Қорғанбаевқа халықтың жағдайы қызық емес

0 262

Күні бүгінге дейін «бауын тапса, байлауы табылмай» келе жатқан, халықты алаңдатқан басты мәселенің бірі, ол – көгілдір отын, ауызсу, электр жарығы екені белгілі. Бұқараны осы қажеттіліктермен қамтамасыз ету бойынша облыс әкімі тарапынан сан мәрте сараланып, тапсырмалар беріліп жатса да нәтиже көңіл көншітерлік емес. Осы орайда аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен жиын өтіп, мәселеге жауаптылардың жауапсыздығы сын садағына ілікті.

– Өздеріңіз білетіндей, халықты толғандыратын маңызды мәселелердің бірі – оларды уақытылы сапалы ауызсумен, газбен, жарықпен қамтамасыз ету. Ол біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Бұл бойынша бір емес, бірнеше рет жиналыстар өткізіліп, талқыланып, тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар берілген. Бірақ әлі де болса тұрғындар тарапынан арыз-шағым азаяр емес, – деп облыс басшысы баяндамашыға сөз берді.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев күн тәртібінде көтерілген мәселеге орай аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, ауызсу жүйесін тарту бағытында өткен жылы
50 жоба қолға алынса, соның 34-і мерзімінде тапсырылыпты. Ал
16 жобаның құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланған екен. Биыл 18 елді мекенге ауызсу тарту көзделіп, оның 14-і жыл соңына дейін тапсырылады деп жоспарланса, қалған 4 жоба келесі жылға өтпелі. Жалпы осы ауызсу құбырын тартуда 4 жыл бойы сағызша созылып келе жатқан нысандар да жоқ емес. Газдандыру бойынша өткен жылы 31 жоба қолға алынып, оның 21-і тапсырылған. Биыл 19 елді мекенге газ тарту жұмыстары басталып, 11-і жыл соңына дейін бітеді деп күтілуде. Қалғаны келесі жылға өтпелі. Жалпы айтқанда, аймақтағы 134 елді мекенде газ жоқ. Нақты уақытта 60 елді мекенге газ тартылуда. Бұл бағытта 11 жоба бойынша жұмыс жасалуда. Десек те әлі 28 елді мекенге жобалық құжат жасалуы қажет. Басқарма басшысы электр энергиясы мен кәріз жүйесін жаңғырту бойынша да атқарылып жатқан жұмыс барысын тілге тиек етті.
– Өткендегі берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде нақты қандай өзгерістер бар? Осының алдындағы мәжілісте қалай сөйлесеңіз, соны қайталап айтып бердіңіз. Тек өзгерген сандар ғана. Ең бірінші шағын ауылдардың мәселесі қалай шешілуде? Шағын ауылдардың картасы бойынша жергілікті әкімдікпен бірлесіп, халықпен кездесіп, орталықтандырылған ауызсу, газ берілмейтіні, судың модульдік типтермен қойылатыны, жылытуға қатты отын пайдаланылатыны түсіндірілді ме? Неге ол жұмыстар атқарылмаған? Қай ауылда қашан су, газ, жарық болатынын немесе болмайтынын халық білуі тиіс. Сондай-ақ ауызсу тартылатын елді мекендерде жерасты су қорлары жеткілікті ме, судың сапасы тұтынуға жарайды ма, ол да анықталмаған, – деді аймақ басшысы.
Басқарма басшысы шағын ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары әлі жүргізілмегенін жеткізіп, басқа сұрақтарға да мардымды жауап бере алмады.
– Есептеуіш құрылғылар орнату жөнінде де нақты тапсырмалар берілген. Басқарма тарапынан жұмыс жоқ. Қашан есептеуіш құрылғыларды орнатып бітеміз, сол кезде арыз-шағымдар азаяды. Неге әкімшілікпен бірге жұмыс жасалмаған? Өздеріңіз білесіздер, газ тарту жұмыстарына қаншама күш жұмсалғанын. Ал сіздердің міндеттеріңіз – халықпен тікелей жұмыс жасап, әрбірінің үйіне газ кіргізу. Әлі отырмыз. Ешқандай шара жоқ. Әлеуметтік нысандарды газға ауыстыру мәселесі де мәз емес. Бұл бойынша бірлесіп жұмыс жасаңыздар дегеніме қанша уақыт болды. Ауылда газ бар, ал мектепте жоқ. Неге жұмыс жүрмейді? Олай болмайды, – деген облыс әкімінің орынды сауалына басқарма басшысы тұрғын үйлердің техникалық паспорттарына өзгеріс енгізілмегендіктен осы мәселе орын алып отырғанын айтты.
– Өзгеріс енгізілетін уақыт болды. Неге сол жұмыстар күзде басталмады? Сол кезде әкімшілікпен бірігіп жұмыс жасалмауының кесірі бұл. Үйлердің газ алуына дайын немесе дайын еместігі алдын ала пысықталмаған. Жұмыстарыңыз өте баяу. Әрдайым анау жоқ, мынау жоқ деп себеп, сылтау іздейсіздер. Өздеріңіз білекті сыбанып  оған кірісу деген жоқ. Шу ауданының тұрғындары «Кәріз жүйесін қашан жасайсыздар, ауызсу қашан беріледі?» деп екі күнде бір шағым түсіреді. Неге осы уақытқа дейін ұсыныс бермейсіздер? Қайда нәтиже?
Амангелді газы туралы да «ҚазТрансАймақтың» басшылары «Бізге геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге қосымша жер беріңіздер. Газдың көлемін ұлғайтайық, жаңа қоры табылуы мүмкін», деді. Көмектесіңдер деп тапсырма бердім. Бұл мәселені де әлі қарап жатсыңдар. Ал сырттан алынатын энергия 42,5 пайызды құрап отыр. Өте көп. Кемітудің қандай жолы бар, ол үшін не істеп жатсыңдар? Жауаптарың белгілі. Он жыл бойы айтылып келе жатқаны сол бір ғана жауап. Ал оған нақты ұсыныс жоқ. Альтернатив көздерін көбейту керек. Кейінгі кезде жұмыс нашар. Тек қана есеп берумен шектелесіздер. Іс жүзінде еш нәтижесіз. Өткенде берген баяндамадан бүгінгі баяндаманың ешқандай айырмашылығы жоқ. Мен еріккеннен қайта-қайта осы мәселені көтеремін ба? Халықты толғандыратын ең маңызды мәселенің бірі осы деп айттым ғой. Тұрғындарды  ауызсумен, табиғи газбен, электр жарығымен жоспарлы уақытта қамтамасыз ете алмаса, оған бірінші кезекте басқарма басшысы, аудан әкімдері жауап береді, – деді өз сөзінде Бердібек Машбекұлы.
Жиын барысында облыс әкімі мәселеге орай «ҚазТрансГазАймақ» АҚ облыстық өндірістік филиалының директоры Сәкен Исмайловтың, «Жамбыл электр желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының орынбасары Түймебай Сержановтың, «Жамбыл су» КМК басшысының міндетін атқарушы Шүкірғали Ахимовтың және Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың жұмыс жоспарларымен танысып, ұсыныстарын назарға алды.

Газ құбырларын тарту барысында көшелердің қайтадан қалпына келтірілуін, мектеп және әлеуметтік нысандардың маңындағы трансформаторлардың, тораптардың, электр сымдарының ашық жатпауын қадағалауды атап өтіп,  жиынға онлайн режимде қатысып отырған аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.

Нұржан Қадірәлі

ar-ay.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.