Тараз «қақпасыз қалаға» айнала ма?

0 466

Жалпы, бір мекемеге жаңа басшы келіп жатса, жаңалық ашуға жан салатыны байырдан белгілі нәрсе. Тараз қаласының жаңа әкімі Ержан Жыл­қы­­баев та қызметіне тағайындал­ған бойы бұқараға үндеу тастап, «Қақ­па­сыз қала» жобасы жанданатынын айт­ты. Бастама аясында мекеме­лер­дің сыр­тындағы қақпалар мен қор­шау­лар алы­нып, шаһардағы ғи­марат­тардың барлығы бірізділенеді деп жоспарлан­ған. Алайда мұндай тың тірлікке бұ­қара не дейді? Бір жылдары жанданған «Қоршаусыз қала» жобасы секілді «Қақ­пасыз қала» да шала болып қал­май ма?

 

Кәсіпорындарды қоршаусыз қалдыруға болмайды

Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты МұқашЕскендіровтың айтуынша, аталған жобаны пайдаланатын да, пайда­ланбайтын да жерлер бар екен.

– Осыдан 5 жыл бұрын депутаттық сауал көтеріп, «Қоршаусыз қала» жобасын жандандырған едік. Сонда Қайрат Рысқұл­беков атындағы саябақ, Жамбыл политех­никалық жоғары колледжі, облыстық медициналық колледжі сияқты бірқатар нысанның қоршауы алынды. Яғни, ха­лыққа ашық болуы керек мекемелердің барлығына осы жүйені қолданғанбыз. Алайда «Қоршаусыз қала» жобасын кә­сіпорындарға енгізе алмадық. Себебі өндіріс орындарында тұрғындар үшін қа­уіп­ті нәрсе көп. Әрі зауыттар стратегиялық маңызы зор нысан саналады. Осы ретте Тараз қаласының әкімі көтеріп жатқан «Қақ­пасыз қала» жобасын да жан-жақты зерделеу керек.Себебі бір қырынан кел­генде қоршаусыз тұрған мекемелер халық­тың өзіне деген сенімін арттырса, екінші жағынан қоршауы алынбауы тиіс жоғарыда кәсіпорындар аз емес. Осы жағын қала әкім­дігі жіті таразы­лайды деп сенемін.

Ал қоршауы алынып тасталуы керек нысандар туралы айтсам, ең бірінші  тізімге облыстық Статистика департаменті енуі тиіс. Дәл сондай Ш.Уәлиханов атын­дағы об­лыстық әмбебап ғылыми кітапхана­сы­ның да сырты тас қамал қоршаумен не се­беп­ті тұрғаны түсініксіз. Осы мәселелерді қала әкімінің жаңа бастамасы біржақты қылса, құба-құп, – дейді М.Ескендіров.

 

Қоршауды ең бірінші құқық қорғау органдары алуы керек

Тараз қалалық мәслихатының хатшы­сы Батырбек Құлекеев болса, ғимарат қоршауын ең бірінші құқық қорғау ор­гандары алуы қажет екенін айтады.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қоршаусыз қала» бастамасы көтеріліп, М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің, облыстық медициналық колледждің, Тараз қалалық ауруханасының қоршаулары алынғаны есімде. Сол кезде осы жұмыстардың басы-қасында жүрдім.

Негізі, «Қақпасыз қала» жобасы жұрт­шы­лық үшін керек дүние. Себебі мұнда ең бірінші нысандар халық үшін қолжетімді болады. Екіншіден көшелер кеңейіп, тұрғындардың жүріп-тұруы ыңғайлана түседі. Үшіншіден тас қамалмен қоршалған нысаннан гөрі, ауласы ашық мекемелердің кескіні сүйкімді болатыны хақ.

Алайда қоршауларды алып тастауды әлеуметтік нысан емес, облыстық Полиция департаменті, прокуратура, облыстық сот сияқты құқық қорғау мекемелерінен бастау керек. Себебі ең бірінші осы ғимараттардың есігі елге айқара ашық болуы қажет. Біздің құқығымызды қорғай­ды деп жүрген құзыр­лы органның өзі жан-жағын қоршап алып қорқып отырса, кімге сеніп, кімге үміт артамыз? Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған ашық­тық принципін ұстана отырып, ең бірінші құқық қорғау органдарының қор­шауларын алуы қажет, – дейді Б.Құле­кеев.

Қаржы бөлсе, жастар қоршауларын алуға  дайын

Ал жастарға қала әкімінің жаңа жобасы жаңаша қарқын бергендей. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Таутеннің айтуынша, олар шаһар басшысының бастамасына үн қосып, мекеме қоршауын жуырда алып таста­мақшы екен.

– Қазақ халқы қай кезде де есігін ашық, керегесін кең ұстаған. Мекеме қоршау­ларын алып, айналасын жасыл желекке көмкеріп қойса қандай тамаша болар еді?! Сол жасанды көгалдарда жастар отырып сырласып, әңгіме-думан құрса да қандай жарасымды. Дамыған шет мем­лекеттерге қарасаң бірде-бір мекемесінен қоршау көрмейсің. Оған қоса олар үйлерін де қоршамай, тек жасанды көгал төсеп тас­тайды. Соны суарып, күтімін жасап, хоббиге айналдырған.

Қазір облыстық жастар орталығы отыр­ған мекеменің сырты қоршаулы. Осыны ретке келтіру үшін нысанды толықтай күр­делі жөндеуден өткізу туралы өтінім бердік. Қолдау тапса, тек ғимаратты ғана жаңартып қоймай, айналасындағы қоршауларды да алып тастасақ деген жоспарымыз бар. Одан бөлек, гүлзарлар отырғызып, орындықтар қойып, ол аймақты Wi-fi желісімен қамтып, жастар бір мезгіл тынығатын орынға айналдырсақ деп отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, жастар мекемесі заманауи та­лапқа сай әрі өркениет көшіне лайықты болса екен дейміз, – дейді жастар орта­лығының директоры.

P.S.

Қала тұрғындары да жаңа жо­баны жатсынып жатқан жоқ. Медициналық мекемелер сияқты халыққа қызмет көр­се­тетін орындардың ауласы ашық, қолжетімді болғанын қалайды. Алайда құқық қорғау органдары «Қақпасыз қала» жобасы бастау алды екен деп қақпаларын айқара ашып таста­майтыны анық. Он жыл бұрын Тараз қаласында болған террорлық актіден кейін олар айналасын темір тормен қоршап, кейбір тұстарына сым темір жүргізіп тастады. Сондықтан қала басшысының жаңа жоба­сына олар мойынсұнады дей алмаймыз. Ал қақпасыз қалатын нысандардың тізіміне кім­дер ілінетіні әзірге белгісіз. Әйтеуір, «Қақ­пасыз қала» жобасы шала болып қалмаса болғаны…

Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы

https://aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.