«VICAT» тобы Тараздағы мүгедек балаларға арналған оңалту орталығының құрылысына атсалысады

0 38

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «VICAT» тобының Президенті Ги Сидоспен онлайн форматта кездесті. «VICAT» тобы өңірдегі «Жамбыл цемент өндіру компаниясы» серіктестігіне иелік етуде. Кездесу барысында қос тарап зауыттың қазіргі жағдайы мен алдағы жоспары бойынша пікір алмасты.

Алғашқыда зауыт жылына 1,2 миллион тонна цемент өндірген. 10 жылда өндіріс көлемі 1,6 миллион тоннаға жеткен. «Jambyl Cement» атты брендке ие өнім қазірде ішкі нарықпен қатар, шетелде де сұранысқа ие. 750-ге тарта адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Қазіргі уақытта біз жаңа технологияларды пайдалана отырып, өндіріс көлемін одан әрі арттыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ зауыт жұмысында баламалы энергия көздерін қолданып, тұрмыстық қалдықтарды жоюға атсалыспақ ниетіміз бар, – дейді «VICAT» тобының президенті Ги Сидос.
Зауыт қызметкерлерінің жалақысы уақытылы төленіп, олардың алдындағы әлеуметтік міндеттемелер толығымен орындалуы керек. Осыны қадағалауды меңзеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев француз компаниясының басшысын әлеуметтік жауапкершілік аясында бірқатар шараға қатысуға шақырды.
– Өндіріс ошағын жергілікті билік барынша қолдауға әзір. Біздің өңірде ірі компаниялар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында игі шараларға белсене араласуда. Осы ретте сізді Таразда мүгедек балаларды оңалтуға арналған орталықты ашуға атсалысуға шақырамын, – деді аймақ басшысы.
Ги Сидос бұл ұсынысты қабылдап, әлеуметтік нысанның құрылысына міндетті түрде компания қатысатынын жеткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.