«Қолымды шайнай бастады» – қасқырға таланған екі адам қалай тірі қалғанын айтты

0 626

Тобыл тұрғындарына қасқыр қауіп төндірді.

Аймақтағы Меңдіқара ауданына қарасты Ұзынағаш ауылында қасқыр 2 адамды талады, – деп хабарлайды AstanaTV.

Ауылға кірген қасқыр алдымен 19 жастағы жігітке шабуыл жасаған. Одан кейін сиыр саууға шыққан әйелге тап берген. Екеуінің де аяқ-қолын тістелеп тастаған.

«Секіріп, айырды ұшырып жіберді де мені жерге құлатты. Қолымды шайнай бастады. Жұлқылайды да, түріме қарайды.Тағы тістелеп жұлқылайды да түріме қарайды. Екі қолым мен аяғымды солай жарақаттады. Сүйекке зақым келген жоқ. Түнде ауданға барып, дәрі беріп, тікті», – дейді ауыл тұрғыны Бидагүл Елемесова.

Адамға қасқыр шапқанын білген жергілікті тұрғындар жедел көмекке келіп, қасқырды атып өлтірген.

«Ел болып, қасқырды атып алып, ауданға апарып тапсырдық. Оны басқа бөлімшелерде де көрген екен. Бірақ енді қанша қасқыр барын айту қиын. Мүмкін осы бір ғана қасқыр болуы мүмкін», – дейді Қарақоға ауылдық округінің әкімі Тілеуқабыл Дүйсенов.

Солай десек те, тап сол күні ауыл ішінде одан басқа тағы бір көкжалды көргендер бар көрінеді. Енді аудандық инспекция мамандары елдімекен төңірегін тінтіп, түз тағысын іздеуге кірісті.

Қасқырға таланған тұрғындардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Медициналық көмек көрсетілген соң, үйіне жіберілді.

aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.