Қордайлықтар қайырымдылық жасаудан қашқан емес

0 31

1 Наурыз «Алғыс айту»  күнін ауданда жылда кең көлемде атап өту игі дәстүрге айналды. Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай айтулы датаның қарсаңында ауданда жаңа қайырымдылық жобасы бастау алды. «Ынтымақты елдің іргесі берік!» жобасы аясында Сортөбе ауылында өткен қайырымдылық акциясына облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышов, жергілікті атқарушы орган өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, мәслихат депутаттары және жас волонтерлар қатысты.
Игі бастаманы«Вынхуа» дүнген мәдени орталықтарының қауымдастығы бастап берді. Оның жетекшісі Айша Идыбо қайырымдылық қор ашып, оған тұрғындар қолдау көрсетіп, соның арқасында мерекеге орай 30 отбасы шаттыққа бөленді. Іс-шарада сөз алған Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышов айтулы датаның мән мағынасына тоқталып өтіп, көпшілікті мерекемен құттықтады. Осыдан кейін, сөз алған Жамбыл облысы және Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай кейінгі өсіп келе жатқан жастарға татулықтың, бірліктің рөлі қашанда маңызды екенін айтып өтті.
— Біз қазақ халқының алдында қарыздармыз. Ата бабамыз жүз қырық жыл бұрын келгенде қазақ бауырлар бізге қоныс берді. Содан бері өсіп-өндік, көбейдік. Кейінгі жастарға дұрыс тәрбие беріп, қазақ халқының көрсеткен қоамқорлығын ұмытпау біздің парызымыз. Дүнген халқының атынан үлкен алғысымды айтамын, — деген Сортөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шисыр Динлосан Елбасы мен Мемлекет басшысына да деген алғыстарын да рақметін айтты. Осыдан кейін, волонтерлар азық-түлікті жүк көлігіне тиеп, көмекке мұқтаж отбасылардың үйлеріне апарып берді. Қайырымдылықтың шапағатын сезінген отбасылар да өз кезектерінде алғыстарын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.