Шыңжаңнан қашқан үш қазақ Қазақстаннан кетуге куәлік сұрады

0 222

Қазақ-қытай шекарасын бұзып өтіп, Шыңжаңнан қашып келген үш қазақ – Қайша Ақан, Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлы Қазақстаннан азаматтық я үшінші елге кетуге мүмкіндік беретін куәлік сұрады. Көші-қон полициясының өкілі «шекарадан заңсыз өткендерге Қазақстан азаматтығын беруге заң тыйым салады» дейді.

«БАСЫМЫЗҒА ҚАУІП ТӨНІП ТҰР»

Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарға жасалып жатқан қысымнан қашып, 2018-2019 жылдары шекара бұзып, Қазақстанға келген Мұрагер Әлімұлы, Қастер Мұсаханұлы және Қайша Ақан Қазақстан ішкі істер министрлігіне өтініш тапсырып, азаматтық не «үшінші елге кетуге» рұқсат беретін куәлік сұрады.

Қазақстан былтыр қазанда Әлімұлы, Мұсаханұлы, Ақан және тағы бір Шыңжаң қазағы Бағашар Мәлікұлына уақытша бір жылға босқын мәртебесін берген.

Қайша Ақан босқын мәртебесін алғанымен ешқандай жеңілдік болмағанын, әлеуметтік жағдайының нашарлағанын айтып, «ең аяғы телефонымызды да өз атымызға тіркей алмаймыз» деп налиды. Көші-қон полициясы, заңгерлер мен адвокаттар үшеуіне «Қазақстан заңы бойынша, сотталған адамдар азаматтық ала алмайтынын» айтқан.

– Министрлік өкілдеріне тұрар жеріміз жоғын, ешқандай әлеуметтік көмек көрсетілмегенін айтып, біздің азаматтық алуымызға кедергі болып тұрған заңға өзгеріс енгізу мәселесін көтердік. Бірақ бізді қабылдаған адам ол заң бүгін-ертең өзгерте салатын заң емес екенін түсіндірді. Содан кейін еріксіз үшінші елге кетуге мүмкіндік беруді сұрадық. Өйткені қазір жеке басымызға да қауіп төніп тұр, – дейді Қайша Ақан.

Солдан оңға қарай: Ауыт Мұқибек, Мұрагер Әлімұлы, Қастер Мұсаханұлы. Оң жақ шеттегі Қайша Ақан.
Солдан оңға қарай: Ауыт Мұқибек, Мұрагер Әлімұлы, Қастер Мұсаханұлы. Оң жақ шеттегі Қайша Ақан.

Қытайдан қашып келген үш қазақтың сөзінше, оларға азаматтық алуға «Көші қон туралы» заңның 49-бабы кедергі болып тұр. Бұл бапта «заңсыз келген, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшiн өздерi шыққан елдердiң заңнамасы бойынша қудалауға ұшыраған; сотталғанға дейiн тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстаннан тыс болған» адамдарға азаматтық берілмейтіні жазылған.

Шетелдегі қазақтар мәселесін жиі сөз қозғап жүрген белсенді, өзі де Қытайдан Қазақстанға көшіп келген Ауыт Мұқибек «осы баптың салдарынан үшеуі Қазақстанда азаматтық ала алмайды, тұрақты тіркеуге тұра алмайды» дейді. Ол үш азаматтың ішкі істер министрлігінен үшінші елге кетуге мүмкіндік беретін жол жүру куәлігін сұрағанын қолдайтынын айтады.

«АЗАМАТТЫҚ БЕРІЛМЕЙТІНІН АШЫҚ АЙТТЫ»

Шыңжаңдағы қысымнан қашып келген Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлы биыл қаңтарда бір күнде Қазақстанда шабуылға ұшыраған. Ақанды Алматы қаласында үйінің сыртында соққыға жықса, Әлімұлына Нұр-Сұлтанда белгісіз екі адам пышақ сұққан. Мұрагер сол күннен бастап «қорқып қалғанын» айтады.

– Біз Қытайдың емес Қазақстанның түрмесінде жатайық деп келдік. Жаттық та. Бірақ ертеңгі күнімізге кепілдік жоқ болып тұр. Қазір Қытайда қалған бала-шағамыздан да хабар жоқ. Еріксіз бас амандығымыз үшін қауіпсіз елге кетсек деп отырмыз, – дейді ол.

Мұрагер Әлімұлы, Қастер Мұсаханұлы мен Қайша Ақанның Қазақстан билігінен азаматтық я үшінші елге қоныс аудару үшін жол құжатын беруді сұрап жазған өтініші.
Мұрагер Әлімұлы, Қастер Мұсаханұлы мен Қайша Ақанның Қазақстан билігінен азаматтық я үшінші елге қоныс аудару үшін жол құжатын беруді сұрап жазған өтініші.

Ал Қастер Мұсаханұлы Қазақстанда күнкөріс қиындап кеткеніне шағынды.

– Басты мақсатымыз Қазақстанда қалу болатын. Басында «азаматтық береміз, шулатпаңдар» деді. Онысына да көніп, үнсіз жүрдік. Бірақ жеме-жемге келгенде бізге ешқашан азаматтық берілмейтіні ашық айтылды. Ендігі жалғыз мүмкіндік – үшінші елге кету. Біз азаматтық сұрап жазған арызымызды тапсырдық. Егер [азаматтық] беріп жатса, Қазақстанға қайтып келеміз, – дейді ол.

«Қыстай жататын үй де таппадық» деген Қастер Мұсаханұлы әркімге жалданып, күн көріп жүргенін айтты. Сөзінше, таныс адамдарға жалданып жұмыс істеп, күніне 4-5 мың теңге (шамамен 9-11 доллар) табады.

– Қытайдан келген екі жыл ішінде «Қызыл жарты ай» қоғамы 100 мың теңге көмек берді. Қазақстан билігі бірде-бір рет халымызды сұрап хабарласпады. Үшеумізде қазір ешқандай таңдау жоқ. Қайсы ел қауіпсіз және бізді қабылдай алады, сонда барып тұрақтағымыз келеді, – дейді Қастер.

Ішкі істер министрлігіне қарасты көші-қон полициясы басқарма бастығының орынбасары Ғани Шымырбаев Азаттыққа үш қазақтың үшінші елге кетуге өтініш бергенін растады.

– Ол кісілер 28 сәуірге ішкі істер министрі орынбасарының қабылдауына жазылған. Әзірге соған материалдар дайындап жатырмыз. Ал заң жүзінде азаматтық алуға ешқандай мүмкіндігі жоқ, – деді Шымырбаев.

ҚАЙША, МҰРАГЕР, ҚАСТЕР ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЛАЙ ҚАШЫП КЕЛІП ЕДІ?

Қайша Ақан 2018 жылғы мамырда Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Қазақстанға «Қорғас» кеден бекеті арқылы қашып келгенін айтқан.

2019 жылы Алматы облысы Панфилов аудандық соты Қайша Ақанды «шекараны бұзғаны» үшін айыпты деп таныған. Сот оның бостандығын жарты жылға шектеп, шартты жаза берген, ал өзін Қазақстанда қалдырған. Сот процесі кезінде Қайша Ақан өзіне «лагерьге қамалу қаупі төнгеннен кейін шекарадан белгісіз адамға ақша беріп өткенін» мойындаған.

Қазақстан Қайша Ақанға да былтыр қазанда бір жылға босқын мәртебесін берген.

Қайша Ақан Қазақстан билігі өзіне бір жылға берген босқын куәлігін көрсетіп тұр. Алматы облысы, 30 қазан 2020 жыл.
Қайша Ақан Қазақстан билігі өзіне бір жылға берген босқын куәлігін көрсетіп тұр. Алматы облысы, 30 қазан 2020 жыл.

Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы 2019 жылы қазанның басында Шыңжаң өлкесі Дүрбілжің аймағынан жолға шығып, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан, Шілікті, Маңырақ ауылдарының тұсынан Қазақстанға білдіртпей өтіп кеткенін айтқан. Жолай такси жалдап, 10 қазанда Алматыға «жеткен». Олар сол жылы 14 қазанда Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, «Қытайдағы қысымнан қашып келгенін» айтып, Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрады.

Осыдан кейін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі екеуін тергеу изоляторына қамады. 2020 жылғы 21 қаңтарда ШҚО Зайсан аудандық соты Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын бір жылға бостандығынан айырып, Қазақстанда қалдырған. Сот үкім шығарарда олардың қылмысты мойындағанын, тергеуге көмектескенін, кішкентай балалары, кәрі әке-шешесі барын ескерген. Екеуі былтыр қазанда бір жылға босқын мәртебесін алған. Жазасын түрмеде өтеп шыққан қос қазақ қазір Алматыда тұрып жатыр.

2017-2019 жылдар аралығында Қазақстанға Қытайдан қашып келген алты қазақтың төртеуі босқын мәртебесін алды. Қайша Ақан, Қастер Мұсаханұлы және Мұрагер Әлімұлынан бөлек Бағашар Мәлікұлына да бір жылға босқын мәртебесі берілген. Алматы облысы Панфилов ауылында тұратын Тілек Тәбәрікұлы босқын мәртебесін ала алмай жүр. Ал тағы бір Шыңжаң қазағы – Сайрагүл Сауытбай Қазақстан оған босқын мәртебесін беруден бас тартқан соң 2019 жылғы 3 маусымда отбасымен бірге Швецияға қоныс аударды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.