«Қымызмұрындық» – бабалар дәстүрі

0 342

2017 жылы 12 сәуірде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалада ұлтымыздың жаңа тарихи даму кезеңінің негізгі мақсаттары көрсетілген. Атап айтқанда: рухани және мәдени құндылықтарымызды сақтау және ұлғайту, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену секілді негізгі мәселелер қозғалған. Осыған орай еліміздің көлемінде түрлі бағыттарда жұмыстар қолға алынды. Бұл қатардан Жамбыл облысы да қалып келе жатқан жоқ.

Мәселен, күні кеше ұлттық салт-дәстүрлерді дамыту, өткеннің өнегесін келер ұрпаққа жеткізу және балалар ұстанымын ұмытпау мақсатында Талас ауданында облыстық «Қымызмұрындық-2022»  этно-фестивалі өтті. Қарт Қаратау бөктерінде ұйымдастырылған игі шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты.

Ұлттық дәстүрімізді жаңғыртқан шара барысында келушілерді әжелер қазақы қонақжайлық пейілмен шашу шашып қарсы алып, ыстық бауырсақ пен қымыздан дәм татқызды. Барлық қонақтарға осындай ілтипат көрсетілді.

Этно-фестивальге облысымыздың аудандары мен Тараз қаласынан 100-ге жуық ардагер шақыртылған. Олар «Ауыз тию», «Биебайлар» рәсімдеріне қатысып, түрлі салт-дәстүрлер мен спорттық жарыстарды, қолөнер көрмелерін тамашалады.

Қариялар ақ батасын беріп, елдің тыныштығын, мал-жанның амандығын тіледі.

Жиналғандардың назарына концерттік бағдарлама ұсынылып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй тарту етілді. Арнау айтылып, би биленіп, дәстүрлі ән-жыр шырқалды.

Ел анасы, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы, қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы өз сөзінде шараның маңыздылығына тоқталып, қазақтың ұлттық сусыны – қымыздың қадір-қасиеті жайлы тағылымды ойларымен бөлісті.

Жиналғандар құндылықтарды құрметтеп, дәстүрді дәріптеген ел азбайтындығын атап өтіп, қымызды – ұлттық брендке айналдыру, кең көлемде насихаттау, ол үшін елімізде «қымызмұрындықты» тойлауды жалпыхалықтық сипатқа айналдыру секілді ұтымды ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.