Баға бақылауда

0 359

Облысымызда ғана емес, республика бойынша азық-түлік тауарларының бағасы аспандап барады. Тіпті бірқатар облыстарда бұрын 250-300 теңгеден сатылған картоп, сәбіз 500 теңгеден саудалануда. Өкінішке қарай облысымыздағы ахуал да халықты алаңдатып, наразылығын туындатуда.

Дегенмен азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында сала мамандары тарапынан жемісті жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы аясында ашылған әлеуметтік дүкендер бағаны тұрақтандыруға айтарлықтай ықпал етуде. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов берген мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда облыс бойынша 29 әлеуметтік дүкен іске қосылған. Атап өтер болсақ, Тараз қаласында 16 дүкен, аудан орталықтарында 12 дүкен қызмет атқаруда. Дүкендер халық көп шоғырланған жерлерге орналасқан.

– Қазіргі таңда әлеуметтік дүкендер арқылы ең төмен бағадағы қант – 220 теңге, жұмыртқа – 27, күнбағыс майы – 560, қарақұмық – 320, картоп пен сәбіз – 115, пияз – 70, қырыққабат – 50 теңгеден өткерілуде. Аталған тауарлар нарықтан 46-73 пайыз төмен бағадан ұсынылуда.

Нәтижесінде дүкендердегі тауарларға деген халықтың сұранысы күн сайын артып келеді. Апта сайын орташа кассалық кіріс сомасы 12 пайыз, ал бір дүкеннің қамту көрсеткіші 120 адамнан 450 адамға жетіп, сұраныс 4,5 есеге артты. Нәтижесінде тек 3 айда дүкендер арқылы 1275 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өткерілді.

Бұл ретте әлеуметтік дүкендер тұрақтандыру қорындағы тауарлардың айналымына да әсерін берді. Қордағы тауар айналым 2,9 есеге артты. Жыл басынан құны 292 миллион теңгеге 1716 тонна тауарлар өткерілді (2020 жылдың сәйкес кезеңінде 592 тонна).

Біз, қабылданған шаралардың арқасында тұрақтандыру қорының айналымын 3 есеге арттырып, әр 4 айда 1,3 миллиард теңгенің өнімін өткеріп, ішкі нарықтағы үлесімізді 35 пайызға жеткізіп, аптасына 156 мың адамды қамтитындай мүмкіндік алдық. Ол үшін алдағы уақытта (1 тамызға дейін) Тараздан қосымша 5, аудан орталықтарынан тағы 7 әлеуметтік дүкенді ашуды жоспарлап отырмыз.

Тұрақтандыру қорын толықтыру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 200 миллион теңге бөліп, тауарларды толықтыру шараларын белгіледік.

Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында алдағы 4-6 айдағы сұранысты қамтитын жалпы 11 атаулы тауарлардың 2677 тонна тауар қоры бар, оның ішінде 316 тонна қант,15 мың дана жұмыртқа, 46 тонна қарақұмық, 1306 тонна ұн және айналым қаржыдан ауысқан 160 тонна күнбағыс май, – дейді Қ.Тілеубайұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.