39 ЖЫЛ БҰРЫН ӘКЕСІ, БҮГІН ҰЛЫ АЛТЫН БЕЛГІ ИЕГЕРІ АТАНДЫ
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады.
Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген.
Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер-азамат – ата-ананың отын тұтатушы болып саналады. Қазақ отбасындағы тәрбиенің ерекшелігі жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде.
Сөз жоқ үлкенді құрметтеу әдеті жауапкершілік, шынайы болу, адамгершілік сезімдерін туғызған.
Дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда абыройлы әкеге, үлгілі отағасына, қадірлі ағаларына байланысты.
Халқымыз ұл бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Әке көрген оқ жонар…» дей отырып, қазақ отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін ұлдарына үйретіп, оларды мерген, аңшы, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген.
Бала ес білгеннен бастап, оның құлағына «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсың, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді құйып отырған.
Отбасының алтын діңгегі һәм арқа сүйер тірегі әкенің орны әрбір әулет үшін ерекше. Баласының болашағы үшін қажырқайратын сарқа жұмсап, отбасының келешегін қалыптастыру жолында орасан еңбек ететін бір жан болса, ол – әке.
Осы орайда біздің әңгімеміздің арқауына айналып отырған бүгінгі қуаныш иесі, алтын белгі иегері Б.АДАМБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОРТА ТІРЕК МЕКТЕБІНІҢ ТҮЛЕГІ, ЕСМАХАНОВ ЖАҢАЛЫҚ НҰРЖАНҰЛЫ.
Есімі айтып тұрғандай Жаңалық Нұржанұлының алтын белгі алғанына ерекше тоқталуымызға да өзіндік себеп бар.
Өйткені осыдан тура 39 жыл бұрын, яғни 1982 жылы осы мектепті Жаңалықтың әкесі ауданға жанашыр азамат Нұржан Есмаханов та алтын белгіге бітірген болатын.
Ал Нұржан аға өз сөзінде: – Үлкен кісілер бала бойындағы жақсы-жаманды қасиетті байқаса, ең бірінші әке мен ата тегіне тартқан дейтін.
«Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп бірінші ер адам тәрбиесін ауызға алатын.
Иығыма әке деген жауапкершілік жүгі түскен соң барынша сол міндетті абыроймен алып жүруге тырысып келемін. Ұрпағым елгезек, еңбекқор болса деген арман қойдым.
Бастысы бойларында рух пен жігіттік намыс басым.
Менің бағыт-бағдар бергенім болмаса өзі оқыды. Енді амандығын тілеп, үлкен қадамына сәттілік тілеп, қуаныштан жүрегіміз жарылардай болып отыр – дейді жаймашуақ қалыппен.
Расында ЕСМАХАНОВ ЖАҢАЛЫҚ НҰРЖАНҰЛЫ тек озат оқушы ғана емес, спорт саласында да жеткен жетістіктері бар, алдына нық қадам қоя білген жас талап иесі.
Жетістіктеріне тоқталар болсақ: «АЛТЫН БЕЛГІ» ИЕГЕРІ. ОБЛЫСТЫҚ КАРАТЭ-ДО СПОРТ ЖАРЫСТАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АЛГЕБРА ПƏНІНЕН ОЛИМПИАДА ДА БІРІНШІ ДƏРЕЖЕЛІ ДИПЛОММЕН МАРАПАТТАЛҒАН.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ‘АҚ БОТА» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ МАРАФОНЫНДА ҮШІНШІ ОРЫНҒА ИЕ БОЛҒАН АУЫЗ ТОЛТЫРЫП АЙТАРЛЫҚТАЙ ЖЕТІСТІКТЕРІ ЖЕТЕРЛІК ЕКЕН.
Міне, бүгінгі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік ұландары» тақырыбында өтетін «Алтын белгі» төсбелгісі мен ерекше үлгідегі аттестат иегерлерін Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев құттықтап, марапаттады.
Білім – ең бағалы құндылық. Мектептегі сапалы біліммен сусындаған баланың болашағы – жарқын. Тұлғалы азаматтың бойындағы игі қасиеттер мектептегі білімнен басталатынына дау жоқ.
Осы орайда бізде, әке қуанышымен бөлісіп,уақыт жылжып жатыр. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған бүл¬діршін, бүгін міне, кәмелеттік жасқа келіп мектеп бітіріп отыр.
Нәрлі біліммен, тәлімді тәрбиемен қаруланған олар енді жаңа өмір жолын бастамақ. «Сәт сапар, жас түлек!» . Қадамың құтты болсын Жаңалық Нұржанұлы,-дегіміз келеді. (суретте: Аудан әкімі М.Сұлтанғалиев Жаңалық Нұржанұлын марапаттау сәті. Екінші суреттегі Нұржан Есмахановтың 39 жыл бұрынғы алған алтын белгісі. суреттер Н.Есмахановтікі)
Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы