Қолымыздан қалам да, қазан да түспеді (Ақын Күләшқа сәлем хат)

0 59

Әдебиетсүйер қауымға, көзіқарақты оқырманға Күләш Ахметованы таныстырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Оның өлеңдерін талдап, түсіндіріп отыру да қажет емес. Өйткені өткен ғасырдың ортасында қазақтың қаламгер қыздары арасынан өз дауысын ерекше естіртіп, оқырманға сүйкімді шумақтарымен ой тастап, санаулы ақын қыздар тізімінен ойып тұрып орын алған ақын Күләш Ахметова болатын. Биыл сол тілеулес, үзеңгілес, тағдырлас, мұңдас, сырлас Күләшім аман-есен 75 жасқа келіп отыр. Соған орай ізгі ниетпен хат жолдағым келеді.

Күләш-ау! Қалам деген ауыр жүкті арқалап, нәзік жүрекке батпан сыр мен өткен бала дәуреннің қуаныш-мұңын толтырып, мөп-мөлдір жанарымызбен «Кім бізді ұғар екен?» деп, панасыз балапандай жаутаңдап, Алматыға келген жылдар есіңде шығар?! «Жас талапкерлер» болып жазушылар жиынында ғұлама ағалардың сөзін тыңдадық. Жазушылар үйіне Меккенің қағбасындай қарайтынбыз сонда. Расында, туған әдебиетіміздің тірі классиктерін көзімізбен көргенбіз.
Есіңде ме, Алматыға тұрақ тебудің қиын жылдарын біз де бастан өткерген едік-ау? Баспанасыз жылдар. Бірақ жастық шақ көңілдің өжет кезеңі ғой, бәрін жеңдік. Алматыда қалу үшін алматылық «біреуге» тиіп кету «жоспарын» құрмадық. Өзімізді сүйген жанның етегінен ұстадық. Сен Қайырбекпен, мен Қабдырахиммен ащы-тұщы отбасылық жылдардың ыстық-суығын өткеріп, 75 деген белеске жеттік. Қолымыздан қалам да, қазан да түспеді. Бесік те тербедік. Біз не көрмедік?!
Сенің поэзияң менің жүрегімде жазылып қалған. Сонау бір анаңның ғұмыры жетпеген «Шілтерден», «Көк көйлек» киген сырғалы қыз, елік күндеріңмен «Тұранды жоқтаған» азамат дауысың, бәрі құлағымда күмбірлеп тұр.
Біздің дәуір ана тілдің өгейлік көрген дәуірі еді. Алматыдағы жалғыз қалған №12 қазақ мектебіне балаларымызды сүйреледік. Замандастарымыз да, «әулиелеріміз» де орысша сайрап кеткенде халіміз келгенше аздаған ағаның ізімен біз де өз тілімізді өлтірмеуге үлесімізді қостық, жыр жаздық. Ол жылдарда өз тілімізде ешбір мінбеден сөйлеп те көрмедік. Жазушылар жиынында ағаларды тыңдадық, таласа шаппадық. Орысша сөйлер жерде акценттен ұялып, қорланып та жүрдік. Кезеңіміз солай болды ғой, Күләш.
Біздің ұрпақ Ахмет Байтұрсынов есімін естіген жоқпыз, Шәкәрім, Мағжан жайлы әңгіме болған емес. Студенттерге ұстаздарымыз да айтуға қорыққан еді. Өз басым Таразда туған саған қазағы көп қаласы бар деп қызығушы едім. Менің Оралым Ресейдің бес облысымен қоршалып тұр, әлі күнге солай.
Күләш-ау, біз кешегі қайта құру кезеңін бастан кештік. Сол кездің қиындығына да төтеп бердік. Өйткені соғыстан соңғы балалық шыңдаған бізді. Мен ылғи жетім балалармен Оралдағы жалғыз қазақ интернатын паналап, интернат нанын жеп өстім. Ақ бауырсаққа зар болған балалықты несіне айтамын?
Еркіндік алған жылдар ше?! Біздің ұлтқа жеңіс қашан қасіретсіз келіп еді? 1986 жылдың желтоқсаны ше? Көзбен көрдік қой бәрін. 1990 жылдар ше? Ала қап арқалағандар арасында болып қайттым ғой мен де!..
Иә, «Атамекен» әнін шырқап, көк туды көтергеннен асқан қандай қуаныш болмақ! Біз екеуміз осы бір тарихи сәттің куәсі болғанымыз қандай ғанибет! Өз туған топырағымызға табан тіреп, өз туған халқымызға арқа сүйеп, Ұлы даланың бейбіт аспанына қараудың өзі бақыт қой! Жай жүрмей, соны жырлап, ақпейіл жандарға тілеулес болып, қазақ қызы деген атты кірлетпей есейіп, өмір кешудің өзі бақыт емей немене?! Қазақ мектебінде өлеңіңді оқитын бүлдіршін көру, қазақша оқыған көрші қыздың «апалап» келіп гүл сыйлауы, саналы, сауатты қазақ азаматтарының жолыңды кеспей, сәлем беруі, үкіметіңнің кеудеңе орден қадауы абырой емей немене?
Ойлап отырсам, туған жерге, өз ұлтымызға қиянат жасамадық, қыз басымызбен абыройын көл қорыған қызғыштай жырға қосып қорғадық, шаңырағын шашпай, ошағын өшірмей, әнін айттық. Біз қолға алған қаламмен арыз-ғайбат жазбадық, мөлдір дала бұлағынан сыр тыңдап, ақ пейілдерге қуаныш жырын сыйладық. Қулықпен мал таппадық, қара өлеңнің ұйқасын бұзған жоқпыз, жырды саудаға салмадық, ұрыға ода арнамадық.
Жылы жүрек пен сана беріп, қолымызға қалам ұстатқан тағдырға тәубе дей отырып, осы сапарда рухтас, тілеулес болғаның үшін алғыс айтып, Қайырбек екеуің жеткен 75 жылдық мерейтойыңмен құттықтап, дос пейілмен қолыңды қысқым келеді.

Сәлеммен
Ақ Жайықтың ақ шағаласы
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.