Шерағаңның шекпенінен шыққандардың бірімін

0 7

Шерхан Мұртаза өз халқымен бірге жасап, қатар тұрып қалыптасқан қайсар тұлға. Оның елге бергені, айтқаны, көрсеткен үлгісі, сілтеген жолы ұшан-теңіз. Өзінің Бауыржан ағасына ұқсаған түрімен, мінезімен, жеңімпаз, жасампаз рухты қалыптастырған қайраткер. Шерхан күллі қазақ журналистикасының басын аяғына, аяғын басына келтіріп қайта құрған талантты, күрескер тұлға. Қазақ журналистикасы Шерханның шекпенінен шықты десек мүлде артық айтқандық емес.

Шерағаң жас әдебиетшілерге үлкен әсер етті. Әсіресе Әбіш Кекілбаев, Жүсіп Қыдыров, Мұхтар Шаханов, Рымғали Нұрғали, Ақселеу Сейдімбек, Оралхан Бөкей — бәрі-бәрі Шерағаңның алдын көріп, ақылын тыңдап, ағалық кеңесімен өсіп жетіліп, үлкен сапарға аттанған қаламгерлер. Шерхан Мұртазаның 60-шы жылдардағы жастарға ықпалы өте күшті болды. 60-шы жылдары әдебиетке келген қаламгерлер Шерағаңның тікелей әсерімен қалыптасты. Өзі де солармен қанаттасып жүріп өсіп, жетілді.

Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің, «Жалын» журналының редакторы, «Қазақстан» телерадио компаниясының төрағасы сияқты аса жауапты қызметтер атқара жүріп, қоғам үшін аса қызықты тақырыптарға барудан тайынбады. Бұл орайда «Сталинге хат», «Бесеудің хаты» кезінде ашық күнде найзағай ойнағандай әсер етті. Мен Шерханмен ұзақ жылдар қызметтес болған адаммын. Журналист болып қалыптасуыма тікелей әсер етті. Мен де Шерағаңның шекпенінен шыққандардың бірімін. Оның дүниеден өткенін естіп, қатты күйзеліп отырмын. Өзіме бағдар тұтқан жанның жарығы таусылуы маған да мезгілсіз ай тұтылғанмен барабар әсер етті. Арамыздан өзі кеткенмен оның аты мәңгі өшпейтіні ғана құлазыған кеудеме жалғыз демеу.

Әнес САРАЙ

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.