Жамбыл облысында алтын өндіретін кәсіпорынның құрылысы басталды

0 83

Жамбыл облысы Қордай ауданы Ноғайбай ауылында уақыт капсуласы салынып, «MONTERRA QASAQSTAN» ЖШС жаңа тау-кен металлургия комбинатының құрылысы басталды.

Салтанатты рәсімге Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Сыртқы істер министірінің орынбасары Алмас Айдаров, ермания Федеративті Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Тило Клиннер, Орталық Азиядағы Германия экономикасы өкілдігінің басшысы Ховсеп Восканян, MONTERRA GROUP AG Басқарма Төрағасы Кристиан Граф фон Штрахвитц, MONTERRA QASAQSTAN бас директоры Меруерт Данбаева қатысты. Бұдан соң қатысушы қонақтар ағаш көшеттерін отырғызды.

Шара барысында «ТМК құрылысы және КМП алтын кен орындарын игеру» жобасы таныстырылды.

— Тау-кен металлургия комбинатын салу – сабақтас салаларды дамытуға, жалпы өнімнің өсуіне және Жамбыл облысы тұрғындарының жұмыспен қамтылуына айрықша әсер береді. Компания аймақтың әлеуметтік өміріне де белсенді атсалысуда десек, соңғы екі жылда 103,5 млн. теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілген. Компания қазірдің өзінде жобаға шамамен 6 миллиард теңге инвестиция құйған, бұл ретте бюджетке салықтық түсімдер ағымдағы жылдың аяғында 1 миллиард теңгеден асады деп күтілуде, — деп атап өтті Меруерт Данбаева.

Салтанатты шарада сөз алған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жоба Жамбыл облысының экономикалық, экологиялық және әлеуметтік өсіміне ықпал ететіндігін атап өтті.

— Жоба өңірде 2800-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді десек, ол бойыша негізінен жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылмақ. Бұл Қордай ауданының ғана емес, жалпы облыстың дамуына да серпін берері сөзсіз. Сондай-ақ, жас мамандарды даярлау бағдарламасы бойынша оқыту жүргізіледі, — деді аймақ басшысы.

— Біздің компанияның жұмысы тұрақты әрі Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың сенімді көпірі болып табылады. Біздің жобамыздың сәтті жүзеге асуы Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалды тағы бір айғақтай түсері сөзсіз, — деді MONTERRA GROUP AG Басқарма Төрағасы Кристиан Граф фон Штрахвитц.


— Егер бұған дейін Қордай ауданы негізінен ауыл шаруашылығы шалқыған аймақ атанса, қазір аудан индустрияландырудың жаңа кезеңін кешуде. Тау-кен металлургия комбинаты экология мен сапаның жоғары стандарттарына сай болады. Ең маңыздысы, бұл кешен елімізде инженерлер мен металлургтердің жаңа буынының қалыптасуына ықпал етеді. Бізге жаңа құзыреттіліктерді меңгерген жастарды тәрбиелеп өсіру қажет, — деді Бейбіт Атамқұлов.

Жалпы құны 832 миллиард теңгені құрайтын жоба үш кезеңде жүзеге асырылмақ. Қуаттылығы жылына Доре қорытпасында 10 тоннаға дейін алтын өндіруге жетпек.

Айта кету керек, компания геологиялық барлау жұмыстарына белсенді инвестиция салуда. Шикізат көзі –Қаратас-Майбұлақ аумағы.

zhambylnews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.