Жамбылдық жасотандықтар Алматыда жеңімпаз атанды

0 308

Алматы қаласында өткен Nur Otan партиясының ауыспалы кубогіне арналған XIX республикалық пікірсайыс турнирі өз мәресіне жетті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Турнирдің мақсаты – жастардың ойлау көкжиегін дамыту, қоғаммен байланысын арттыру. Әр облыстағы жастардың басын біріктіріп, достық шекарасын нығайту.

Ұшқыр сөз бен ұтқыр ой сыналған сайысқа еліміздің барлық өңірінен 20 команда қатысты. Екі күнге жалғасқан сайыста жастар экономика, саясат және әлеумет тақырыптарын сөз етіп, өзекті мәселелердің шешу жолдарын ұсынды.

Тартысты өткен турнир нәтижесінде жамбылдық «Жамбыл» фракциясы топ жарып, І орынды жеңіп алды. Ал жүлделі ІІ орынды Ақтөбе облысының «Ақтөбе Арланс» фракциясы иеленсе, ІІІ орын Түркістан облысының «Тұран» фракциясына бұйырды. Жеңімпаз атанған командаға 400 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

Дәстүр бойынша келесі пікірталас жарысын жеңімпаз атанған өңір өткізеді. ХІІІ турнир 2015 жылы Жамбыл өңірінде өткізілген болатын. Турнирдің өңірімізде өтуіне пікірсайысшылар, қазіргі кездегі мемлекеттік қызметшілер Серікбол Берікқожа мен Ернұр Мадияров себепкер болған. Араға жеті жыл салып 2022 жылы ХХ республикалық турнир Жамбыл жеріне қайта оралмақ.

Айта кету керек, аталмыш республикалық пікірсайыс турнирі партияның Jas Otan жастар қанатының ұйымдастыруымен 2002 жылдан бастап өткізіліп келеді.

aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.