Жамбыл ауданында жемісті жұмыстар атқарылуда

0 248

Бүгінде Жамбыл ауданында халықтың әл-ауқатын көтеру  бағытында көптеген игілікті жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, 2019 жылы желтоқсанда Сәкен Арубаев өңірге әкім болып тағайындалғалы бері ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жоғарылату, халыққа қажетті әлеуметтік нысандарды салу жұмыстарымен қатар жол жөндеуге айрықша екпін берілген. Мәселен,  былтыр аудандағы 24 ауылдың 76 шақырым жолы, яғни 96 ауылішілік жолы тақтайдай тегістеліп асфальт төселсе, аудандық мәндегі 8,6 шақырымды құрайтын 2 автомобиль жолына жабынды төселген. Бұл игіліктерге 1,1 млрд теңге қарастырылып, толықтай игерілген. Атап айтар болсақ, Өрнек-Тоғызтарау-Жаңаөткел жолы мен 12 ауылдың 28 ауылішілік жолдарына 206 млн теңге аудандық бюджеттен бөлініп, 22,9 шақырым жол орта жөндеуден өтсе, мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 12 ауылдың 61 көшесі мен 1 аудандық мәндегі жолды асфальттауға 702,9 млн теңге қаралып, 50,2 шақырым жол жаңарған. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 5 ауылдың 8 көшесіне 98,4 млн теңге бөлініп, 5,5 шақырым жол орта жөндеуден өткен. Жалпы өңірде 415 шақырымды құрайтын 517 көше бар болса, бүгінде оның 176 шақырымы асфальт, 239 шақырымына шағал төселген. Бұл жұмыстар ағымдағы жылы да қарқынын жоғалтпады. Жыл соңына дейін аудандық мәндегі 5 жолды жөндеуге 125,2 млн теңгеге аударылды. Олар: Бесағаш-Юбилейный, Құмтиын-Өрнек-Ерназар, Ерназар-Қойгелді, Құмсуат ауылына кіреберіс, Шайдана-Сеңгірбай бағытындағы жолдар. Сондай-ақ 10 ауылдың 26 ауылішілік  жолдарын жөндеуге 309,7 млн теңге бөлінген. Оның ішінде «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында 6 ауылдың 10 көшесі және аудандық бюджет есебінен 8 ауылдың 16 көшесі асфальттанған. Бұл жөнінде аудан әкімі Сәкен Арубаев: «Әкім қызметіне алғаш кіріскен күннен бастап тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдап, ауылдарда көшпелі қоғамдық кездесулер ұйымдастырдық. Есепті кездесулер мен қабылдауларда халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, соның негізінде бірқатар жұмыстар қолға алынды. Сол азаматтардың талап-тілегін саралай отырып, басым көпшілігі жол мәселесі екенін аңғардық. Кейіннен мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын, «Ауыл – ел бесігі» жобасы мен аудандық бюджетті халық алдында берген уәделердің орындалуына жұмсадық. Жаңылмасам екі жылдың қорытындысы бойынша 130-ға жуық жол асфалттанды. Бұдан бөлек осы екі жыл ішінде Ақбұлым, Жасөркен, Қызылқайнар, Бәйтерек, Шоқай, Қаратау елді мекендеріне сапалы ауыз су жүргізсек, Шайдана, Рахат, Ащыбұлақ, Тастөбе, Еңбек, Өрнек, Ерназар, Жұма, Қаракемер ауылдарына «көгілдір отын» жүйесі кіргізілді. Келер жылы аталған елдімекендер газбен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ Бесағаш пен Түрксіб ауылдарына ауыз су  жүйесін тартуға 1,4 млрд қаражат қаралып, жұмыстар басталған. Тағы бір айта кетерлігі, 2000-ға жуық жер теліміне инфрақұрылым тартылып,  үлестірілуге дайын, – дейді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.