Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяға не үшін кетіп жатыр?

0 417

Кентаулық Жолдасбек Шырынбеков Оңтүстік Кореяға бір айлық визасыз режим енгізілгенде алғашқы лекпен барғандардың бірі. Бір жыл бойы заңсыз жұмыс істесем де, табысты адал еңбекпен таптым дейді.

«Түркістан облысының тұрғыны Мата зауытта, текстильде 12 сағат жұмыс, бір апта күндіз, бір апта түн жұмыс істедік. Бұйырғанын әкелдім, үй алдым», — дейді ол.

Бірақ өзінен кейін екі ұлы да Кореяға ақша таппаққа сұранады. Жыл өткен соң елге кенже ұлдың денесі ғана оралады. Түнгі ауысымнан қайтып келе жатып, жол апатына ұшыраған.

«Үй алсақ, жай болсақ, үйленсем, ер жетіп тұрған бала. Сондай мақсатпен барған бала, енді Алла жеткізбеді.Кететін кезде кредит алып жолына, сонысын ғана өтеді. Осы жақта жұмыс болса, дұрыс айлық төлесе, бармайды ғой, ешкім де бармайды», — дейді Сайрагүл Шырынбекова.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істейтін қазақстандық еңбек мигранттарының мәселелерін тізіп, үкіметке депутаттық сауал жолдады. Азаматтарымыздың құқықтары мүлдем қорғалмағанын айтты.

Депутат 15 мемлекет Кореямен еңбек миграциясын реттегенін, оның ішінде Қырғызстан мен Өзбекстан бар екенін атап өтті. Бұл елдің азаматтары Кореяда екіжақты келісімшарт негізінде Е-9 уақытша еңбек визасын алу арқылы заңды жұмыс істейді. Алайда Қазақстан бұл тізімде жоқ.

«Отанынан жырақта нан табудың жолында жүрген азаматтарымыздың мәселесін кім шешпек?! Біле білсеңіздер, 10 мың адам, ол он мыңдаған тағдыр мен олардың тілеуін тілеп жүрген 10 мың отбасы», – деді депутат.

Нұр-Сұлтандағы IT-компанияда жұмыс істейтін Данияр Әбішев те екі жыл бұрын Оңтүстік Кореяға нәпақа іздеп барған. Бір жыл ішінде 20 млн теңгедей тауыпты. Алғашқы 5 айында тіл білмегендіктен еңбек биржасы іспеттес мекеме арқылы күнбе-күндік жұмысқа жалданған. Кейін зауытқа орналасыпты.

«Егер саған бір жағдай болатын болса, ақшаңның соры. Апаттар болып жатады, біреулер қолын кесіп алады, ондай жағдайлар өте көп, сол уақытта саған сақтандыру жоқ. Егер Корея азаматы болсаң, визаң болса, сақтандыру құжатың болады, олар бүкіл емін өздері, зауыт көтереді», — дейді ол.

Қара жұмысқа адамның қолы ғана емес, жасы да маңызды. Жұмыс берушілердің таңдауы алдымен ширақ әрі қайратты жастарға түсетін көрінеді. Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, Қазақстаннан жұмыс іздеп барғандардың көбі – отызға толмаған ер азаматтар.

ҚР СІМ Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары Оңталап Оңалбаев Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген азаматтарымыздың басым бөлігі – еліміздің оңтүстік өңірлерінен екенін айтады.

«Түркістан облысы, Алматы облысының тұрғындары. Басым бөлігі ер кісілер, 10-15 пайызы – әйелдер. Ер кісілер 20-30 жас аралығындағы жастар. Оның ішінде қазақ ұлты бар, өзбек, әзербайжан бар, аралас», — дейді ол.

Қазақстан азаматтарының жат елде жасырын жұмыс істеуі – елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың индикаторы дейді әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы.

«Әрине, сол жақта жұмыс істеп, ақша табу – біздің еліміздің экономикасының көрсеткішінің, дамуының немесе нақтылай сондай еңбекке адекватты жалақы жоқтығының белгісі деп айтуға болады. Оңтүстік Кореяға біздің қандастарымыздың осылай заңсыз жұмыс істегені пайдалы. Неге? Өйткені оларды кез келген уақытта жұмыстан шығарып жіберуге болады. Олардың талаптарын орындамауға болады, т.б.», — дейді ол.

2017 жылдан бері Оңтүстік Кореяда жұмыс істейтін қазақстандық Самат Ахметов бастапқы кезде басқалары сияқты елде заңсыз жүрді. Ал бір жарым жыл бұрын басшылығының көмегімен заңды еңбек визасын рәсімдеген. Қазір супермаркетте – сатушы.

«Олардың заңсыз мигрант екенін біледі және ақшаларын бермей қоятын кәріс азаматтары да көбейіп кетті.  Сіздің жасап жатқан жұмысыңыз ұнамаса, болмаса сіз олармен ерегісетін болсаңыз, олар өздері-ақ миграциялық бөлімді шақырып ұстатып жатқанын көріп жатырмыз», — дейді ол.

Сыртқы істер министрлігінің ақпараты сүйенсек, кейінгі үш жылдың ішінде 6 мыңға жуық Қазақстан азаматы депортацияланыпты.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Оңтүстік Кореяда Е-9 деген шетелдік азаматтарды жұмысқа орналастыруға байланысты Үкметаралық келісімшарттары бар, дейді.

«Заңды түрде, еңбек визасы болғандықтан, біз шектеу қоюымыз қажет. Яғни ол жаққа барған азаматтарымыз азаматтық ала алмауы қажет, екіншіден, уақыт жағынан шектеу, 5 жыл, 3 жыл. Сонымен қатар баратын азаматтардың санын шектеу қажет», — дейді ол.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.