Қазақстанда 18 жасқа дейінгі әр балаға жәрдемақы беру ұсынылды

0 281

Мәжіліс депутаттары Қазақстанда 18 жасқа дейінгі әр балаға орташа жалақы мөлшерінде жалпыға бірдей жәрдемақы енгізуді ұсынды.

Бұл мәселені депутат Айжан Сқақова көтерді. Оның айтуынша, елімізде жұмыс істемейтін әйелдерге ай сайынғы бала күтіміне жәрдемақы былай төленеді: бірінші балаға — 16 802 теңге, екіншісіне — 19 865 теңге, үшіншісіне — 22 898 теңге, төртінші және одан көп балаларға — 25 961 теңге. Бұл бір балаға күніне 560-865 теңге деген сөз, ал бір сәбидің тамағына 1018 теңге жұмсалады. Жәрдемақының ішінде баланың анасына ақша қарастырылмаған.

«Егер ерлі-зайыптының біреуі ғана жұмыс істесе және отбасында үш бала болса, онда әрқайсына 46 мың теңгеден келеді, бұл өте аз

Азық-түлік, киім, дәрі-дәрмек, ойыншықтар, кітаптар қанша тұратынын білеміз, сонымен қатар әр отбасында бірдей пәтердің коммунал қызметтері немесе несие төлеу сияқты басқа да көптеген шығындары бар. Ал балаларда ең негізгісі физиологиялық қажеттіліктер ғана емес, сонымен бірге білім алу, дамудың да әлеуметтік қажеттіліктері бар. Және де мынаны түсіну керек: егер біз балалар алдындағы борышымыз тек олардың аман-есен, тойып тамақтануы үшін жағдай жасау деп есептесек, онда олардан ертеңгі күні ешбір ұмтылысты күте алмаймыз. Жәрдемақыны ұлғайту керек», — деді депутат.

Депутат рәсімдердің көптігі, оларды басқарудың қиындығы жәрдемақы алу кезінде сыбайлас жемқорлық схемаларын тудыратынын айтты.

Сондай-ақ, Айжан Сқақова осал топтағы қазақстандықтар үшін тұрғын үй қолжетімді емес екеніне назар аударды. Оның айтуынша, Алматыда тұрғын үй алу кезегінде 26 мыңнан аса отбасы тұр. Тұрғын үйді күтудің ең аз мерзімі 10 жылдан асады. Ол қолда бар мемлекеттік бағдарламалар жеткіліксіз деп санайды.

Парламент мүшесі Қазақстанның Халық партиясы сайлауалды бағдарламасында әрбір отбасы үшін 20 сотық жер беру керек деп мәлімдегенін айтты. Оның пікірінше, мұны бірінші кезекте ауылдық жерлерде көпбалалы, толық емес, аз қамтылған, сондай-ақ, мүгедек балалары бар отбасыларға беру керек.

«ҚХП фракциясының депутаттары жәрдемақылар мен төлемдердің барлық түрін қысқартуды және 18 жасқа дейінгі әрбір балаға бір әмбебап жәрдемақы енгізуді ұсынып отыр, ол Қазақстанда туу және азаматтығы құқығы бойынша барлық балаға орташа жалақы сомасында тағайындалады. Жәрдемақы баланың қажеттіліктерін біздің партия әзірлеген балалар тұтыну қоржынына және бала күтімі кезеңіндегі ананың қажеттіліктеріне сәйкес жабуы керек», — деді Сқакова Мәжіліс отырысында

 

tengrinews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.