Қытай азаматы Ақорда мен ҰҚК ғимаратын НЕГЕ видеоға түсірген?
Қытай азаматы Ақорда мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимаратының үстінен квадрокоптермен түсірілім жасаған сәтінде қолға түскен.
11 маусым сағат 15.48 шамасында полиция департаментінің жедел басқару орталығына ҚР ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полицияның кезекші полкінен ҚР Президенті резиденциясының үстінде ұшу аппараты (квадрокоптер) қозғалып жүргені туралы хабарлама келіп түскен. Аталған фактілерге сәйкес, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Solo мейрамханасының жанынан 1983 жылы 13 наурызда дүниеге келген Қытай Халық Республикасының азаматы Лю Хау (Liu Hao) ұсталған.
Ары қарай, ойға алған ісін жүзеге асырып сағат 13:00-ден бастап квадрокоптермен фото, видео түсіре бастаған. Лю Хау тергеу барысында түсірілімді жеке қызығушылығы мақсатында жүргізгенін жеткізген. Алайда, квадрокуптерден алынған видеофайлдардан ҚР президенті резиденциясының және ҰҚК аппаратының орталық ғимаратының фото, видеолары алынған. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзғаны үшін ҚХР азаматын ҚР Әкімшілік кодексінің 563-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту жоспарланған.
Осы мәселеге қатысты түсінік алу үшін Nege.kz сайтының тілшісі Ішкі Істер министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласқан. Ондағылар бұл жағдайдан хабарсыз екенін және бұл мәселеге жауап бермейтіндерін жеткізді. ҰҚК-нің баспасөз қызметі бұл жағдайға тек ресми сауал арқылы ғана түсінік беретіндерін айтты. Хош делік, тілшіміз бұл мәселеге жауап беретін құзырлы органдардың барлығына ресми сауал жолдады.
Қытай азаматына Ақорданың және ҰҚК ғимаратының суреттері не себепті керек? Жеке мақсатты көздеуінің артында не тұр? Қытайда Қазақстан азаматы осындай әрекетпен ұсталса, қатаң түрде жазаланатыны анық. Ал біздің билік қандай жаза қоладанады? Жауапкершіліктен оңай құтылып кете ме?