САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

0 376

2013 жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, 21 мамырда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні мерекеленеді. Оны Қазақстанның барша өнер, мәдениет қызметкерлері атап өтеді. Осы күні мәдениет және өнер саласының қызметкерлеріне жылы лебіздер мен алғыстар айтылады. Себебі, рухани байлықты дамытуда және мәдени дәстүрлердің дамуы мен сақталуы ісіне қосқан мәдениет саласы қызметкерлерінің үлесі орасан зор.

Мәдениет саласының қызметкерлері айналасын думанға бөлей білетін сан қырлы талант иесі және жандүниесі бай, нағыз өз ісінің майталманы ретінде өнерге берілген өнерлі жандар екені белгілі.

Кеше, мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерейлі мерекесі аудан көлеміндегі мәдениет саласының қызметкерлері үшін ерекше күн болды. Санитарлық талаптарды сақтай отырып, аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде өткізілген шарада аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов барша сала қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтады.

— Баршаңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Жалпы, қай ұлттың болмасын ұлттық болмысын білдіретін ол — тілі, мәдениеті мен өнері. Елді елден, жұртты жұрттан айыратын мәдениет пен өнер. Аудан аумағында мәдениет саласында бүгінде 160-тан аса адам қызмет етуде. Өткен жылы ауданда үш мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл Тегістік ауылында, келер жылы Кеңес ауылында, кейіннен Ақшолақ пен Байзақ елді мекендеріне клуб салу жоспарда бар. Аудан көлемінде өтіп жатқан ізгілікті, игілікті іс – шара Сіздердің талмай еңбек етулеріңіздің арқасы. Сондықтан, аудан мәдениетінің өркендеп қанат жая беруіне тілектестігімді білдіремін, — деді Дәуір Рысбайұлы.

Бұдан соң сахна төріне ретімен көтерілген облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Азамат Байжанов, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықов, ауданның Құрметті азаматы, ақын – сазгер Қасқырбай Нарбатыр өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. Бұл күн — қалам сертін қалтқысыз атқарып жүрген ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатуда көмегін аямайтын кітапханашының, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нәрін сыйлайтын театр және опера әртісінің, мәдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегі еленетін кəсіби мереке екеніне маңыз берді.

Салтанатты шара марапаттау рәсіміне ұласып, онда бір топ сала қызметкерлеріне аудан әкімінің Грамотасы мен Алғыс хаттары, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаты, облыстық халық шығармашылығы орталығының Алғыс хаты және аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хаттары, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табысталды.

Құлақ құрышын қандырар әуелеген әсем әндерді Жоламан Жиенбаев «Дүр қамшы», Алмахан Исабаев «Бәрі өтпелі», Рахат Ержанов «Құштармын», Дулат Жасұзақ «Теріскей», «Жігіттер» төрттігі «Ақ бантикті» орындап, мәдениет қызметкерлерінің көңілдері бір марқайып қалды. Тағылымды кеште ұлтымыздың бет — бейнесі, рухани болмысы, ақыл — ойы мен парасаты – мәдениет пен өнер екенінің тағы бір куәсі болдық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.