Қазақ қызы: 6 жасымнан бастап мені туған екі ағам зорлап келді

0 553

Жыл сайын Қазақстанда жүздеген балаға қол салынады. Жыныстық сипаттағы зорлық жасалады. Алайда бұл мәселе жабулы қазан күйінде қалады. Неге? Себебі — ұят. Үрей мен сенімсіздік. Мәселен, бүгінде кәмелетке толмағандарды жәбірлеген 1800 қылмыскер түрмеде жазасын өтеуде және олардың дені жәбірленушінің арызы бойынша ұсталмаған, үшінші біреулердің көзіне түсіп, әшкере болғандар.

Шатқалда таңғы 6 мен 7-нің арасында: Қостанайда бойжеткенді зорлады

Бұл туралы «Басты бағдарламада» айтылды.

Мамандардың айтуларынша, зорлық көргендердің 98 пайызы басындағы жағдайды айтпайды екен.  Бұл кесел. Қоғамдағы дерт. Жас жеткіншектерді жәбірлеушілерге жаза қатаңдатылды. Былтырдан бері олар мерзімін тек қатаң тәртіптегі түрмеде ғана өтейді және мерзімінен шартты босауға құқығы жоқ. Алайда зорлық көргендер саны азайса кәні. Қазір қоғамдық ұйымдар белсене араласқан соң ішінара мұң шерін айтатындар табылып жатыр.

Не өзі кешіре алмай, не өзгеге айта алмай мұндай ауыртпашылықты арқалаған ару аз емес.

«Ол менің 6 жасымда болған оқиға. Ең бірінші ең үлкен ағам бастады, 75 жылғы. Күніне бірнеше рет зорлайтын», — деді ағаларынан зорлық көрген Асыл.

Әке-шеше малдың соңында. Қарындастарын қарайды деп екі ұлға қалдырған.

«Содан мамам қалай кетеді, екеуі тиіседі ғой бізге, зорлап қана қоймайды, қол жұмсайды, ұрып-соғады, неше түрлі жаман-жаман сөздер айтады. Мен 6-да болғанның өзінде үлкені 15-те, кішісі 14-те болады екен. Ол кезде олар толық жетіліп қойған балалар ғой уже. Содан мені 13 жасыма дейін зорлап келді», — деді Асыл.

«»Аудандық полиция бөліміне арыз жаздым. Суреттерімді апарып көрсеттім, міне, тілім тісімнің ортасында қысылып қалған ғой, қан талап кеткен тілім, мына мойным көгерген, ісіп кеткен, сөйтіп соны полиция қызметкерлері салғырттық қылып қараған жоқ арызды. Қазір мен 34-темін. Тұрмысқа шықпағам. Жігітпен де жүрген жоқпын. Ақыры соңында бір дертке шалдықтым. Қазіргі таңда мен сол диагнозбен өмір сүріп жатырмын. Жек көрем, шешемнің өзін жек көріп кеттім», — деді зорлық көрген Асыл.

Азғындықта шек жоқ. Ұл тіпті ұлды зорлайтын заман қазір. Мал екеш малдың да еркегі өзіндей аталығына секірмейді. Азаматтың да ағасындай көрген көршісі азаматтығына нұқсан келтірді.

«Көрші жігітке зорландым. Сөйтіп алты жыл бойы сол ісін жалғастырумен болды. Азаппен өткен 6 жыл ар-ожданынан түк қалдырмады. Мен ешкімге ашып айта алмадым. Айтуға және қорықтым да ондай нәрсені. Ауылды жерде тұрдық ұят болып есептелінетін. Барлық нәрсені ішімде сақтауға тырыстым. Сол үшін кейін ол өз ісін көрші тағы да бір жігітке айтып екеулеп зорлады», — деді Азамат есімді Алматы тұрғыны.

Ауруын жасырған өледі. Айтпаған сайын азғындар көбейіп, күшейіп кетті.
Түрмеге тоғытылғаны 1800. Ал қоғамды құртып, жазасыз жүргендері қаншама. Өйткені құрбандардың 98 пайызы айтуға қорқады.

«Айтса да, айтылған жерінде қалады. Естісе де, анасы естімегендей жүре береді. Қоғам да тас керең. Құқық қорғау органдары да құлықсыз», — деді психолог Серікгүл Сали.

Не үшін қарамайды полиция? Қоғам неге естімейді?

«Педофил деген баланы жақсы көретін адам деген сөз. Яғни, ересек адаммен жыныстық қатынасқа түсе алмайды, сол керісінше өзінің санасы, ойы кішкентай деңгейде қалып қойған кішкентай баламен жыныстық қатынасқа түскісі келіп тұрады. Бұл да бір психикалық ауытқудың бір түріне жатады.», — деді сексолог Жанна Төремұратқызы.

«Екіншіден нәпсіқұмарлық. Адамның нәпсісі ешнәрсеге тоймайды. Бала болсын, басқа біреуді зорлап кету болсын, кешірерсіз жануарлармен бірге болу болсын әрдайым жаңа бір нәрсені көрудің әсерімен болады», — деді психолог Ержан Мырабаев.

Биыл жыл соңына дейін абақтыда отырған 32-і бостандыққа шығады. Статистика бойынша он азғынның тоғызы жасаған әрекетін қайталайды. Әсіресе еркектерге тән дедовщина іспетті.

«Сондай нәрсені көргеннен кейін өмірге ызалы болады және маған жасалды мен де басқаларға жасаймын деген түсінікте болуы мүмкін», — деді психолог.
Ал енді оларды емдейміз бе, піштіреміз бе, соттаймыз ба? Қоғамның пікірі анық емес. Тексіздіктің төркіні тәрбиеде.

Салдары тек аяқ асты болған ар ождан емес, тапталған тағдыр, ар жағы бүлінген болашақ.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.