Су шаруашылық нысандары қайта қалпына келтірілуде

0 20

Жамбыл облысындағы су жүйелеріне кейінгі жылдары мемлекеттік бюджеттен  қаржы бөлініп, қайта қалпына келтіру, механикалық тазалау, жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, каналдарда су шығыны 40-50 пайызға дейін өсіп, ауданның су  тұтынушыларына ағын суды жеткізіп беру жұмыстарында көптеген қиыншылықтар туындағаны белгілі. Өткен жылы шешімін тапқан бұл өзекті мәселе аясында қолға алынған шаралар, алдағы атқарылар жұмыстар туралы «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы Байзақ өндірістік бөлімшесінің басшысы Қасымбек Жүзбаев баяндап береді.

Осы мәселе бойынша облысымызда ағын су тұтынушыларына суды үнемдеп жеткізу,  су ысырабын азайту мақсатында Қазақстан  Республикасының  2017-2021  жылдарға  арналған  «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» мемлекеттік  бағдарламасын  жүзеге  асыру  аясында, 2020 жылы облыс көлемінде төрт индикаторды жүзеге асыру жұмыстары  басталған болатын. Осы индикаторлар қатарында суармалы жерлерді қайта қалпына  келтіру, жаңа су қоймаларының құрылысын жүргізу, апатты жағдайдағы су қоймаларын  қайта жаңғырту және коллекторлы дренаж жүйелерін қайта қалпына келтіру қарастырылған.

Алдымен, бірінші индикаторға сәйкес, Жамбыл облысы бойынша 88 842 гектар суармалы  жерді қайта қалпына келтіру жоспарланса, осының  ішінде, Байзақ ауданында 13 998 гектар суармалы жерді қайта қалпына келтіру мақсатында, «Еуропа қайта құру даму банкі» арқылы сметалық құны 8 млрд. 628 млн. 092 мың теңгені құрайтын 72 дана су шаруашылық нысандарына қайта қалпына келтіру жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Екінші индикатор бойынша, Байзақ және Талас аудандарының шекарасында «Талас» өзенінің төменгі арнасында «Ақмола» су қоймасы құрылысының жобасы дайындалып, қаржы қарастырылуда. Су жинау көлемі 11,107 млн. текше метр болатын қойманың сметалық құны 4,5 млрд. теңге. Су қоймасы салынған жағдайда 6,5 мың гектар жерді сумен қамтамасыз етеді.

Үшінші индикаторда көзделген шара бойынша аудандағы 29 дана су қоймаларына «Жамбыл су қоймалары» мекемесі бүгінгі таңда ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізсе, төртінші индикатор аясында, аудан аумағында болашақта қайта қалпына келтірілетін 21 ұңғыма мен 8 коллекторлық жүйеге құрылыс жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражат қарастырылуда.

Осы тұста, оқырманға түсінікті болуы үшін «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы Байзақ өндірістік бөлімшесі тарапынан өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсек. 2020 жылы су нысандарын қайта қалпына келтіру іс — шаралары бойынша аудандағы 72 каналға «Еуропа қайта құру және даму банкі» арқылы төменгі пайызбен несиеге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүруде. Бүгінгі таңда, құрылыс жұмыстарының 40-45 пайызы аяқталды. 2022 жылдың мамыр айында каналдардағы құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, 13 998 гектар суармалы жер айналымға кіреді деп жоспарлануда. Қайта жаңғырту жұмыстарында, барлық су нысандары суды реттегіш құрылғылар және суды өлшейтін бекеттермен жабдықталады. Одан бөлек, ауданда Қазақстан Республикасының 2017-2021 жылдарға арналған «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жөнделетін каналдардың тізіміне кірмеген, бірақ, тазалау, жөндеу жұмыстарын қажет ететін каналдарды қайта қалпына келтіру жөнінде мәселе көтерілген болатын. Бұл мәселе аудан әкімі Нұржан Нұржігітовтың  бастамасымен өз шешімін тапты.  2020 жылдың екінші жартысында «Еуропа қайта құру даму банкі» арқылы жөнделетін каналдардың тізіміне кірмеген «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы Байзақ өндірістік бөлімшесінің теңгеріміндегі 23 канал Байзақ ауданының теңгеріміне алынып, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан басқа, 15 каналдың құжаттары даярланып, оларды ауданның теңгеріміне алып, онда  жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында, Қазақстан Республикасы су ресурстары  комитетіне жіберілді. Бұл ретте, жақсы бастама көтеріп, аудандағы су шаруашылығына қолдау көрсеткені үшін аудан әкіміне алғысымызды білдіреміз.

Ал, енді былтыр Қырғызстан Республикасынан келетін ағын судың ауданның су тұтынушыларына жеткізіліп берілген көлемін айтатын болсақ, сұраныс арқылы алынған су көлемі 97 млн. текше метрге кем болды. Осыған сәйкес, былтырғы жылы 58 млн. текше метр су егістіктерге кем берілді. Байзақ өндірістік бөлімшесі ағын судың тапшы болғанына қарамастан ауданның 542 су тұтынушыларымен келісім-шарт жасасып, 121 048 млн. текше метр ағын сумен 15 050 гектар егісті суландырды.

Ендігі кезекте, үстіміздегі жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталсақ. Ағымдағы жылғы  суармалау кезеңіне 13 982 гектар егістікті суландыру мақсатында, «Қазгидромет» РМК-ның 2021 жылғы 1 ақпанда берген гидрологиялық болжамына сәйкес, су пайдалану жоспары жасалды. Облыстағы «Қазгидромет» РМК-ның болжамы бойынша Жамбыл облысындағы таулы өзендер алқаптарына ылғалды жинау кезеңіндегі жауын-шашын көпжылдық көрсеткіштен 30-62 пайызға аз түсіп, таулардағы қардың қоры 40-82 пайызға аз жиналған. Бұл дегеніміз – ағымдағы жыл, өткен 2020 жыл сияқты суға тапшы болмақ. Оған негіз – бүгінгі күнге облысымыздағы негізгі су қоймаларында жиналған су жобалық  көлемнің тек 12-ден 50%-ға ғана толуы. Аса алаңдататын жағдай «Талас» өзеніндегі «Киров» су қоймасына 50 пайыз ғана судың жиналуы. Судың негізгі көлемі Қырғыз тауларынан құралатынын ескерсек, Қырғызстан Республикасы тарапынан Қазақстанға  трансшекаралық «Шу» және «Талас» өзендері арқылы беріліп жатқан су көлемін қысқартуы мүмкін. Сонымен қатар, биылғы суармалау кезеңінде қайта қалпына  келтірілетін каналдардағы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары былтырғыдай тоқтатылмайды, ағын су уақытша айналма каналдармен беріледі. Сондықтан,  ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырған кезде осы аталған мәселелерді ескере отырып,  дақылдарды каналдың аяқ жақтарына емес, суды толық ала алатын каналдың бас жағына және орта тұстарына егу қажет. Сондай-ақ, суды аса көп қажет етпейтін дақылдарды, ақ егісті егуді, ауыспалы егісті міндетті түрде сақтауды енгізуді, суды үнемдейтін технологияларға көшуді және көп жылдық шөптер мен арпа — бидайларды суаруды ерте көктемнен бастауды сұранамыз. Пияз дақылдарын еккен кезде тек суды үнемдейтін технология – тамшылатып суару әдісіне көшу керек екенін ескертеміз. Тағы бір ескерте кететін жағдай, биылғы судың тапшылығына байланысты. Ағын судың көлемін анықтап, суармалау мезгіліне ағын суға сұранысты Қырғызстан Республикасына ерте көктемде   беру мақсатында, ауданның шаруа қожалықтарымен су шаруашылығы мекемесі  арасындағы ағын су үшін келісім-шарт ағымдағы жылдың 31-ші наурызына дейін ғана  жасалады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.