Таразға тарту

0 7

Бүгінде Тараз қаласы тотыдай таранып, түрленіп келеді. Бұған соңғы уақытта шаһарда бой көтерген әсем ғимараттар мен қала тұрғындарының тынығуына, бір мезгіл сейіл құруына арналған демалыс орындарының көптеп ашылуы себеп болып отыр. Әсіресе, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Таразға тарту» жобасы аясында пайдалануға берілген нысандар қала көркіне көрік қосуда. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қолға алынған аталған жоба шеңберінде облыс орталығындағы саябақтар мен скверлер абаттандырылып, жаңғыртудан өтсе осындай нысандар мен қатар, балалар ойын алаңы және спорттық алаңшалар жаңадан салынып отыр. Жоба бюджет қаражатынан тыс, демеушілер есебінен жүзеге асқанын айта кетуіміз керек. Аталған нысандардың тиісті мерзімде аяқталуы, жұмыстардың дұрыс ұйымдастырылуы облыстық басқармалар мен департаменттер, аудандық әкімдіктердің жауапкершілігінде болатын. Бүгінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай тарту етілуі тиіс 30 нысанның 15 шақтысы ел игілігіне беріліп отыр.

Мәселен облысытқы еңбек инспекциясы мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әл-Фараби көшесі бойындағы № 25, 26, 27 көп қабатты үйлердің артында орналасқан аумақты абаттандырды. Саябаққа сәндік тастар төселіп, орындықтар орнатылып, балаларға арналған ойын алаңшасы салынған. Street workout әуесқойлары үшін де арнайы орын қарастырылған.

– Бұрын-соңды мұндай болмаған. Кезінде осы тектес аумақтан және басқа да орындардан түнде адам жүруге жүрексінетін. Қараңғылық құшағында мүлгіген жерлдер мен ондағы тал-дарақтың арасы бұзақылардың мекеніндей көрінуші еді. Енді міне, игі істің арқасында бос жатқан жерлер шетінен әжетке жарап, кеудемізді қуаныш кернеуде. Қысқа мерзімде қараусыз қалған аумақты ретке келтірген облыс басшылығы мен жауапты басқармағаларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Тараз қаласының тұрғыны, зейнеткер Райымкүл Маханова.

Облыс әкімі аталған орынды аралау барысында тұрғындар және ардагерлермен кездесіп, аз-кем әңгімелескен еді. Сол кезде онда ашылған сквер жайы да сөз болған-ды

– Бұл ескерткіш түрлі салаларда күнделікті және қажырлы еңбектерімен еліміздің гүлденуіне үлес қосып жүрген өздеріңіз секілді ардагерлердің құрметіне орнатылған. Біз еңбексүйгіштік пен жауапкершіліктің, Еңбек адамына деген құрметтің бағасын арттыру жолында жұмыс жасай беретін боламыз, – деді Бердібек Машбекұлы.

Аталған көшедегі №7 тұрғын үйдің маңайы да көгалдандырылып, жарық шамдар, орындықтар, қоқыс жөшіктері орнатылған болатын. сондай-ақ «Қарасу» каналы жағалауындағы аумақты абаттандырумен дене шынықтыру және спорт басқармасы айналысқан. Мұнда шағын жағажай салынған. Тұрғындардың өтініші бойынша емдік қасиеті бар мұндағы бұлақ көзі арнайы қоршалыпты. «Қаржыгерлер аллеясы» да қаржы, мемлекеттік сатып алу, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының қадағалауымен жасалған дүние. Мұнда көзге бірінші түсетін игі істің бірі – Ұлттық валютаға арналған үлкен ескерткіш. Сонымен қатар, автотұрақ, жаяу жүргіншілерге арналған жол салынған. Одан бөлек суару жүйелері жүргізіліп, гүлзарлар орнатылған екен. «Тараз-Арена» спорт сарайының маңында да жаяу жүргіншілер жолы салынып, тұрғындарға велосипед жолағы бар спорт қалашығы тарту етіліп отыр. Аталған аумақ энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі, құрылыс, МСҚБ басқармаларының жауапкершілігімен жүзеге асыпты. Спорттық тренажерлар, ұлттық нақыштағы кішігірім архитектуралық формалар, энергия үнемдеуші жүйедегі жарық шамдары өзара үйлесім тапқан. Мұнда аты аңызға айналған Айша-Бибіге арналып ескерткіш ашылыпты.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.