Тараздың жолдары тақтайдай тегіс болады

0 416


Таразда халық тарапынан түсетін арыз-шағымның 80 пайызы тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты. Жолдың жайы, ауыз су, жарықтандыру мәселесі – күн тәртібінен түскен емес. Облыс орталығына жаңадан тағайындалған әкім ЕржанЖылқыбаевтың да биыл ең алдымен осы мәселелерді шешу жоспарында.

Тараз қаласының аумағына қосылған елдімекендер мен жаңадан бойкөтерген тұрғын-үй алқаптарында жол жайы — өзекті мәселелердің бірі.  Бірақ, алдымен ауыз су мәселесі шешімін таппай асфальт жол төсеу тиімсіз әрі қаражатты мақсатсыз игеру болып табылады. Сондықтан, жол мәселесі бар аудандардың әзірге жолын тегістеп, шағал төселеді. Ал, ауыз су кірген елдімекендерге кезең-кезеңімен жол салынады.
Қаланың кейбір жолдары жөнделгеніне жыл өтпей жатып қайта асфальты үгітіліп жатқан жағдайлар кездеседі. Алайда, кез-келген мердігердің кепілдемесі болатындықтан, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетін болады.
Бүгінгі таңда Тараз қаласының аумағында 1388 көше жолдары бар. Оның 745-і асфальталған (53,7%), қалған 643-і шағал жолдар (46,3%) болып табылады. Сондай-ақ, жолдардың жалпы ұзындығы — 1831,3 шақырымды құрайды, оның ішінде 1092,6 асфальт (59,6%) жабынды, 738,7 шағал төсеніш төселген (40,4%).
Жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде соңғы 3 жылдың ішінде (2018, 2019, 2020 ж.ж.) шаһар ішіндегі асфальт жолдардың ұзындығы 927,4 шақырымнан 1092,6 шақырымға дейін жетті, яғни 165,2 шақырымға артты.
2021 жылы Тараз қаласы көшелерін орташа жөндеу жұмыстары бойынша 50 жоба (жол — 88,5км, тротуар — 5,9 км) қолға алынып іске асырылмақ.
Өткен жылы қала көшелеріне 160 жол белгілері орнатылса, 30 жол белгілерін орнату және ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Айша бибі көшесінің 9 бұрылысы мен Фресно көшесі қиылысына жаңа бағдаршам орнатылды.
Биыл аталған бағыттағы жұмыстар ерте, сәуірден басталды. Ағымдағы , күрделі жөндеу жұмыстары қатаң бақылауда болмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.