«Жағдайы ауыр болған, жақындары көмек сұрап жалынды»: Алтын ұрлады деген күдікті тергеу изоляторында көз жұмды

0 238
Ақмола облысында алтын кенішін тонады деп айыпталған күдікті тергеу изоляторында көз жұмды.

 

Тұрсынбек Жұмағұлов 9 айға жуық оқшаулау камерасында отырған. Туыстары оны жазықсыздан-жазықсыз қамауға алды деп есептейді. Олар Тұрсынбектің жағдайының күннен-күнге нашарлап жатқанына қарамастан, тергеушілер қамауда ұстағанын, ешқандай медициналық көмек көрсетілмегенін айтады.

Ер адам небәрі 60 жаста болатын. Ол соңғы тоғыз айын тергеу абақтысында өткізді. Тұрсынбек Жұмағұлов жергілікті шахталардан алтын ұрлады деген күдікке ілінді. Туыстарының айтуынша, ол оқшаулау бөлмесінде жүрек жеткіліксіздігінен көз жұмған.

“Інім үйден өз аяғымен шыққан, оны бізге табытқа салып қайтарды. Сонда дәрігерлер қайда қараған? Не себепті ешкім оның жағдайын тексермеген?” –дейді марқұмның әпкесі Бақыт Қалкина.


 


Туыстары Жұмағұловтың соңғы уақытта денсаулығы сыр бергенін айтады. Қант диабетіне шалдыққан ол, туыстарына ешқандай дәрі берілмейтінін айтып шағымданған.

“Мен күйеуімнің қант диабетіне шалдыққанын бірнеше мәрте айтқанмын. Берген дәрілер көмектеспейді, препараттарды ауыстырыңыздаршы деп те өтінгенмін. Олар медбикелерді жіберіп, клизма жасаймыз деп айтты. Қант диабеті клизмамен емделе ме? Моргта да барлығы дөрекілік танытып, тіпті денесін бермей қоямыз деп қорқытты” – дейді марқұмның жары Жібек Жұмағұлова.

Тұрсынбек Жұмағұловтың адвокаты оның жағдайы ауыр екендігі туралы тергеушілерге бірнеше рет хабарлағанын айтады. Бірақ тергеушілердің тарапынан ешқандай реакция болмапты.

“Тұрсынбек Жанайдарұлының денсаулығы аса ауыр болған. Тіпті комаға түсіп қалуы мүмкін еді. Бұл туралы біз тергеушілерге қайта-қайта ескерттік. Оған тиісті медициналық көмек көрсетілмеген”, – дейді адвокат Сәрсен Төлентаев.

Көкшетаудағы тергеу изоляторындағылар туыстарының барлық айыптаулары жоққа шығаруда. Тергеу абақтысының қызметкерлері Жұмағұловқа барлық қажетті көмек көрсетілген деп сендірді.

“Операциядан кейінгі көмек медициналық ұсыныстарға сәйкес жүргізілді. Денсаулық жағдайы үнемі қанағаттанарлық деп бағаланды. 2021 жылы 24 мамырда кенеттен қайтыс болды. Сараптама нәтижелері бойынша  өлімнің себебі – жүрек жеткіліксіздігі болды”, – дейді Ақмола облыстық тергеу изоляторының баспасөз қызметі.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.