен фестиваль этносаралық қатынастарды нығайту, сақтау және жастар арасында этностар мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын насихаттауды мақсат етті.
Тәлімі мен тағылымы зор кешке облыстық этномәдени бірлестік және ассамблея жастары, облыстық және қалалық этномәдени бірлестіктер, өнер және мәдениет қызметкерлері, қала тұрғындары мен қонақтары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ фестиваль барысында қонақтар арасында викторинарлық сұрақтар қойылып, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттік бағдарлама ұсынылды.
Аймақтық ассамблея жастарының шығармашылық топтарының қатысуымен өткен фестивальдің концертінде «Үкілім-ай», «ДейвМокх Style» би ансамблдері, «Жамбыл облысы Немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Поющие сердца» вокалдық тобы және сондай-ақ, Тұрсынбек Диана, Рахматулла Улмеке, Тынышбек Аян өнер көрсетті. Кеш соңы Асем Әбілбайдың «Самға» әнімен тәмамдалды. Этнос жастарының қатысуымен өткен тамаша іс-шара қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй мен жағымды демалыс сыйлады.
Замана үнін ақын жанымен жырлаған Жамбыл мұрасынан суырып салмалығы, кестелі сөздің шебері, ұшқыр ойлы, тапқыр шешендігі айқын көрінеді.
Ақынның жауһар жырларының отандық ғылым үшін ауқымы кең. Жамбыл шығармашылығы Қазақстан тарихшыларын тарихи объективті шындықтан ауытқымай зерттеуге үйретеді. Жамбыл жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытуы күдік тудырмайды. Жамбыл – ізгілік жолындағы азатшыл азаматты нәсіліне, ұлтына бөлмеген шын мәніндегі жасампаз ақын. Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Жамбыл – жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Халықтық жырдың негізінде немесе жыраулар поэзиясының үлгісінде бүгінгі мен өткенді сабақтастыра жырлайтын ақындар сол кезеңде жоқтың қасы болатын. Жамбыл сол үрдісті қалыптастыра білді. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді.
Жалпы, жыр алыбының мерейтойын тойлау Әулиеата жерінде жыл бойы жалғасатын болады.