Ел Үкіметі араб шейхтары үшін аң аулау маусымын ашпақ

0 389

Кейінгі ширек ғасырдан бері араб шейхтары қазақ жеріне келіп, құс салып, саятшылықпен айналысады. Осы мақсатта жыл сайын ел Үкіметі оларға арнап, жеке қаулы қабылдайды. Өткен жылы пандемияға байланысты мәртебелі меймандар келе алмапты. Биылғы жылы аңшылық қайта жалғасады деп жоспарлануда, деп жазады Inbusiness.kz.

Айта кету керек, арабтар осы мақсатта «Ұлы дала елінен» өзге мемлекеттерге де сапарлайды. Мысалы, 2019 жылы Өзбекстанға саятшылық құруға Дубайдың тақ мұрагері Хамдан бин Мохаммеда әл-Мактум барған. Ханзада өзбек жеріне, табиғатына сүйсініп, жолай түсірген фотоларын Instagram-да жариялады.

Бүгін Қазақстан Үкімет «Жек дуадақтарды аулауды жүргізу туралы» қаулысының жобасын жариялады. Былтырдан бері мұндай құжатты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті әзірлейді. Сонымен, құжат бойынша биылғы жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қарашасы аралығында шетел азаматтары, нақтырақ айтқанда БАӘ мен Катар елдерінің өкілдері өз ителгілерімен Қазақстанға келіп, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстары аумағында жек дуадақтарды (дрофа-красотка) аулаумен айналыспақ. VIP-аңшыларға «Жусандала», «Оңтүстік Қазақстан», «Арыс», «Қарақтау», «Кендірлі-Қаясан» республикалық маңызы бар қорық аймақтарында және «Аңдасай» табиғи қаумалы аумақтарында 413 жек-дуадақты жайратуға мүмкіндік жасау жоспарлануда.

Араб шейхтарына биыл бөлінгелі тұрған лимит біршама ұлғайтылғаны байқалады. Салыстыру үшін айтсақ, 2020 жылы оларға – 359, ал 2019 жылы – 276 жек дуадақты жусатып салуға құқық берілген. Құжаттан белгілі болғанындай, 2021 жылғы 1 қыркүйек–15 қараша аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің шейхі Халифа Бин Заед Әл Нахаянға Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар «Арыс» және «Қарақтау» мемқорығы аймағында – 97, ал Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы «Оңтүстік Қазақстан» мемлекеттік қорығы аумағында – 99 жек дуадаққа қыран құс салуына рұқсат етілмек.

БАӘ шейхі Сурур Бин Мұхаммед Әл Нахаянға Маңғыстау облысындағы «Кендірлі-Қаясан» мемлекеттік қорығы аймағының аумағында – 52, ал әмірліктердің тағы бір шейхі Сеиф Бин Мұхаммед Әл Нахаянға дәл осы аумақта – 51 жек дуадақ аулауына жол ашылады.

Катар шейхі Джасем Бин Хамад Бин Халифа Әл Тани Жамбыл облысындағы «Аңдасай» табиғи қаумалының аумағында – 34 және Алматы және Жамбыл облыстарындағы «Жусандала» мемқорығы ішінде 80 жек дуадақ ұстауына мүмкіндік беріледі. Осы тақырып біраз жылдан бері қоғамдық сын нысанасына айналып келеді. Мысалы, әлеуметтік желіде, газеттерде: «Арабтарға қазақ жерінде тайраңдап, «Қызыл кітапқа» енгізілген әсем құсқа қырғидай тиюіне жол бергенде, жергілікті жұртқа неге аулауға тыйым салады?» деген пікірлерді ұшырастыруға болады.

Дегенмен, бірер жайтқа назар аудара кеткен жөн. Біріншіден, арабтар әр құс үшін қомақты қаржы төлейді. Нақтылай кетсек, 2021 жылы 413 дуадақты ұстауға рұқсат еткені үшін олар қазақстандық бюджетке 313 миллион 227 мың 460 теңге көлемінде ақша аударады деп белгіленген. Яғни, бір жек дуадақ шамамен 758,4 мың теңгеге (1 763 долларға) түседі. Айта кеткен жөн, олар жылда әрбір ауланған құс үшін ел бюджетіне 260 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша төлейді. 2019 жылы әр құс үшін 656 мың 500 теңге немесе 1 мың 686 доллар алым аударды. Биыл АЕК мөлшері артқаны мәлім. Екіншіден, шейхтар қорықтарымызда осы құс түрлерінің санын көбейтуге қаржы құятын көрінеді. Кейінгі жылдары араб шейхтары Қазақстандағы табиғат қорғау шараларына 26 млн доллар бағыттаған екен. Үшіншіден, араб жағы Түркістан облысының Бәйдібек ауданында жек дуадақ өсіретін орталық құруға 4,5 миллиард теңге инвестиция салыпты. Кәсіпорынның қуаты жылына шамамен 5-10 мың дуадақ өсіруге жеткілікті. Шейхтар ұқсас орталықтарды Өзбекстан мен Қырғызстанда дамытып жатыр деседі.

Бұл құс түрін ителгімен аулау – Таяу Шығыс елдері билеушілерінің ең сүйікті ермегі, ата дәстүрі. Жыртқыш аушы құстар – бәдауилер мәдениетінің ажырамас бөлшегі болды: көшпелілер өркениетінің өкілдері Сирия және Араб сахараларында азық табу үшін қыран құстардың көмегіне де жүгінді. Бұған қоса, шейхтар үшін саятшылық бір жағынан, арқа қоздыратын қызықты спорт. Екінші жағынан, ата-баба мәдениетінен сусындау, сонымен рухтанудың бір қайнары. Бұдан бөлек, ителгімен аң аулауды бай арабтар Исламда қатты қадірленетін тағат-төзім мен өзара сенімді тәрбиелеудің құралы ретінде пайдаланады.

Дегенмен, бертінде дуадақ атаулы Арабияда сиреп, оңай кездеспейтін болыпты (қазір олар бұл құс түрінің популяциясын қалпына келтірумен шұғылдануда). Сондықтан жоғары мәртебелі арабтар осы құс сақталып қалған өзге өңірлерге бет бұрды. Алдымен олар ХХ ғасырда Иран мен Ауғанстанға сапарлайтын болған. Алайда Иранда Ислам революциясы жеңіске жеткен соң, ал Ауғанстанда соғыс басталғандықтан, арабтар Пәкістанға ден қойды. Себебі, жек дуадақтар Орталық Азияда қыс түскенде сол жаққа ұшып кетеді. Бай арабтардың қаптаған делегациялары, соның ішінде Кувейт пен Катар әмірлері, Сауд Арабиясының ханзадасы, БАӘ президенті аңшылыққа Пәкістанға тұрақты аттанып тұрады. Ұзақ уақыт бойы пәкістандық шенеуніктер шейхтардың бұл ермегіне көз жұма қарап келді. Өйткені олар аңшылыққа рұқсат алу үшін ақы төлейді.

Оның үстіне жергілікті жұртшылықтың тілін табу үшін шейхтар жол, мектеп, мешіт құрылыстарына ақша бөледі. Жергілікті ақсақалдарға қымбат тартулар жасайды. Кейбір ауылдарда осындай VIP-саятшылар келіп қайтқан сайын ақсақалдар жаңа үй сатып алатыны немесе қызын тұрмысқа шығара алатыны туралы әзіл айтылады. Әйтсе де, 2014 жылы жанжал туды: жергілікті ақпарат құралдары саудиялық мәртебелі мейманның 3 апталық аңшылық кезінде 2 мың 100 жек дуадақты қырып салғаны жөнінде деректі жариялады. Қоғамның қарсылығына орай Пәкістан Жоғарғы соты сирек құстарды аулауға толық тыйым салды. Рас, ол тыйым бір жыл ғана сақталды. Республикамыз тәуелсіздік алған соң БАӘ және Катардың бірнеше шейхі қазақ еліне келуді дәстүрге айналдырды. Қазақстан өз аумағында «Қызыл кітапқа» енген әсем құсты аулауға алғаш рет 1994 жылы рұқсат берді.

Тұңғыш болып, бұл құрметке Сауд Арабиясының ханзадасы Мохамед Бин Бадер Бин Мохамед Бин Абдул Рахман әл Сауд ие болды. Кейінгі жылдары тек 4 шейх қана келіп жүр. Бірақ кей жылдары шейхтар елімізге сапарлағанымен, дуадақ ауламаған. Мысалы, 2016 жылы олар жай ғана тынығып, олжасыз кері қайтты. 2020 жылы әлемді пандемия жайлағандықтан, қыран құс салмады. Осы істі ұйымдастыруға қатысқан мамандардың бірі – қорықшы Б.Мұсалиевтің айтуынша, елімізге жеке ұшақтарымен, тұтас нөкерлерімен жететін шейхтар шамамен жүз шақты аңшы құсты да ала келеді. Ителгілер 10 күндей карантинде болады, бейімделеді. Олардың денсаулық жағдайын өз ветеринарлары қадағалайды.

Экология ведомствосы араб саятшыларына арналған Үкімет қаулысының жобасына Әділет, Білім және ғылым, Сыртқы істер, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері келісімін бергенін жеткізді. Қазақстандағы СИТЕС (Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда-саттық туралы конвенция) әкімшілік органына аталған конвенцияның рәсімдерін сақтай отырып, арабтар елімізде ителгімен саятшылық құруы үшін жыртқыш құстардың Қазақстан әкелінуі мен әкетілуін қамтамасыз ету жүктелді.

Ал Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының әкімдеріне аңшылықты ұйымдастыруға қажетті жәрдем көрсету тапсырылады.

kznews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.