АЙМАҚТА СУ ТАПШЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕСІ ТҮБЕГЕЙЛІ ШЕШІМІН ТАППАҚ

0 238

11 маусым күні «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында Аграрлық секторды дамыту бойынша аймақтық кеңес отырысы өтті.

Күн тәртібінде өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы суару жүйелерінің жағдайы және саладағы өзге де өзекті мәселелер қаралды.

Кеңес отырысында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қ.Аманов аймақтағы суармалы алқаптардың сумен қамтамасыз етілу барысымен және қалпына келтіру жұмыстарымен таныстырып, салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.

Жалпы облыстағы суармалы жерлердің көлемі 179,8 мың гектарды құраса, оның 101,9 мың гектар сумен қамтамасыз етілген. Қалған 77,9 мың гектар жерге 2021-2023 жылдар аралығында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Бүгінгі таңда өңірдегі 245 шақырым канал тазаланып, 17495 га суармалы алқап қалпына келтірілген.

Жиында ауыл шаруашылығындағы су тапшылығы мәселесін түбегейлі шешу мақсатында атқарылатын жұмыстар туралы да айтылды. Бұл бойынша облыста 7 жаңа су қоймасын салу жоспарлануда. Аталған су қоймалары салынған жағдайда, 2023 жылға суармалы егістік алқап 211,3 мың гектарға ұлғайып, көрші елге тәуелділік 50 % төмендемек.

Бұдан бөлек, «Қазсушар» филиалының су шаруашылығы жүйелерін қайта жаңғырту бағытындағы жұмыстары және табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының атқарған жұмыстары туралы баяндамалар тыңдалып, субсидия беру, мал шаруашылығын дамыту мәселелері көтерілді.

Кеңес отырысы соңында қатысушылар жауапты сала басшыларына сұрақтарын қойды. Өз кезегінде жауаптылар агросаланы дамыту бағытындағы ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.