Мода қуамын деп елдің күлкісіне қалғанмын: Айнұр Тұрсынбаева қызықты оқиғасын айтты
Айнұр Тұрсынбаева бала күнін еске алып, қызықты оқиғасын айтып берді. Әнші сән қуамын деп күлкіге қалған. Айтыскер сол оқиғасы арқылы көпшілікке сабақ болар ақылын айтты.
“Біздің бала кезімізде дипломат ұстау мода болған. Жағдайы бар қыздардың бәрінің қолында қап-қара дипломат. Менде жоқ. Апамның дипломат әперетін жағдайы жоқ болғасын жұрттан қалмайын деп үйдегі ескі қоңыр дипломатты ұстап шықтым. Бойым кішкентай, дипломатым дәу. Ашып, жабу бір ақырет. Біраз ұстадым да жұрт дипломатым бар екенін көріп болды ау деген кезде тастадық қой. Кейін мектеп бітіргеніме бәлен жыл болған кезде сыныптас қызым айтады, “мә, сен баяғыда чемодан сияқты бірдеме ұстап жүруші едің ғой, оны әрең көтеріп бара жатқан кезіңде бәріміз сыртыңнан күлетін едік” дейді”, деп жазды айтыскер парақшасында.
Айтуынша, көпке ұнаймын деп жасаған ісіңіз сырт көзге осылай көрінуі мүмкін. Сондықтан тек өз қалауыңызбен өмір сүріңіз дейді Айнұр ханым.
“Айтайын дегенім, жұрттан қалмайық деп талайымыз күлкі болып жүргенімізді білмейміз.. Жұрт сияқты оқуым керек, көлік алуым керек деп кредитке ұрынып жүреміз. Жұрт сияқты той жасаймыз деп қарыз алып тыраштанамыз. Кімге нені дәлелдегіміз келетіні белгісіз. Шындығында жұрттың бізде шаруасы да жоқ. Өз проблемаларымен алысып жүр. Жанталасып жарысып жүрген өзіңіз. Өмір сіздікі! Қалай ұнайды, солай сүріңіз. Бәріңізге бақытты ғұмыр тілеймін.
Бізде ақша жоқ емес, ақша жайлы білім жоқ! Сол үшін қолымызда ақша тұрмайды! Білімі бар адамды аралға апарып тастасаң да миллионер болып шығады, білімі жоқ адамға миллион ақша берсең де 1 айдан соң тақыр кедейге айналады… Келісесіз бе?”, деп жазды желідегі парақшасында.
“Айекем, жаным өте дұрыс айтасыз. Сізден алғаным қаншама, шөлдеп қалыппын. Аларым қаншама әлі сол беріп жатқан сусыныңызға шөлім қанбай жатыр. Аллахым сізге екі дүниеде бар жақсылықты нәсіп етсін. Аллаға сансыз шүкір сіздей өте білімді жанашыр, батыр қыздарымыз бар”, “Менде де болған қара дипломат. Жыным келіп əрең ұстайтынмын”, “Балалық шақты еске түсірдің-ау, Айнұр ханым. Маған да қалада оқуда жүрген апам әкеліп беріп мен де мектепте ең бірінші болып ұстағанмын 84-85 жылдары. Бірақ сол диплом ұстағаным үшін қыздар жиналысына түскенмін”, “Дұрыс айтасыз. Керемет айтылған”, –деп жазды желідегі оқырманы.