Құлдықтағы әйелдердің құқын кім қорғайды?
Соңғы жылдары өмірін құлдықта өткізіп жатқан әйелдер туралы көп еститін болдық. Құқық қорғаушылар елімізде адам еңбегін тегін пайдалану кең тарағанын, айыптылардың жазаға тартылмайтынын жиі айтады. Жыл сайын Ішкі істер министрлігі мұндай оқиғалардың дерегін жариялап отырады. Статистика бойынша, үй шаруашылығына жұмысқа салу мақсатында адам саудасы кеңінен таралған. Оған бағынышты адамдар көбіне ауыр және қауіпті жұмыстарды атқарады.
Тегін еңбек күші ретінде пайдаланып жүргендердің арасында әйелдер де көп кездеседі. 10 жылын құлдықта өткізген әйелдердің бірі – Алматы облысының тұрғыны Қызғалдақ Байсаханова. Ол құлдыққа түскенде небәрі 23 жаста болған. Оны 2000 жылы біреулер «жақсы жұмыс тауып береміз» деп Ташкентке шақырған. Жақсы жұмыс іздеп, сыныптастарымен бірге көрші елге барады. Алғашқы күні олар Ташкент қаласындағы бір қонақүйге тоқтаған. Сол түні полиция формасын киген адамдар келіп, төлқұжат беруін талап етеді. Сөйтіп, шекарадан өту тәртібін бұздыңдар деген айып тағады. Артынан бәрін құлдыққа сатып жіберіп, Қызғалдақ плантациядан бір-ақ шығады.
10 жыл бойы Қызғалдақтың көрмеген азабы жоқ. Ұрып-соғып, сүйегін сындырған. Жылыжайда жұмыс істеген, мақта теріп, кірпіш тасып, тас сындырған. Жұмыстары өте ауыр болған. Бір нәрсені дұрыс істемесе, соққыға жығады екен. Мақта теріп жүріп, қызын туыпты. Оған да медициналық көмек болмаған. 10 жылдан кейін ғана Қызғалдақ құлдықтан қашып шығып, полицияға арызданады. Олар қызын алып қойып, балалар үйіне тапсырған. Кейіннен елшілік қызметкерлері араласып, құлдықтан босауына мүмкіндік туыпты.
Бұл – шетелде болған жағдай. Қазақстан ішінде де «құлдық» теперіш көріп жүргендер жетерлік. Солардың бірі – Қарағанды облысында алты жылға жуық құлдықта болған Раушан Сейтахметова. Ол әуелде Ұлытау ауданына қарасты қыстақтардың біріне көмекші болып барған. Ұлытаудағы шаруа қожалығының иесі Раушанға «жалақы төлеймін, ауылға көмекші керек» деп ұсыныс жасаған. Жұмыс таппай жүрген әйел бірден келісіп, көлігіне отырып, ілесіп кеткен. Зәбір көрген әйел өзіне жұмыскерлердің де зорлық-зомбылық көрсеткенін айтып, полицияға шағымданған. Ал облыстық Полиция департаменті бірнеше рет тексеру жүргізілгенін, ұрып-соғу мен зорлау фактісі анықталмағанын айтады.
Динара Қырықбаева күйеуімен не себепті ажырасқанын айтты
Қазақстандық әнші, блогер және кәсіпкер Динара Қырықбаева ажырасуы туралы …
22 жыл бойы өмірін құлдықта өткізген Мәдина Аманбаеваның өмірі туралы БАҚ беттерінде жиі жазылды. Мәдина жетімдер үйінде өскен. 16 жасында еңбек құлдығына түсіпті. Содан бері 22 жылын құлдықта өткізген. Фермада істеген еңбегіне соқыр тиын да алмаған. Тіпті, оны қожайындары ұрып-соғып, омыртқасын да сындырған. Мәдина жұмыс таңдап отырмаған, ерлер істейтін небір жұмыстарды да атқарған. Қандай ауыр жұмыстарды атқарса да, оған ақы төлемепті. Құлдықта жүріп, өмірге үш баласын әкелген. Ақмола облысының Бұланты ауданында 54 жастағы әйелді 5 ай бойы құлдықта ұстапты. Полицейлердің мәліметі бойынша, бұл жөнінде аудандық ІІБ кезекшілік бөліміне зардап шеккен әйелдің өзі хабарласқан. Оның айтуынша, Макинск қаласының 1979 жылғы тұрғыны оны бес ай бойы қорқытып, жұмысқа жеккен. Тіпті, істеген жұмысы үшін бір тиын да төлемепті. Мұндай оқиғалар тізбегін тізе берсеңіз, өте көп. Көбі еріксіз құлдық қамытын кигендер. Психологтер құлдықта жүрген адамдардың қалыпты өмірге бірден үйренісе алмайтынын айтады. Олардың көбі жалғыздықтан не қорқыныштан көз жұмады екен.
Сондай-ақ!
Шымкентте 2 жасар баласымен жоғалып кеткен әйел табылды
«Байқаусызда қағып кеттім» – әйелді мерт қылған полицей кінәсін мойындады
«Қорғау-Астана» қорының басшысы Анна Рыль бұрын құлдықта көбіне иммигранттар болса, қазір еліміздің азаматтары көбейе түскенін айтады. «Әсіресе, алыс ауыл-аймақтан келген жас жеткіншек өте көп. Өздері сенгіш, көп нәрседен бейхабар жандарға айласын асыратын жеңгетайлар жетерлік. Өкініштісі, кейбір жеңгетай өз ауылының қыз-келіншектерін жезөкшелікке салып жібереді. Ондай тәсілді өз ішімізде Oriflame дейміз. «Досыңды әкелсең, үстінен пайызыңды аласың» деген қағидасы бар емес пе?! Кейбірі бұл жолдың жақсы табыс әкелетінін түсініп, ақырындап жанындағы құрбы-құрдастарын тарта бастайды. Олар алтынын тағынып, сәнді киімге малынып, соңғы үлгідегі көлікпен ауылына барады. Мұны көрген ауылдың жас қыздары қайран қалып, оған жақындай түседі. Біріне шындықты айтса, бірін алдап түсіреді. Сөйтіп, қыздар жезөкшеліктің жетегінде кете барады. Осыған ұқсас жағдай осыдан 2 жыл бұрын Шымкентте болған. Өз ауылының қыздарын «жұмысқа тұрғызамын, ақшаны күреп табасың» деп алдап әкелген. Бірін дүкенге жұмысқа тұрғызып, артынан кафеге ауысса, жұмыссыз қалғаны еріксіз осы жолға түседі. Сондай бір кездесуін видеоға түсіріп бопсалауы тағы бар. Үй ішінің алдында абыройы төгілмес үшін көндігеді», – дейді Анна Рыль.
Белгілі заңгер Абзал Құспан жалпы әйелдердің еңбегін тегін пайдаланудың бастауында секс-құлдық тұрғанын айтады. «Жалпы, құлдықтың бұл түрі – секс-құлдық деп аталады. Секс-индустрияның ең маңызды бөлшегі ретінде қарастырады. Секс-құлдық ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бері бар. Бұрынырақ баспасөз беттерінде бұл тақырып ашық айтыла қойған жоқ. Қазір – ақпарат заманы. WhatsАpp, Іnstagram, Ғacebook бар. Әлеуметтік желіге тараса болды, ел-жұрт одан хабардар бола бастайды. Бұл жаңа пайда болған қылмыс түрі емес. Ал еңбек күшін тегін пайдаланатындар неге жазасыз қалады? Мұның артында ұйымдасқан қылмыстық топтар тұр. Олар мұндай «қылмыстың» бәрін сауатты жасайды. Бұл қылмысты жоюды кешенді түнде қолға алмасақ, оны тоқтату қиын», – дейді.
Психологтер құлдыққа түсуден ешкімнің сақтандырылмағанын айтады. Әрине, ешкім құл болам деп ойламайды. Тұрмыстық жағдайы жақсы, толыққанды отбасынан шыққан адам да «құл» болуы мүмкін. Өйткені біреуге ақы төлегеннен гөрі тегін еңбек күшін пайдаланғанды тиімді көретіндер бар. Ал Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 128- бабына сәйкес адам саудасы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Яғни, елімізде траффикингке жол жоқ.