«Қызыр қамшысы» әбігерге салмасын

0 55

Күннің қабағын бағып өткен ата-бабаларымыз табиғаттың тілін терең түсініп, тылсым сырларын жіті ұғына білген. Соның арқасында шаруалар ауа райының қандай болатынын алдын ала болжап, соған қарай амал етіп отырған.

Күннің райын болжаушылардың бірі құмалақ шашса, тағы бірі қойдың жауырынына қарап сәуегейлік танытқан.Тағы бірі жұлдызға қарап жорамал жасаса, кейбірі жан-жануар мен құстардың тіршілігін зерделеу арқылы алдағы күнде не боларын біліп отырған. Сонымен қатар өткен жылдардағы ең елеулі деген ауа райын түртіп алып, оның алдағы уақытта қай күндерге сәйкес келетінін салыстыратын есепшілер де ауа райын дәл болжаудан жаңылмаған. Жалпы жұрт жылдың әр мезгілінде айна қатесіз айналып келіп отыратын ыстық-суыққа қатысты ауа райының аса маңызды құбылыстарына «Бесқонақ», «Бөрісырғақ», «Құралайдың салқыны» деген секілді ат қойып, айдар тағып, баса мән берген. Мұндай сәттерде жұрт ауылдан ұзап шықпаған, желең киінбеген.
Ауа райының қандай болатыны ауыл халқы үшін қазір де аса маңызды. Әсіресе малшылар жаңа туған төл үшін алаңдаса, диқандар егінді бұршақ не үсік шалмаса дейді. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» дейтін қазақ осы айда егін егіп, тіршілік дүбірін қыздыратын кезі. Алайда бұл уақытта да кей кездері қар жауып, үсік жүретіні бар. Осы орайда біз облыс аумағында сәуір айының соңғы онкүндігі қалай өтетінін білмекке ғаламторға жүгіндік. Ондағы мәлімет бойынша бүгін және ертең күн қабағы күрт бұзылып, температура күндіз +3°С, түнде -1°С-ге дейін төмендейтіні көрсетілген. 0°С градуста мұз қататынын ескерсек, мұндай сәтте бүршік атқан жеміс талдар мен бау-бақшаға тасталған дәнді үсік ұруы ықтимал. Әйтсе де біз алдағы күнде нақты не боларын бірді-екілі ауа райын болжаушыларға хабарласып білдік. Соның ішінде болжамы шындыққа жанасады-ау деген Байзақ ауданындағы Аққия ауылының тұрғыны Сембек Байдуановтың пікірін оқырманмен бөліскенді жөн көрдік.
– Қазақ қыстың соңғы айы мен көктемнің алғашқы айында таңертеңгі қатқақтың түстен кейін батбаққа айналатынына байланысты сол мезгілді «Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» деп атаған. Одан кейінгі, яғни сәуір айының нақ осы кезін «Аласапыран» уақыт деп білген. Бұл мезгіл жердің жіпсіп, қардың еріп, сай-саланы ағын су жайлап, айналаның ми батбақ болып жататын кезі. Осы мезгілге тән ауа райына келер болсақ, сәуір айының ортасын халық «Қызыр қамшысы» деп атаған. Бұл уақытта көкте найзағай жиі ойнап, жауын-шашын мол түседі. Айдың соңғы онкүндігінің соңында суық жел тұрады. Бұл жылда қайталанатын қалыпты құбылыс. Осы кезде тобылғы бүршік жаратын болғандықтан мұны халық «Тобылғы жарған» деп атаған.
Қазір көктегі ай шалқасынан жатыр. Сол үшін шаруалар сақ жүргені абзал. Оның үстіне кеше бұзылған күн реңінің соңы, бүгін және ертең жаңбырға ұласады. Екі күн жауын жауған уақытта кей жерлерде температура күрт төмендейді. Таулы жерде үсік жүруі мүмкін. Ал етектегі елге оның болар-болмас ызғары ғана келеді. Бас-аяғы екі-үш күнде күн қабағы қайта ашылып, айдың соңы жоғарыда атап өткен «Тобылғы жарған» желімен түйінделеді, – деді С.Байдуанов.
Оның айтуынша, мамыр айының алғашқы онкүндігіне келсек, бір-екі күн ауа райы суық болғанымен, ары қарай қалыпты деңгейге түседі екен. Айдың жиырмасына таман бұршақ жауатын көрінеді. Негізінде халық арасында мамыр айының ортасынан соңына дейінгі аралықта бір суық болатынын анықтап, оны «Құралайдың салқыны» деп атағаны белгілі. Бұл кезде бір аптадай қара суық желдетіп тұрады. Кейде мал ықтыратын ызғырық соңы қарға ұласуы да мүмкін екен. Сәуегей айтқан үшінші онкүндіктің басында болатын бұршақ биылғы «Құралайдың салқынымен» қатар келуі де мүмкін екен. Әйтеуір, мамыр айында бір бұршақ бар дегеніміз болмаса, одан басқа алаңдайтын тосын құбылыс жоқ көрінеді. Ары қарай жадырап жаз келеді. Әйтсе де «Адамның айтқаны емес, Алланың қалауы болады» демекші, ауа райының нақты қандай болатыны алдағы күннің еншісінде.

Н.Болатұлы

ar-ay.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.