Жанға жайлы жаңа ғимарат оқушыларды қабылдауға дайын

0 213

Бүгінде Тараз қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары көп. Мемлекет қолдауының нәтижесінде балалардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндік қарастырылуда. Әсіресе, көне шаһарда білім ошақтарын салу, талай жылдан бері жөндеуді қажет етіп келген мектептерге көңіл бөлу мәселесі шешімін табуда.

Бұл ретте, үш ауысымда білім алатын және апатты жағдайдағы мектептер білім ошақтарының санын азайту міндеті облыс орталығы үшін аса өзекті. Ал мәселені шешудің жолдары кезек күттірмейді. Нәтижесінде, білім саласына қарасты нысандарда күрделі жөндеу, жаңа құрылыс қарқынды жүріп жатыр.
Тараз қаласындағы атқарылып жатқан бұл жұмыстар өз нәтижесін де беруде. Мәселен, бүгін 30 тамыз – ҚР Конституциясы күніне орай Тараз қаласында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Соның бірі – Д.Қарбышев атындағы №16 мектептің жаңа ғимараты.
Құрылысы жуырда ғана мәресіне жеткен жаңа нысанның ашылу рәсіміне арнайы қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мекеме ұжымы мен оқушыларға жаңа оқу жылында жаңа жетістіктер тіледі.
Өз сөзінде Бердібек Машбекұлы ағымдағы жылы облыста 21 мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанын, жыл соңына дейін 11-і, жаңа оқу жылына орай 7-еуі пайдалануға берілетінін жеткізді. Сондай-ақ аймақ басшысы мемлекет тарапынан білім саласына көрсетілетін қолдау жыл санап артып жатқанына тоқталды.
Қазіргі талапқа сай, кез кел­ген құрылысты жүргізетін мер­дігер компанияның конкурс не­гізінде анықталатыны белгілі. Сол сияқты Тараз қаласында да бірқатар мердігер компания өздеріне тиесілі нысандарды бөліп алып, жұмыс жүргізуде. Д.Қарбышев атындағы №16 мектептің жаңа ғимаратының құрылысын «Сұңқар-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Ал жаңа ғимараттың сыйымдылығы 348 орынға жоспарланған және заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған.
Мұнда оқушылардың қауіпсіздігіне де айрықша көңіл бөлінген. Мектеп аумағына 15 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сондай-ақ жаңа оқу жылында «Ата-ана бақылауы» пилоттық жобасы аясында ішкі істер департаментінің дабыл жүйесіне қосылған.
Сонымен қатар білім беру мекемесіне жаңа спорттық алаң, балаларға арналған жолда жүру ережелерінің бұрышы, «Шахмат тақтасы», «Мак», «Лабиринт» секілді ойлау-дамыту зоналары ашылып, мектеп ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Аталған білім ордасының директоры Жанна Оңғарбаеваның айтуынша, биыл мектеп табалдырығын 1410 оқушы аттайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.