Жастардың наурыз мерекесі

0 376

Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы ерiп, қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кiлем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жетi түрлi дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың Ұлы күнiн тойлайды. Бүкiл Шығыс халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйiм халық, мұқым ел ауызбiршiлiкте болады. Осындай салт-дәстүр – халықтың рухани өзегі, мәдениетінің діңгегі, тілінің тірегі. Мән-мағынаға, тәрбие мен танымға толы осындай мейрамда Т.Рысқұлов ауданының жастары орталық Дендро саябағында «Наурыз тойым мереке, салт-дәстүрім береке» атты мерекелік кеш өткізді. Онда барлық іс-шаралар санитарлық эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылып, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлер көрсетіліп, ұлттық тағам наурыз көже таратылды. Мереке 60-қа жуық адамды қамтыды.

Ұлттық мерекені тойлауға келген көпшілікті батырлардың сауыт-сайманын асынған  жігіттер мен ұлттық киім киген арулар қарсы алды. Аудан тұрғындары ұлттық ән мен күйді, ұлттық ойындарды тамашалады. Оның ішінде жігіттер қауымы күресіп, гір тасын көтеріп, қол күрестіріп өзара бақ сынасса, балалар асық ойнап, бозбала мен бойжеткендер алтыбақан маңында бас қосты. Жиылған халық наурыз көже мен ыстық бауырсақтан және өзге де ұлттық тағамдардан дәм татып, мәре-сәре күйде болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.