«Құлан агрохолдингі» шаруаларға сервистік қызмет көрсетеді

0 361

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауылдық жерлердегі шаруалармен жүздескен сайын ірілендіру мәселесін қозғап, аудан басшыларына кіші қожалықтарды біріктіру туралы мәселе көтеріп келеді. Жақында осындай сервистік қызмет көрсететін холдинг құрылды. Қазірдің өзінде «Құлан агрохолдингіне» 16 шаруа қожалығы бірікті.
Жаңадан құрылған холдингтің басшысы Қалдыбек Бегіналыұлы Әділов:
— Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты иелігі 358 гектар жерді құрайтын «Әділ» шаруа қожалығының жетекшісімін. Өткен жылы 160 гектарына күздік бидай, 10 гектарына рапс, 70 гектар алқапта жоңышқа егілді. Осы көктемде тағы 80 гектар егіске арпа тұқымын себуді жоспарлап отырмыз,- деп, шаруа қожалықтың бүгінгі тынысымен таныстырды.
Айта кетерлігі, аталмыш шаруа қожалықта бір ғана «Беларусь» тракторы болған. ШҚ жетекшісі осы жылы техника жаңарту мақсатында құны 13 миллион теңгеге «Беларусь-892» маркалы жаңа трактор, «КУН» және «БД» жер өңдегішін сатып алған.
Қ.Әділовтің айтуынша, ауылдық елді-мекендерде ұсақ шаруа қожалық көп. Ұсақ шаруа қожалықтар бүгінде жаз шықты болды техника іздеп, жер жыртқызып, тұқым себуге кезекке тұрады. Басты проблема — техника. Кез келген тапшылық пен қажеттілік әрекетке итермелейтіні секілді, «Әділ» шаруа қожалық жетекшісі облыс әкімінің ірілендіру бағытындағы бастамасын қолдай отырып, бүгінде Жаңатұрмыс ауылдық округінің төрт қожалығы еніп үлгерген «Құлан агрохолдингін» ашып отыр. Холдингке мүше болған Манат Омарқожаев, Мәди Азаматов және Әбдіраман Мырзахановтар жаңа ұжымның сервистік қызметін пайдалануда. Атаулы холдинг құрамына енген шаруа қожалықтар қазірдің өзінде 250 гектар жер жыртып үлгеріп, тұқым себуге дайындалуда. Бүгінде «Құлан агрохолдингі» жұмысын дамыту мақсатында Белоруссиядан құны 25 миллион теңгеге жаңа техникаға тапсырыс берген. Биыл осы мақсатқа бөлініп отырған 75 миллион теңге қаражат түгелдей жаңа техника сатып алу жоспарлап отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.