Шерхан Мұртаза шығармашылығының көркемдік ерекшелігі

0 4 135

Әр халықтың өзінің  бетке ұстар тұлғалары, қабырғалы қаламгерлері болады. Олардың туындылары санаңа сәуле шашып, жаныңды нұрға бөлейді. Әсіресе,  ХХ ғасырдағы классикалық қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінен осындай шығармаларды жиі кездестіруге болады. Балалар әдебиетінің жарық жұздызы Б.Соқпақбаев, Халық жазушылары С.Мұратбеков, Ш.Мұртаза сияқты таланттылардың ғұмыры мен шығармаларының арасында нәзікте әсем, әсерлі рухани көпірі бары белгілі. Қазақ жұртының кешегі зұлымат соғыс кезіндегі қиын-қыстауды, жоқшылық, жұтшылық ауыр өмірді қалай бастан кешіргенін сәби жүрегімен сезініп, саналарының түкпіріне сақтаған балалар өсе келе сол тағдырды арқау еткен теңдессіз дүниелерді өмірге алып келді. Бұлардың ішінде шындықтың шырақшысы атанған, қазақтың Шер-ағасы – Шерхан Мұртазаның шоқтығы биік.

Оның шығармашылығының бастауы журналистикадан келді. Ресейдің мемлекеттік Мәскеу университетін «Саяси және көркем әдебиет редакторы» мамандығы бойынша аяқтап, еңбек жолын Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасынан бастады. Сол жылдары баспада Ғафу Қайырбеков, Қасым Қайсенов, Берқайыр Аманшин, Әбдікәрім Ахметов, Сәуірбек Бақбергенов, Амантай Байтанаев, Сейфолла Оспановтардың жұмыс істегені белгілі. Ш. Мұртазаның: «1955 жылы мен оқу бітіріп Қазақтың көркем әдебиет баспасында қызметке келдім. Шет жерде оқығаннан соң мұндағы әдебиет дүниесінен алыстап қалғанмын, әрі десе жазушы да емеспін» — деп жазуының өзі алғашында баспа жұмысында аз ғана уақыт жұмыс атқарса да оңайға түспегендігін көрсетеді.

Шерхан 1956 жылы күз айынан бастап «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа кіріседі. Жастар редакциясында алғашқы кезде Мәскеуден келген ТАСС хабарларын орысшадан қазақшаға аударып, аудармашы болып жүреді. «Лениншіл жас» газеті беттерінде «Ихсан ханым», «Білеміз» (корей ертегілерінен), «Москва Октябрь күндерінде», «Ғажап күзетші» т.б. аудармалары жарияланды. Шерханның алғаш журналистік қабілетқарымының ашылуына бірден-бір себепкер болған адам талғамды журналист Тельман Жанұзақов еді. Жастар басылымында жүргенде: «Үнемі аудармамен айналыссаң құрисың, кішкентай да болса, өз жазғаныңның жарық көргені жақсы» деген. Журналист Тельман Жанұзақовтың қамқорлық ақылынан кейін, одан-бұдан хабар-ошар, суреттеме, корреспонденция, мақала, очерк жазуға бейімделе бастады.

1957 жылы Шерхан «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды, Қостанай облыстары бойынша меншікті тілшісі болған күннен бастап қайнаған өмірдің қалың ортасында жүрді. Еңбекші халықтың өмірін, ұлтымыздың мұңмұқтажын ерте зерттеп, көкейге түйген ойлары мыңдардың көкейіне ұялап жатты. Жас жазушының алғашқы әңгімелері «Әңгелек», «Әмеңгер» жазылып, жарыққа шықты.

Жазушы өміріндегі ең елеулі кезең 1956-1969 жылдар аралығын қамтыса, 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы қызметін атқара жүріп, еңбек адамдарының өмірінен көптеген әлеуметтік, портрет очерктерін, өндіріс тақырыбындағы проблемалық мақалаларын жазды. Оның болашақ шығармаларының да материалын жинай жүруіне себеп болды. Нәтижесінде, «Құрылысшы Дәку» (1958) атты алғашқы очерктер жинағы, ең алғашқы «Табылған теңіз» (1964) атты повесінен кейін, іле-шала «Бұлтсыз күнгі найзағай» (1965), «Белгісіз солдаттың баласы» (1966), «Мылтықсыз майдан» (1969) шығармалары тап осы тұста жарық көрді. Бұл «журналистика – күллі шығармашылық қайраткерлікті танытатын сала, ол үшін екі элементті: өнімді, нәтижелі еңбек немесе өнімсіз, қажырсыз еңбекті айқын аңғара білу қажет, бұл екеуінің аражігі әр журналистің шығармашылығынан көрініп тұратындығын» байқатады.

Еліміздегі қоғам алдында тұрған мәселелер туралы қаламгер Ш. Мұртаза дер кезінде үн қатып, ой айтып, тұжырым жасады. «Миллиард толқынында», «Ақық дария алқабында», «Тебіренген теңіз» тағы басқа очерктері мен «Дән тасқыны», «Поездар заулайды» тәрізді мақалаларында тың өлкесінің абыройлы еңбеккерлерін көрсетті. Өндіріс тақырыбындағы публицистикалық шығармаларымен ерекше көзге түсе білді. Шерханның алғашқы кезеңдердегі публицист ретіндегі негізгі мақсаты – белгілі бір тақырыпты таңдап алу, соған байланысты өмір құбылыстарын мейлінше терең зерттеп, өз көзқарасымен айқын да салмақты қорытынды жасау болды. Бұл Шерханның ең басты қасиеті – дүние құбылысынан жазуға керектісін, яғни тақырыбын сараптап алу, оның табиғатын, сипатын білімділікпен зерттеу екендігін аңғартады. Қаламгердің бұл екеуінен соң, табиғат берген қабілет-қарымымен шебер жазылған көптеген материалдары кейіннен көркем шығармаға айналды.

Ал, 1970-1989 жылдар кезеңіндегі Ш. Мұртаза шығармаларына тән ерекшелік – тақырып ауқымдылығының кеңдігі. Кәнігі журналистік пайыммен өмірдің әр саласынан, мәдениетінен, өнерінен, ғылымынан, білімінен, экономикасынан мақалалар, очерктер жазып отырды. Айталық, «Өскелең мәдениет жаршысы», «Жасампаздық жолымен», «Абай сәулесі», «Алтын күрек», «Таушымылдық», «Отан даңқын асырайық», «Адал еңбек», «Не жетпейді?», «Жат жұрттан іздемейік пайғамбарды»тағы басқа публицистикалық туындылары жарық көрді. Шерхан мақалаларында көбінесе адамгершілік, парасаттылық, тәрбие, өнер мәселелері жиі жазылды. Публицистің «Жат жұрттан іздемейік пайғамбарды» атты проблемалық мақаласы ең өткір, ойлы, жұртты толғандырар қиянат мәселелердің бәрін жаны ауыра, аши отырып тұжырымдайды.

Әдебиеттің қоғам өміріндегі, адам тәрбиесіндегі роліне шәк келтірмеген, сондықтан да жаңа идеяларды жандандыруға, қоғамға, ұлтқа қызмет етуге, бүгінгі күн биігінен қарасақ, идеологиялық догматғақлиялардан азат жаңа әдебиет жасауға бар жан-тәнімен кіріскен және өз идеялары үшін күрескен буынның көш басында, сөз жоқ, Шерхан Мұртаза тұрды. Ол өзінің туған халқына асқақ сүйіспеншілік сезіммен қарап, оның өміріне, әдет-ғұрпына, мәдениетіне зер салды. Әсіресе, Ш. Мұртазаның «Мылтықсыз майдан», «41-ші жылғы келіншек», «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Ақсай мен Көксай», «Интернат наны», «Шекшек шырылдайды», «Дәрігердің үш қаруы» секілді шығармаларында да сан алуан қоғамдық құбылыстар, тарихи уақиғалар мен мол өмір шындығы жатыр. Алайда «Ай мен Айшаның» алатын орны ерекше.

«Ай мен Айша» Ш. Мұртазаның ең бір ішкі сыры молынан ақтарылған шығармасы, оның қиялының сүйікті перзенті, Шерханның тұлғасы «Ай мен Айшада» көрінгендей, қаламгер тұлғасы мейлінше толық, жарқын және анық көрінетін туындылар өте сирек кездеседі. Мұнда оның бар өмірі, барлық жансыры, барлық махаббаты, сезімдері, ұғым-түсініктері, идеалдары да айқын көрініс тапқан. Мұнда Ш. Мұртаза өз тұлғасын ең толық тұжырымды, келісті мінездейтін тұсын түгелдей алған, сонымен қазақ оқырмандарының қаламгер Ш. Мұртазаның психологиялық портретін айқын елестетуіне мүмкіндік туғызған. Оның прозасының аса бағалы қасиеті, артықшылығы – онда ешқандай жасандылықтың ізі жоқ. Қысылмай қымтырылмай, шабыттың қуатымен тебіреніп еркін сөйлеу, жан-тәнімен сезінген, жүрек жарды ойтолғамын ортаға салу, боямалап, әшекейлемей, ақтарыла адал айтатыны – міне, Шерхан шығармашылығының адамды баурап алатын ерекше тартымдылығы алдымен осы қасиеттерінде.

Жазушының балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келіп, өмір ерте есейтеді. Бұғанасы қатпастан еңбекке араласып, ересектермен бірге жұмыс істеді. Өмір жайлы көзқарастары, таным-түйсігі әлдеқайда тым ерте қалыптасып, жаман мен жақсының не екенін тым ерте айыра білді. Нәтижесінде кейіннен Шерхан «Бұлтсыз күнгі найзағай» (1965), «Белгісіз солдаттың баласы» (1966), «Мылтықсыз майдан» (1969), «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974), «Ақсай мен Көксай» повестері мен «Сол бір күз», «Шекшек шырылдайды», «Бойтұмар», «Бір нәзік сәуле» атты әңгімелеріндегі кішкентай кейіпкерлер арқылы өз тағдырын, балалық шағын көрсетті. Аталмыш шығармаларда қаламгер өзінің балалық шағында көрген, көкейге түйген, басынан кешкен оқиғалар арқылы қаһарлы кезеңнің қатал шындығын берді, ауыл адамдарының мінезін даралады. Шерхан Мұртаза 1941-1945 жылдардағы қазақ ауылының «қара қағаздан» шошынған зәрезап халі, кеуделерін апатқа тосқан боздақтарынан айрылған атааналардың зары мен бұла шағын болашақтың бодауына берген жесірлердің жоқтауы, бәрі-бәрі төбе құйқаңды шымырлатар ащы шындықпен жеріне жеткізіле суреттеледі. Солардың ішіндегі соғыс жылының балалары – әкелерін көрмей өсіп келе жатқан жетімектердің өксікке толы өмірлері де өзінше бір әлем.

«Жазушы дегеніміз – жан ауруы. Жазушы өзінің жанын ауыртар жайттарды жақсы білетін, зердесінен, жанжүрегінен өткізген жайттарды жазатын шығар» дейтін болсақ, Ш.Мұртазаның оқырмандарын эстетикалық ләззатқа бөлеген әңгімелерінде осы жан ауруы, ой мазасыздығы анық сезіледі. Сәбилік санада сақталған бұрынғы бастан кешіргендерін жетік білетіндігі, түйсігінде жақсы түйе білуі сол ортаның хал-ахуалын суреттей отырып, ұзақ жылдардан кейін заман, адам, уақыт туралы ой айтуға жетелеген. Әңгімелерінде пәлсапаға беріліп, ақыл айтатын кейіпкерлерді кездестірмейміз, дей тұрғанмен «Ақсай-Көксай», «Сол бір күз», «Сүдігерде изен ызыңдайды», «Айырбас», «Бойтұмар», «Тұйық шарбақ», «Жарамазан», «Келіншектау сағымдары», «Бұршақ», «Соғыстың соңғы жесірі», «Алапар мен Динго», «Жүрекке әжім түспейді», «Сусамыр» т.б. әңгімелеріндегі кейіпкерлер болмысында рухани танымымызды байытар тағылымды ойларды көп кездестіреміз. Жазушының әңгімелерінің көркемдік көкжиегі кең екендігін ерекше атап өтуге тиістіміз. «Тәуекел той», «Келіншектау сағымдары», «Соғыстың соңғы жесірі», «Алтын тікен», «Соңғы нәсіп» әңгімелерінде бүгінгі орта, әлеуметтік адамгершілік қарым-қатынастар басты орын алса; бүгінгіні тек қаз-қалпында суреттеумен шектелмей, бүгінгіні кешегімен, кешегі уақытты – тарихпен себеп-салдарлы тығыз байланыстыра беруге ден қою да бар. «Бойтұмар», «Интернат наны», «Қасқырдың тарамысы», «Айырбас», «Бір нәзік сәуле», «Ақсай мен Көксай» әңгімелері оқиғалық, кейіпкерлердің қалыптасу, дамуы жағынан бір-бірімен тығыз байланысты дүниелер. Бұл әңгімелерге автордың басынан өткен кейбір өмірбаяндық жайлар да негіз болған. Оның кейде жекелік те сипаттары сақтала отырып, өзгеше идеялық-эмоциялық қуат алады да, әңгімелерде сонау соғыс жылдарындағы тыл өмірінің шынайы суреті жасалады. Соғыстың ауылдағы анық ауыртпалығы, уақыт шындығы, адамдардың күрделі де сан тарау тағдырлары кейде автордың үшінші жақтан баяндауымен, ал кейде бала Барсханның өз атынан әңгімелеуімен ауыстырылып келіп отырады.

Мәселен, жоқшылықтың кесірінен қырманнан қамыт ұрлап, оны кезбе сығанға беріп бәтіңке алған Ноянның кейін зар илеп, өз ойын өз ары жазғыра опынғаны, өртеңге өскен гүлдей бой түзеп келе жатқан қос өркен Нұрперзент пен Айзаданың балауса пәк сезімдері табиғат емес тағдыр үсігіне ұрынып, содан мәңгілікке солғаны («Мылтықсыз майдан»), тоя тамақ ішпей, бір тілім қара нанды қастерлеген Сәттіғұл, Тасболат сияқты интернат балалары — («Интернат наны»), міне, жазушы шебер бейнелеген, оқушы зердесінде қалатын кейіпкерлер. Солардың арасында жазушы Шерхан Мұртазаның да балалық шағы жүр. Балалық және жасөспірім шақтағы әсерлер Шерхан үшін айрықша қымбат, өйткені ол өзінің бүкіл шығармашылығында өмір бойы осыларды сарқылмас бұлақ етеді. Демек, қаламгер Шерхан Мұртаза Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ ауылының қабырғасын қайыстырған жоғарыдағы шындықтарды сол бала кезінде көрмесе, ондағы өмір көріністерін бала жүрегіне түйіп өспесе, жазбас еді. Сондықтан да, Шерханның өзі: «Өмір заңы: бала – бала болуы керек. Балаға тән аз дәуренді басынан кешіру керек. Егер балалық дәуренің шала болса, сол жетіспей қалған сыбағаңды кейін есейгенде аңсап тұрасың… Сорымызға қарай, балалық шағымыз соғыс жылдарына тап болды», — деп жазады. Бұл шығармаларындағы тыл балаларының кермек өмірбаяны өзінің де өмірбаяны екендігін, әрбір оқиғалар өзінің көзімен көрген, басынан өткізген жағдаяттар екендігін аңғартады. Сондай-ақ, «…Жазғанымның бәрін алтын дей алмаймын. Бірақ солардың көбі және дәмділері тек балалық шақтың әсерінен туған», — деуінің өзі, «суреткердің өнері өмірімен, яки өз басынан кешкен ғұмыр тіршілігімен тығыз байланысты. Ол өмірде нені жете танытатындығын» дәлелдей түседі.

Әңгіме – адам өмірінің белгілі бір эпизоды туралы, не белгілі бір оқиға турасында көркем тілмен баяндайтын прозалық шығарма. Демек, «әңгіме – шағын көлемді эпикалық түрдің айрықша үлесі». Шерханның «Ақсай мен Көксай», «Интернат наны», «Ұзақ командировка», «Шекшек шырылдайды», «Көкмарал гүлдегенде» атты әңгімелері қарапайым адамдардың өмірін әр қырынан көрсетуге арналды. Мәселен, ең көлемді, сюжетті әңгімесі «Ақсай мен Көксайда» қаламгер қарымының көп қырларынан көрініс береді, сонда байқағанымыз, Шерхан әсіресе, сөзді ұтымды, шабер қолданады. Ол сөзге неғұрлым сараң тартып, қарапайымдылыққа бой ұрған сайын көркемдік көгіне көтеріле түседі. Қызық – қызық тағдыр, қилы-қилы мінезге бай әңгімесі жазушы туындыларының ішіндегі леулі еңбектерінің бірі болып табылады. Автордың таңдап алған фабуласы яғни бір ғана өмір үзігін бейнелеу арқылы, тартыс – қақтығысты бейнеленумен кейіпкерлердің мінез-тұлғасы толық, айқын көрініс тауып,негізгі идея түйінделуі тиіс. Жанр көлемі шағын болғанымен қойылар талап – тілегі үлкен таланттылықты талап ететін көркем әңгіме жазуда қаламгер Ш.Мұртаза өндіре еңбектенді. Жазушының әр жылдары жарыққа шыққан әңгімелерінің тақырыптары да сан-алуан. Табиғаты тамаша болғаны мен қытымыр қысы, аптапты жазы бар Жуалы өңірінің әсемдігі мен тылсым дүниесін сол жерде мекен еткен адамдар тағдыры мен астастыра бейнелеген жазушы әңгімелерінің идеясы да тартымды болып келеді. Тарихта терең із қалдырып,жазықсыз жандардың қанына малынған кешегі Ұлы Отан соғысы тұсындағы қазақ халқаның басындағы шырғалаң қалы Ш.Мұртаза әңгімелерінің арқауы. Соғыс жылдарындағы ауыл өмірінің қилы бейнесі сомдалған «Сол бір күз», «Ақсай мен Көксай», «Бойтұмар», «Айырбас», «Жүз жылдық жара», «Интернат наны», «Қасқырдың тарамысы» әңгімелері оқиғаны басынан кешірген басты кейіпкер атынан баяндалады. Ер- азаматы соғысқа аттанған, қоғам мен өндірістің ауыр салмағы заты нәзік әйелдер мен қарттарға, жас балаларға артылған кешегі қиын күндердің тағдыр тай-таласы бұл әңгімелердің негізгі арқауы десе де болғандай. Пәк, адал, қиялы ұшқыр, арманы асқар, дұшпанына қайсар, намысқа жігерлі, айбарлы, жас баланың өмірде көргені оның ерте есейіп, тез ес жиып азамат болып қалыптасуына айтарлықтай әсер етеді.

«Сол бір күз» әңгімесіндегі Ноянның құрқылтайдың қысқа қамданғанын көріп мұңлы ойға берілуі, қысты күні сабаққа киер аяқ киімінің жоқтығы есіне түсіп, соғыстағы ағасынан бір бәтіңке сұрап жазған хаты есіне түсіп қалтасына қол салғандағы жайын баяндап кележатқан жазушы оқиғаның шарықтау шегін «Кенет, керемет! Ноянның көктен іздегені жерден табыла жаздады» — деп, оқырманын ерекше елітіп, оқиға желісінің ары қарай дамуындағы кезеңге меңзейді. Көшпенді цыган таборының аты – аталып, түсі- түстелмегенімен фабуладағы жас баланы алдап, дүйім елдің обалына қалған озбырлық осы ұлт өкілдерінің ғана қолынан келер іс екенін автор астарлап жеткізеді. Ноянның алғаш арбадағы адамдарды көруі, өрімдей қыздың бұрын – соңды бұл көрмеген аспапта күй тартуы, оның ерекше әсем сиқырлы үні барлығы алдағы болар оқиғаның барысын аңғартады. Суреткер бала Ноянның есіне апасы айтқан «ақыр заман боларда жердің жүзінен сиқырлы ән жүріп өтеді. Оған ілескендер қайтып жер бетіне оралмақ емес. Ол сиқырдан ешкім аман қалмайды екен»деген әпсананы салуы әңгіменің сюжетін қызықты етіп, идеясын аша түскен.

«Ақсай мен Көксай», «Бойтұмар» әңгімелеріндегі Арзы ана мен Аталық қарттармен көптің қамы үшін еңбек қылып, азапты мол тартқан бала бейнесі мен мезгілінен ерте есейіп, санасы саралана бастаған, елгезек ұлды көреміз. Екі әңгімедегі бала кейіпкер шағын ауылдан алысқа ұзап шықпаса да қиын сәттерде үлкен адамдарша батылдыққа барып, ширақ қимылдап, сәтті шешімдер қабылдайды. Алдыңғы әңгімелердегі сияқты «Ақсай мен Көксай», «Бойтұмар» шығармаларында да жазушы әпсаналарды әдемі үйлестіреді. «Ақсай мен Көксайда» қырғыз қызы Чолпан айтқан «Қарағұл ботам» әңгіменің көркемдігі мен сюжетіне әр берсе, «Бойтұмардағы » Аталық қарттың сарысуыр туралы айтқаны шығарманың астарлы идеясын ажарландырған. Ел арасына тараған аңыздың түпкі ақиқатынан шыққан Байшынар туралы жазылған «Жүз жылдық жара» әңгімесіндегі табиғат пен адам арасындағы қарым – қатынас пәлсафасы жазушының тың әдіс және дара концепция айтумен ерекшеленеді. Адам тағдырындай сомдалған Байшынардың басынан кешірген қиянатын баяндауда жазушы әңгіме экспозициясын өмірде түйген ойынан бастайды.

«Кесапаттан аман болса, адамдар көп жасар еді. Бірақ күнді түн аңдап тұрғаны сияқты адамды да анадан туар-тумастан қырсық аңдиды да тұрады. Бұл ретте адам теңіз тасбақасымен тағдырлас. Теңіз тасбақасы суда өмір сүрсе де, жұмыртқасын құмға құрады. Обалы не керек, теңіз тасбақасы көп жұмыртқалайды. Бірі болмаса бірі аман қалар деген үміт пе, әйтеуір, бір маусымда 30-40 тұқым табатыны рас. Ал сол отыз- қырықтың бәрі балаласа, теңіз тұрмақ, жер бетіне тасбақа симай кетер еді. Қайдан болсын…» [40,84] көп нүкте қойып аяқталған алғашқы азат жол оқиғаның түпкі шегі қайда жатқанын анық байқатады. Тасбақа, адам және шынар талдардың табиғаты туралы толғаныспен басталған әңгіме сюжеті Мыңбұлақтың Шоқыбас сайындағы Байшынар жағдайына ауысады.

Әңгіменің басты идеясы жазушының өзі айтқан «Адам азғындауынан адамдар ғана емес, табиғат та зардап шегеді деген философиялық толғамымен үндеседі. Жас өспірім баланың психологиялық және физиологиялық табиғи болмысын тереңнен таныған жазушы соғыс зардабын тартқан оқушылар өмірінің де шын білгірі. Ауыл балаларының қаладағы мектеп интернаттағы өмірінен сомдалған «Интернат наны», «Қасқырдың тарамысы» жоғарыдағы ойымызға нақты дәлел. Соғыстан кейінгі жылдардағы мектеп оқушылары Әлтай, Хасболат, Сәттіғұл, Нарбота, Тәліп, Аманжол т.б. қарапайым тағдырларынан әлеуметтік, кезеңдік жайларды, уақыт бедерін көркем бейнелеп, толғамды ой түйіндетеді. Бұған қаламгердің жадылық санасының зейінділігі, әңгіме жанрының талаптарын қатаң ескеретіндігі мол септігін тигізгені даусыз.

Бұл күнде қазақ прозасының шағын жанры — әңгіменің көркемдік көкжиегін кеңейтуге Ш. Мұртазаның қосқан үлесі мол деп білеміз. Халық жазушысының қаламынан туған әңгімелер оның шығармашылық жолындағы үлкен шыңдалу мектебі екені сөзсіз.

Шер-аға шығармашылығын тұтас алып қарап, оның шыншылдық қасиеті, идеялық құндылығы неде дегенде, жеке шығармаларға тән сипат-белгілерді емес, барлық шығармаларына ортақ ең басты өзгешелікке назар аударған жөн. Бұл орайда қаламгер шығармашылығының қоғам өмірімен, халықтың, ұлттың ой-санасымен тығыз байланысы, тамырластығы және оның өмір құбылыстарын биік адамгершілік идеялары тұрғысынан шебер бейнелеуге негізделген зор танымдық, көркемдік, тәрбиелік мәні алдымен айтылуға тиіс. Сұңғыла суреткер бүкіл бір тарихи дәуірдің тынысын айқын аңғартып, аса маңызды әлеуметтік мәселелерді терең толғады. Осы кең мағынасында Ш.Мұртазаның барлық шығармасынан заман шындығын, сан алуан өмір құбылыстарының бейнесін айқын көре аламыз.

Айжан Шахабаева,

Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.