Таразда «Денсаулық» саябағы ашылды
Таразда медицина қызметкерлері кәсіби мерекесіне орай «Денсаулық» мәдениет және демалыс саябағы ашылды. Саябақ құрылысы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Таразға тарту» жобасы аясында жүзеге асқан. Тараз қаласындағы Қарасу шағын ауданында бой көтерген демалыс орталығының ашылу салтанатына аймақ басшысы арнайы қатысып, сала мамандарын мерекелерімен құттықтады.
– Әрбір адам үшін ең қымбат байлық – денсаулық. Басы ауырып, балтыры сыздаған жанның дәрігерге бармайтыны кемде-кем шығар. Әсіресе, мынандай індет кезінде, ақ халатты абзал жандардың қадірі арта түскені шындық. Қауіп-қатерге қарамастан, сіздер әрбір науқастың өмірін сақтап қалу үшін күрестіңіздер, басқасын айтпағанда, бір жарым жылдың ішінде сіздердің жасаған еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Күн демей, түн демей, шаршамай, ерінбей жұмыс жасадыңыздар. Сол қажырлы еңбектеріңізбен мыңдаған қазақстандықтардың өмірін сақтап қалдыңыздар. Әрине, індет оңай соққан жоқ. Қаншама азаматтарымыздан айырылдық, оның ішінде сіздер де әріптестеріңізді жоғалтыңыздар. Олардың еңбектері ешқашан ұмытылмайды. Індетті еңсеріп келе жатқанымыздың өзі еліміздің бірлігі мен ынтымағының арқасы, — дей келе Бердібек Сапарбаев сала мамандарын құттықтады.
Коронавирустық инфекцияға қарсы күресте жамбылдықтар 20 медицина қызметкерінен айырылды. Саябақта олардың құрметіне арнайы ескерткіш бой көтерген. Ескерткіш тұғырындағы «Өзгеге шамшырақ болып, өзім өшем» деген жазу ешкімді де бей-жай қалдырмаса керек. Ескерткішті арнайы Нұр-Сұлтан қаласында тұратын жерлесіміз, мүсінші Бектур Майрин сегіз күннің ішінде жасап шыққан екен. Сондай-ақ, ондағы «Сіздің денсаулығыңыз өз қолыңызда» атты стелла да денсаулықтың адам үшін қаншалықты маңызды екенін меңзеп тұрғандай.
– Медицина қызметкерлеріне мемлекет және жергілікті билік өкілдері тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Биыл міне, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Осыған орай, медицина қызметкерлерімен ақылдаса отырып, өз үлесімізді қосайық деп шештік. Сөйтіп саябақ ашу туралы ұсыныс айтылып, құрылыс жұмыстары мамыр айының басында басталып кеткен болатын. Міне, енді «Таразға тарту» жобасы аясында осы демалыс орталығы бой көтеріп, бүгін ел игілігіне пайдалануға беріліп отыр, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Саябақта дене шынықтырумен белсенді түрде айналысуға және балалардың ойнауына да барлық мүмкіндіктер жасалған. Үстел теннисі, воркаут, футбол, баскетбол және балалар алаңшасы да келушілер үшін әрдайым ашық болмақ.
Өңір басшысы саябақты аралап көріп, ондағы ойын көрігінін қыздырған балаларға арнайы сыйлықтар үлестірді. Облыс әкімінің келуін күтіп жүрген тұрғындар да рахметін айтып, ақжарма тілектерін жеткізді. Бұрын бұл маңдағы жағалаудың бәрі қамыс басып қараусыз қалған болатын. Міне, бүгін де адам танымастай өзгерген. Асыр салып ойнаған балалардың да қуанышында шек жоқ.
«Біз сіздерді көріп көңіліміз көтеріліп қалды. Мынандай қамыс пен қоқыс басқан жерді аз уақыттың ішінде гүлдендіріп, саябаққа айналдырады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірген емес. Осының барлығы балаларымыздың болашағы үшін жасалып жатқанын түсінеміз. Жас жеткіншектерге салауатты өмір салтын насихаттайтын, атына заты сай «Денсаулық» демалыс орнына айналатынына сенеміз. Біз 1991 жылдан бері осыны күттік. Сіздердің бастамаларыңызбен осындай игі бастама жүзеге асып жатқанына қуанамыз. Жастар сіздерден үлгі алып, мейрімді, қамқор болып өсе берсін. Еңбектеріңіз жемісті болсын. Денсаулық сақшылары – дәрігерлерге де айтарымыз тек алғыс», — дейді қала тұрғыны Шура Қосшыбаева.
Айта кетейік, саябақтың құрылысына медицина қызметкерлері біркүндік еңбекақысын аударып, өз үлестерін қостқан. Қолдау көрсеткен демеушілер де бар. Саябақ аумағы – 5 гектар. Каналдың жағалау аймағында орналасқан. Онда 1000-нан астам көшет, раушан гүлдер отырғызылған. Субұрқақтар мен кішкентай сәулетті мүсіндер де саябаққа өзгеше сән беріп тұр.
Шара соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихат хатшысы Махмедғали Сарыбеков сала мамандарын «Еңбек ардагері» медалімен, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Сондай-ақ өңір басшысы «SENIM» Денсаулық сақтау жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы РҚБ облыстық филиалының демеушілігімен моноқалаларға (Қаратау мен Жаңатас) барған жас мамандарға 500 мың теңгенің сертификатын табыстады.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі