Р.Дәулет директорларға санитарлық талаптарды қатаң сақтауды тапсырды

0 385

Қордай ауданының әкімі Р.Дәулет 4 күн қатарынан аудандағы барлық білім беру мекемелерінің жұмысымен танысып шықты. Аудан басшысының жұмыс сапарының басты мақсаты — қашықтықтан оқытуға білім нысандарының дайындығын бақылау және шалғай ауылдарда дәстүрлі түрде оқитын мектептердің санитарлық нормаларды сақтауы, дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілуін қадағалау.
Пандемияға байланысты жаңа оқу жылында оқу процесі оқушылар үшін қашықтықтан оқыту технологиясы арқылы және шалғай орналасқан ауылдарда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады. Атап айтсақ, 34 мектепте 30178 оқушы қашықтықтан оқыту технологиясы арқылы оқыса, шалғай ауылдарда орналасқан және шағын жинақталған 14 мектептерде 2102 оқушы дәстүрлі түрде оқиды деп жоспарлануда.
Мектептердің 2020-2021 жылға оқу жылына дайындық барысын жекелей тексеріп шыққан аудан әкімі білім беру ұйымдарындағы ішкі ақпараттық-көрнекі жұмыстары мен сыртқы көгалдандыру-абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлді. Атап айтсақ, Степной ауылындағы №24, Жамбыл ауылындағы №26, Бетқайнар ауылындағы №27 орта мектептер мен Арал ауылындағы №25 негізгі мектептің ішкі көрнекілік ақпараттары ескірген, тіпті грамматикалдық қателер де көптеп кездеседі. Сонымен қатар, спорт және акт залдарда мүлдем ақпараттық жұмыстар жоқ деуге болады.
«Өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, саналы ұрпақ болуы осы мектепке байланысты. Сондықтан да, білім ордасына табалдырық аттаған сәттен, сыныпқа кірген кезге дейін еліміздің ұлы тұлғаларының өнегелі сөздері болуы тиіс. Әр пән сабақтарының кабинеттерінің өзінде оқушының ой-өрісін дамытуға бағытталған қанатты сөздер мен ұлы тұлғалардың портреттері тұрса оқушы соған қарап бой түзейді, саналы ойлауға ұмтылады», деген Рүстем Рысбайұлы тисті сала басшысы мен мектеп директорларына нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, аудан әкімдігінің білім бөлімінің басшысына барлық мектептер арасында осы көрнекі-ақпараттық жұмыстар туралы семинар өткізу қажеттігі туралы да тапсырма жүктеді. Сонымен қатар, барлық мектеп директорларына санитарлық-дезинфекциялық тәртіпті қатаң сақтау тапсырылды.
Мектепаралық семинар ұйымдастыру барысында Қордай ауылындағы №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының ішкі көнекілік және Өтеген ауылындағы №8 негізгі мектептің сыртқы абаттандыру жұмыстарын ерекше үлгі ретінде ұсыну қажеттігін тапсырды. Аудан әкімінің әр мектепке айтылған сын-ескертпелері хаттамаға түсіріліп, орындалуы бақылауда болатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.