Жаңа технология – жан рахаты

0 197

Ауыл шаруашылығы саласы алшаң басуы үшін салада атқарылар барлық іс бәсекеге қабілетті болуы керек. Әсіресе, жаңа технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы техникасын жаңалауда соңғы үлгідегі озық техникаларды лизинг арқылы сатып алудың пайдасы зор. Осыны жақсы түсінген Қордай ауданының шаруалары бүгінде мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысудың арқасында өздерінің егіс алқаптарына тиімді технологияларды енгізіп, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартып отыр. Жалпы мемлекеттік әртүрлі бағдарламалар арқасында қордайлық диқандар жыл басынан бері бас-аяғы 103 дана заманауи техникаға, оның ішінде 49 трактор мен 4 комбайн сатып алыпты. Ал былтыр агроқұрылымдар 158 ауыл шаруашылығы техникасын алса, оның 51-ін лизингке, 107-сін өз қаржысына, қалғанына «Trade-in» бағдарламасы бойынша қол жеткізіпті. Шаруалары аз шығынмен мол өнім алуға талпынып, мемлекеттік бағдарламаны ұтымды пайдалануға ұмтылып жүрген елді мекеннің бірі – Ауқатты ауылдық округі. Мәселен мұндағы «Ауқаттылық» шаруа қожалығы өз иелігінде 1 мың 100 гектар алқапта дәнді-дақыл өсіру үшін заманауи технологияларды қолданып, жақында машина-трактор паркін жаңартты. Аталған агроқұрылым «Essil» комбайнын, лизингке екі «Lovol» тракторы мен үш бірдей жаңбырлатып суғару қондырғысын алды.

Мұндай жаңашылдықтан Қарасу ауылдық округі де кенде емес. Бес мыңға жуық гектарды игеріп отырған «Қарасу» шаруа қожалығы егіншілікке көп жылдан бері кәсіп етіп келеді. Бұл шаруа қожалық та соңғы бірнеше жылда машина-трактор паркін айтарлықтай жаңартып тастады. Атап айтқанда, былтыр абұл шаруашылықтың машина-трактор паркінің қатары «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизингке алынған су жаңа «Lovol» тракторымен толықтырылды. Толықтай автоматтандырылған заманауи техника бір мезетте бірнеше істі атқарады. Механизаторлардың қолайлы ортада жұмыс істеуіне оң септігін тигізетін трактордың артықшылығы көп. Соның бірі – аталған техниканың арнайы бағдарламасына егіс алқабының электронды картасының енгізілуі.

Су жаңа техника алқаптағы жұмысты атқаруда істі өздігінен жүзеге асыруға қабілетті. Мысалы жер жырту, қопсыту, тырмалау, тегістеу, дән себу, жүйек салы, алқапты арық-атызға бөлу бағдарлама көмегімен атқарыла береді. Қуаты да, сапасы да жоғары. Ал, бағасына келер болсақ. Бұл істе мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулар мен түрлі жеңілдіктер үлкен қолдау болып отырғаны анық. Жақында лизинке үш бірдей шөп тайлағыш құрал алыныпты. Осындай игіліктердің арқасында еңбек өнімділігі анағұрлым арта түскен сыңайлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.