Жұмырға жұқ болмаған 500 жылқы

0 336

Аманат деген жақсы сөз бар. «Аманатқа қиянат жоқ» дейміз. Әдетте ауылдағы ағайын малын туысына немесе бақташыға қосқанда: «Ал енді мына мал саған аманат» деп жатады. Аманат арқалаған адамның оған қиянат жасауға қақысы жоқ. Тосын апаттан жазым болмаса, яғни жылан шағып, суға түсіп, жардан құлап кетпесе болды. Қалғанының бәріне малшы жауапты. Жоғалса, қасқырға жем қылса, қараусыз қалдырса, орнына мал береді, не құнын төлейді. Бұл бұрыннан келе жатқан қағида. Қазіргі бақташылар аманатты біле ме? Әй, қайдам… Қарағанды облысында 500 бас жылқыдан тігерге тұяқ қалдырмаған екі бақташы ұсталыпты. Олар сол өңірдегі елдің бағуға аманаттап берген жылқыларын жымқырып, орнына басқа біреудің малын ұстап беріп отырған. Біреу той жасайды, біреу соғым сояды, біреу малын сатады дегендей. Ал Шет ауданының шеткері қонысынан жай тепкен әлгі жылқышылар малын сұрап келген жанға қорадан кез келген қылқұйрықты құрықтап береді екен. Малсақ біреу болмаса, қазір жылқы танитын адам бар ма? «Малың осы» десе болды, жетектейді де кетеді. «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» деген, бақташының өзі қадағаламаған соң, кейбір пысықтар тай орнына қысырақ, ат орнына құлынды бие құрықтап кетпесіне кім жауапты? «Малды біреуге бақтырып жатырмыз, жылқым өсіп-өніп, көбейіп жатыр» деп жүрген елу-алпыс ауыл тұрғыны айдың-күннің аманында қотыр тайсыз қалды. Онысы аздай, олар ай сайын әр басқа 1500 теңгеден төлеп отырыпты. Әлгі жылқышылардың 500 жылқыға бір айда қанша ақша алып отырғанын өзіңіз есептей беріңіз! Тергеушілердің айтуынша, 174 миллион теңгенің малы ұшты-күйлі жоқ. Бірақ шығынды өтеуге екеуі де қауқарсыз көрінеді. Қарағанды облысы полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушісі Қанағат Сайлауұлының айтуынша, 2007 жылдан бері мал баққан жылқышылар ай сайынғы түскен ақшаны жинамай жұмсай берген. Өз ісіне епті адам жарты миллион жылқының бағымынан түсетін ақшамен әлдеқашан байып алар еді. Бұл салғырттық па, жауапсыздық па? Ол жағын 500 қылқұйрықтан жабағы тай қалдырмаған әлгі екі жылқышыдан сұрау керек шығар. Жылқы демекші, Шымкенттің сақшылары 2019 жылдан бері біреудің 8 бас жылқысын сатып беремін деп алып, не малды қайтармай, не ақшасын тауып бермей қашып жүрген күдіктіні ұстапты. Жылқы иесі «Малым енді саған аманат» деп тапсырған шығар. Әйтпесе, бір емес, сегіз басты кім сеніп берсін?..

Жарас КЕМЕЛЖАН

jasqazaq.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.