Жүзі суық болғанымен, жаны жібек еді…

0 816

Шіркін, дүние-ай десейші! Кеше ғана жайраңдап Парламенттің төрінде, елдің сөзін сұңқардай даусы саңқылдай сөйлеп отырған Шерағамыз да дүниеден өтті….

Бауыржан ағамыз бен Тұмағаңнан кейінгі Мыңбұлақтан ұшқан қырандардың бірі еді. Ұшса — сұңқар, шапса — тұлпар ағамыз ең алдымен кісілік келбетіне кір жұқтырмаған парасат иесі болды. Шерағаңның ағалығы мен азаматтығының өзі неге тұрады? Шығармашылық иелерінің баяғыдан келе жатқан «Гогольдің шекпенінен шықтық» дейтін сөзі бар. Ал бізде қолына қалам ұстап, елдің сөзін екі ауыз ойға сыйдыратын сақа журналистердің көбі «Шерхан ағамыздың шекпенінен шыққан шәкіртпіз» дейді. Ол сөз — бір кездері «Лениншіл жасты» түбегейлі түрлендіріп, «Егемен Қазақстанға» жұртты елең еткізіп, халық оқитын газет жасаған Шерағаңның журналистика саласына салған сара соқпағының өтеуіндей сөз.

Жалпы, қолымызға билік тиіп, қызметте жүргенде елдің қамын ойлап ақ сөйлейтін, жарып сөйлеп жасырмай айтатын адамдарды іздеуші едік. Бір кездері «Социалистік Қазақстан» болған аға газеттің редакторлығы босаған кезде орталық партияның идеология жөніндегі бөлім меңгерушісі едім, Орталық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков ағамызбен ақылдасып Шерағаңды «Қазақ әдебиеті» газетінен бүгінгі «Егемен Қазақстанға» апарып едік. Келе салып ата газетті ажарландырып, «Егеменді» ел оқитын сүйікті газетке айналдырып жіберді.

Жарықтықтың жүзі былайғы жұртқа суық болғанымен, жаны жібектей жұмсақ еді. Қайырымды, бауырмашыл еді. Ағамның жарқын күлкісі мен айбатты сөздері әлі көз алдымда.

Опасыз дүние деген осы болар?.. Кеше елдің қақ төрінде жайқалып жүрген Шерхан аға кейінгі кезде көп қиналды да ғой!.. Өмір ғой!.. Алдынан жарылқасын!

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.