Түркістанда медицина сапасы артып келеді

0 65

Түркістан облысы денсаулық саласы бойынша республикалық статистикада бірінші орыннан көрінді. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсатты индикаторлары мен нәтижелері индикаторларына қол жеткізу бойынша 2020 жылғы жұмыс қорытындыланды. Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов пен  Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың  қатысуымен  2020 жылғы жұмыстың қорытындысы мен 2021 жылға арналған міндеттер бойынша ведомствоның кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Алқа отырысында Денсаулық сақтау министрі ресейлік «Спутник V» вакцинасы рекордтық мерзімде сатып алынғанын еске салды. Бүгінде ол Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілуде. Отандық тауар бекітілген кестеге сәйкес – биыл 24 ақпаннан жеткізіледі. Сонымен қатар, биыл сәуір айында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген – отандық «QazCovid-in» вакцинасын қолдану жоспарланған.

Мемлекеттік бағдарламаның индикаторларына қол жеткізу арқылы аймақтардың рейтингіндегі алдыңғы үштікті Түркістан, Жамбыл, Қарағанды облыстары бастап тұрса, ал тиісті мақсатқа жете алмаған аймақтардың арасында Шымкент қаласы, Қостанай облыстары бар. Яғни Түркістан облысы мемлекеттік тапсырманың 10 пайызын ғана орындамаған болса, ал Қостанай облысы 45 пайыз орындамай соңғы орында тұр. Осы тұста Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов алғыс айту күнінде өзінің Facebook парақшасынла медицина қызметкерлеріне өз рақметін білдірген.

— Түркістан облысының дәрігерлеріне Алғыс айтумен бастағым келіп отыр. Қазіргідей әлемді жайлаған пандемия кезінде дәрігер мен мейірбикелердің қадіріне қарапайым қараша жетті деп білем. Өйткені, «мың өліп, мың тірілген» қазаққа мына індет оңай тимеді. Елді әбігерге салып, жұртқа қайғы-қасірет арқалатқан осы дүрбелеңде өздерінің жанкешті еңбегімен коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер шын мәнінде батырлар ғой. Олардың бірқатары өзгенің өмірі үшін өз өмірін құрбан етті, — деп жазды Марат Орынбасарұлы.

Айта кету керек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей қолдауымен аймақта денсаулық сақтау саласында көптеген игі істер жүзеге асырып жатыр. Өңір тұрғындары өзге қала-облыстарға ем іздеп кетпес үшін, облыс орталығында заман талабына сай жаңа ауруханалар бой көтеруде. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталатын емдеу мекемелері халық игілігі үшін жұмыс істемек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.