Қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға архив қорларындағы құжаттар көмектесуде

0 553

Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия зобалаң заман зұлматынан зардап шеккен, жазықсыз жазаланған азаматтарды ақтау бойынша жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Бұл мақсатта комиссия мүшелері мен Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің қызметкерлері еліміздің өзге өңірлеріне іссапармен барып, ондағы мұрағат құжаттарын зерттеп, солақай саясаттың құрбаны болған жамбылдықтар жайлы деректерді жинақтауда.

Мәселен, өткен жылдың 29-30-сәуір күндері аралығында Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы С.Зейнуллаұлы Шымкент қаласындағы Түркістан облысы мемлекеттік архиві мен Қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінде іс-сапарда болды.

Облыстық архивтің оқу залында алдымен №121 қор «Оңтүстік Қазақстан атқару комитеті (1931-1953 ж.ж.)», №230 қор «Сырдария округтік соты», №819 «Сырдария губерниялық соты», №243 «Сырдария облыстық-қалалық атқару комиеті»,  №74 қор «Сырдария округтік атқару комитетінің» тізімдемелерімен танысу жұмыстары жасалды.

Іс-сапардың 2-күні Түркістан облысы қоғамдық-саяси тарихының архивінің жұмысымен таныстық. Бұл архивте Оңтүстік қазақстан облысының Кеңес дәуіріндегі партиялық құжаттар. Комсмол  және тұрақты сақтаудағы құжаттар сақталады.

Мұнда № 26 қорда «Сырдария губерниялық комитеті» (1922-1928 ж.ж.), №29 «Сырдария округтік партия комитеті» (1928-1931 ж.ж.), №40 «Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті», №16 «Сырдария округтік бақылау комиссиясы» деп аталатын қорлардың тізімдемесін қарау жұмыстары жүргізілді.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жанынан құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жұмысшы топ құрамындағы облыстық архивтің бөлім басшылары Ж.Есентаева мен С.Зейнуллаұлы 2021 жылдың шілде айының 8-23 күндері аралығында Жамбыл облысының Полиция департаменті Ақпараттандыру және байланыс басқармасының арнайы мемлекеттік архивінде сақтаулы ақталмаған, түрлі статьялармен сотталған азаматтардың жеке, бақылау, айыптау істерінен тұратын құжаттарына зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Арнайы мемлекеттік архивтің қорларында №1 қор атауымен ақталмаған азаматтардың, №6 ақталған, №10 қорында әскери тұтқындардың істері сақталынған. Архив қызметкерлері №1 қор атауымен аталатын қорда ақталмаған жалпы саны 277 істі түгел дерлік қарап шықты.

Құжаттарды қарау барысында 181 жеке адамның ісі арнайы кестеге толтырылды. Кестеде аты-жөні, туған жылы, қызметі, сотталу бабы, сотталу мерзімі, архивтік негізі көрсетілген.

Құжаттардың ішінде 130 жеке іс Ұлы Отан соғысы кезінде фашистік Германияның тұтқынына түскен азаматтар құрайды. Одан өзге 51 жеке іс соғыстан қашып, фашистік ұйым құрып, төңкерістік әрекет жасағаны, қоғамға қауіпті, Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді, троицкилік ұлтшыл ұйымға мүше болды деп көрсеткен айыптаулар негізінде бас бостандығынан айырылып, түрмеде, лагерлерде өз жазаларын өтегендердің құжаттары бар.

Жоғарыда көрсетілген ақталмаған 181 азаматтың жеке істерін құпиясыздандыру қажеттілігі туып отыр. Құжаттарды құпиясыздандыру Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзырында.

Сәуір айындағы іс-сапардың жалғасы ретінде Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің директоры К.Сәттібайұлы мен бөлім басшысы С.Зейнуллаұлы  қараша айының 3-5 күндері Шымкент қаласындағы «Түркістан облысы қоғамдық-саяси тарихы» мекемесінде іс-сапарда болды.

Іс-сапар барысында №26 Сырдария губерниялық комитеті, №29 Сырдария округтік комитеті, №40 Шымкент облыстық партия комитеті, №17 Шымкент қалалық-аудандық комитеті, №23 Шымкент уездік-қалалық комитеті, №11 Шымкент қалалық комитеті, №3 Созақ аудандық комитеті, №204 Шет мемлекеттерден әкелінген құжаттар топтамасы қорларында сақтаулы құжаттарға зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Қор құрамындағы 1928 жылғы нан дайындау компаниясының жүргізу жұмыстары бойынша баяндамалық хаттары, 1930 жылғы Сырдария округтік комитетінің ұжымдастыру жөніндегі құжаттары, Сырдария округі бойынша байлардың мал-мүлкін тәркілеу протоколдары, баяндамалары, 1934 жылғы Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің бюро отырыстары, 1927-1928 жылдары Сырдария округтік комиссиясының жұтпен күресу шаралары, 1930 жылдары Созақ көтеріліс кезінде қаза тапқан әскерилердің тізімі, мінездемелері, Созақ көтерілісшілеріне қарсы іс-қимылдар жөнінде баяндамалық хаттар, 1933 жылғы көшпелілерді орналастыру жөнінде акты, хаттары, ақпараттары, 1932 жылғы мемлекетке нан өткізу, кулактармен күрес бойынша директивалық нұсқаулықтары, Меркі, Талас ауданы бойынша конфискациялау істері зерделеніп, құжаттардың көшірмелері алынды.

Әкелінген құжаттар Әулиеата өңірінің архивтік тарихын тереңірек зерттеуге мүмкіншілік береді. Алдағы уақытта семинарларда оқылатын баяндамаларға тың деректер көзі болып табылады. Меркі, Талас аудандары бойынша тәркілеуге ұшыраған байлардың тізімі анықталды, бұл тізім облыстық архив сақтауына түспеген. Сондықтан да бұл жаңа дерек, ары қарай зерттеуге мүмкіншілік.

Leave A Reply

Your email address will not be published.