Франция президентін ұрған ер адамның жазасы белгілі болды
Франция президенті Эммануэль Макронды іс-шарада шапалақпен ұрып жіберген Дамиен Тарель төрт айға бас бостандығынан айырылды.
Сот отырысы барысында прокурор Тарельдің әрекетін айыптады. Оның пікірінше, соққы беру ниеті ғана емес, қорлау мақсаты да болған.
Ол құқық бұзушы жәбірленушіні шапалақпен тартып жіберетін бала ретінде қабылдағанын, осылайша оның абыройын төмендеткенін атап өтті. Осыған байланысты Француз прокуратурасы Макронға шабуыл жасаған ер адамды ешқандай түзетусіз 18 айға бас бостандығынан айыруды талап етті.
Ал Тарель істеген ісіне өкінбейтінін айтты.
«Менің ойымша, Макрон біздің елді құлдыратады. Бұл әділетсіздікті көбісі сезінеді. Біздің демократиямызды бағалағым келмейді, бірақ менің ойымша, оны бүкіл француз қоғамы сайлаған жоқ», — деді ол.
Еске сала кетейік, Франция президенті Эммануэль Макронды Дром департаментіне сапары кезінде ер адам шапалақпен салып жіберді. Президент төмен қоршаудың артында тұрған жергілікті тұрғындар тобына жақындап, бір ер адамның қолын алып, әңгіме бастайды. Осы кезде ер адам оған бір нәрсе айттып, бетінен салып жібереді.