Жағдайың қалай, Жаңатас?
Кеңес Одағы кезінде Мәскеудің тікелей қамқорлығында болып, қарқынды дамыған Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласының тоқсаныншы жылдары терең тоқырауды бастан өткергені белгілі. Экономикалық байланыстардың үзілуінен фосфор өнеркәсібі тұралап, жұмыссыздық белең алды. Көпшілік күнкөріс қамымен сырт аймақтарға қоныс аударып, көпқабатты тұрғынүйлер қаңырап бос қалды. Шаһарды ауызсумен, жылумен, электр энергиясымен қамтамасыз ету мұңға айналды. Міне, осындай қиындықтармен бетпе-бет келген кеншілер қаласының қазіргі ахуалы қандай? Алда не күтіп тұр? Біз бүгін осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында Сарысу ауданына жол тарттық.
Кеше
1969 жылғы 25 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысы бойынша Жаңатас ауданға бағынатын қала мәртебесін алды. Ал 1971 жылы 13 тамызда облысқа бағынатын қала санатына қосылды. Міне, осылайша кеншілер шаһары аз уақытта-ақ аяғына нық тұрып, атағы алысқа тараған қалаға айналды. Мұнда одақтас мемлекеттердің түкпір-түкпірінен жұмысшы мамандар жиналып, екпінді құрылыстың көркін қыздырды. Таулы жерде орналасқанына қарамастан, Жаңатаста әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер бірінен кейін бірі пайдалануға беріліп жатты. Халық саны да едәуір артты. 1989 жылы мұнда 57 мың адам тұрған дегенге бүгінде біреу сенеді, біреу сенбейді. Иә, тоқсаныншы жылдардағы экономикалық ауыртпалықтар Жаңатас қаласына да оңай соққан жоқ. Айлық жалақыға қол жеткізе алмаған кеншілердің теміржолды жауып, ереуіл жасағаны да осы кезең еді. Дегенмен, түйткілдің түйінін тарқату мақсатында мемлекет тарапынан тиісті шешімдер қабылданды. 1997 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Жаңатас қаласы Сарысу ауданының орталығы болып бекітілді. Химия өнеркәсібінің көшбасшысы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жаңатастағы алып комбинаттың жұмысын өз қолына алып, ауқымды инвестиция салуы ахуалдың оңалуына, әлеуметтің әлеуетінің артуына өз септігін тигізді.
Бүгін
Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы кеншілер шаһарының екінші тынысын ашқандай болды. Сапар барысында Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықовпен сұхбаттасудың сәті түсті. Атқарылған жұмыс та, алдағы мақсаттар да ауқымды екен. Бәрі де елдің игілігіне бағытталған тірліктер. Айта кету керек, бұған дейін қаншама жыл бойы қаңырап бос тұрған, апатты жағдайға жеткен көпқабатты тұрғын үйлердің барлығы сүріліп, орындары тегістелген. Ал жарамдылары қазына қаржысы есебінен қалпына келтіріліп, тұрғындардың игілігіне ұсынылып жатыр. Біз пікірлескен Сарысу ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Дәуренбек Шалбаевтың айтуынша, 2012-2020 жылдар аралығында Жаңатаста 12 көпқабатты тұрғын үй қайта қалпына келтірілген екен. – Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен қолға алынған моноқалаларды дамыту бағдарламасы сөз жоқ, Жаңатас қаласының дамуына тың серпін берді. Тарихи тамыры химия өнеркәсібімен тығыз байланысты шаһар аз уақытта адам танымастай өзгерді. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлердің қайта қалпына келтірілуі ел-жұрттың ертеңгі күнге деген сенімін нығайта түскендей, – дейді бөлім басшысы Д.Шалбаев. – Былтырдың өзінде 3 көшеге және ықшамаудандағы 2 жолға жаяу жүргіншілер жолы салынып, түнгі жарықшамдар орнатылды. Қаладағы ықшамаудандар ішіндегі барлық көпқабатты тұрғын үй аулалары жарықтандырылып, 5 үйдің сыртқы беті қапталды. Аспандияров, Мұқанов, Бейбітшілік көшелерінің жарықшамдары ауыстырылды. Саябақтар мен жасыл белдеулерге және орталық көше бойына суғару жүйелері және Қойгелді көшесінің соңына жеңіл көліктерге арналған көпір орнатылды. Қойгелді көшесінен Пушкин көшесіне дейінгі бөлікте және орталық базар аумағында жаяу жүргіншілер тротуары салынды. Қала аумағындағы 12 баспалдақ қайта қалпына келтіріліп, 18 жерге балалар ойын алаңшалары соғылды. Сол сияқты 1-ықшамаудандағы №22 үйдің алды абаттандырылып, Жібек жолы көшесінің бойына 2 автотұрақ салынды. Бұрынғы ЖБИ аумағына жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарықтандырылды. Демеушілер тарапынан 19 миллион теңгеге «Ынтымақ» аллея-сын абаттандыру жұмыстары жалғасын тапты, – дейді Жаңатас қаласының әкімі Д.Борсықов. Сонымен қатар, былтыр Жаңатаста ұзындығы 8 шақырым болатын 12 көшеге орта жөндеу, 2 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 нысан бой көтерген. Бағдарлама аясында орталық көше жолдарының бойына бордюрлер мен арық науалары орнатылыпты. Сондай-ақ шаһар аумағындағы 13 аркаға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 3-ықшамауданға балалар ойын алаңшасы, дене шынықтыру мен стрит-воркаут құрылғылары қойылған.
Ертең
«Жақсы басталған іс – жартылай біткен іс» деген сөз бар халық арасында. Жаңатас қаласында қолға алынған байыпты бастамалардың лайықты нәтижесі болатынына күмән жоқ. Көпшіліктің көкейінде жүрген мәселенің бірі көгілдір отын еді. Кеншілер шаһарына кешегі Кеңес Одағының кезінде болмаған табиғи газ Түркістан облысы арқылы келе жатыр. Қазіргі таңда қаланың шетінде құбыр тартылуда. Келесі кезекте ішкі жұмыстар атқарылатын болады. Тағы бір айта кетерлігі, жергілікті жұртшылық инвестицияның игілігін айқын сезіне бастады. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені өнім көлемін жылдан-жылға арттыруда. «Еврохим» компаниясының да алға қойған мақсаттары айқын. Бұдан бөлек, Жаңатас жел электр стансасының алғашқы қадамдары көпшіліктің көңілінен шығуда. Тұз өндірісін дамыту, сүт өнімдерін өңдеу, өндіріске қажетті жарылғыш заттар шығару бағытындағы инвестициялық жобалардың да жемісі мол болмақ. Мұның барлығы да жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сол арқылы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға септігін тигізуде. Осындай оңды істер шағын кәсіпкерліктің дамуына да әсер етпей қоймайды. Қазіргі таңда шағын шаһарда 1 192 кәсіпкерлік субъектісі белсенді жұмыс атқаруда. Алдағы жылдары бұл тізімнің көбейе түсетіні сөзсіз. Өйткені мемлекет тарапынан моноқалада орналасқан бизнес-құрылымдарына нақты қолдаулар көрсетілуде. Мысалы, былтыр нәтижелі жұмыспен қамтудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясының бірінші бағыты бойынша 2 кәсіпкер 18 миллион 280 мың теңге, екінші бағыты аясында 84 жас кәсіпкер қайтарымсыз несие алып, өз жұмыстарын бастауда. Сондай-ақ моноқалаларға арналған несиелік қаражатты «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы беру көзделіп отыр. Осы бағытта Жаңатас қаласынан бүгінгі күнге 100 миллион теңге болатын 18 жобаның тізімі жинақталып отыр. Қалада көзге шыққан сүйелдей болып тұратын бір нысан бар. Ол – «Үш алып» кешені. Кезінде кеншілердің жатақханасы болған еңселі ғимараттың бүгінгі сиқы сын көтермейді. Дегенмен, оны қалпына келтіру мәселесі жергілікті билік назарынан тыс қалған емес. Сарысу ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Дәуренбек Шалбаевтың сөзіне сүйенсек, биыл аталмыш нысанды тұрғын үй кешені ретінде қалпына келтіруге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр екен. Құрылысқа қажетті қаржы көлемі 1,5 миллиард теңге шамасында. Егер жоба облыс әкімдігі тарапынан қолдау тапса, келесі жылы бюджеттік өтінім берілмек. Сонымен қатар шаһарда жастар сарайының салынатыны туралы да құлағымыз шалып қалды. Бұл да, әрине, құптарлық дүние. Иә, құрылғанына елу жылдан енді асқан кен-шілер шаһарының келешегі зор. Оған жарқын жобалар мен айқын мақсаттар дәлел. Жаңғыру жолына түскен Жаңатастың жарқырап, жайнай беруіне біз де тілектеспіз.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ,
Жаңатас қаласы