Ардақты азамат, ойлы қаламгерді еске алды

0 515

17 маусым – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Жамбыл облысының және Байзақ ауданының Құрметті азаматы, жоғары дәрежелі «Парасат» және «Барыс» ордендерінің, басқа да көптеген марапаттардың иегері, белгілі жазушы Арғынбай Бекбосынұлының туған күні.  Саналы ғұмырында қарымды қаламын серік ете жүріп, еңбекқорлығы мен іскерлігінің, қарым-қабілетінің арқасында лауазымды қызметтер атқарған Арғынбай Бекбосынұлы тірі болғанда биыл 84 жасқа толар еді. Парасатты азаматтың «Таразды әулиелер мекендеген, мекендеп киелі оны етем деген…. Киелі жерді бассаң, ойланып бас: «Таразға келдім немен, кетем немен?» деген төрттағаны көне қаланың көшелерінде ілулі тұрғаны да тәрбие үшін бір жаңалық болды.

Ардақты азамат, ойлы қаламгер, Қаратаудың Алатаудай перзентінің туған күніне орай Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында «Тұлға еді ізгіліктен із қалдырған» тақырыбында дөңгелек үстел» өтті. Мәні терең, мазмұны бөлек басқосуда шығармашыл орта өкілдері, замандастары  қаламгердің өмірі турасында ой қозғап, естеліктерін ортаға салды. Көптеген тебіреністі естеліктер ортада тоғысты. Шығармашылықтың жауапты жүгін арқалай жүріп, елдің қамын ойлай жүретіндігін, әр қазаққа жанашырлығын ісімен дәлелдеген қайраткер қаламгер екендігі жиі тілге тиек етілді.

Кешті журналист Ерман Әбдиев жүргізіп, Арғынбай Бекбосынұлының қадір-қасиетін, әдебиеттегі орнын байыппен әңгімелеп берді. Ұлтқа, әдебиетке қызмет етудің үлгісін көрсеткен тұлғаның соңынан сөз ермеген таза болмысын суреттеп, мазмұнды ойларымен бөлісті.

Сонымен қатар жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері бірқатар ұсыныстарын, пайымды пікірлерін ортаға салды.

– Бәріміз де өмірге лайықты келуіміз мүмкін. Бірақ соның ішінде ел үшін ерекше еңбек етіп, бүкіл ғұмырын соған арнайтын азаматтар болады. Соның бірі осы Арғынбай Бекбосынов. Журналистік, депутаттық қырларының өзі бір төбе. Мұның барлығы бір адамның басындағы үлкен салмақ. Сол салмақты ауырсынбай, қайыспай, ел үшін ақтық демі қалғанша адал еңбек еткен атпал азамат еді. Поэзияда шығыс шайырларының небір жауһар жырларын, маржан дүниелерін бізге аударып берді. Арекеңді қалай мақтасақ та, ескерткіш қойсақ та, есімін мектепке берсек те жарасады. Арғынбай секілді азаматтарды кейінгі ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Сондықтан Тараз қаласының бір көшесіне Арекеңнің есімін берсе деген ұсынысым бар, – деді белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.