Қаракемерде өткен жылы талай тірлік тиянақталған

0 258

Қаңтар айының жиырма сегізінші күні бастау алған Жамбыл ауданының әкімі мен ауылдық округ әкімдерінің жыл қорытындысы бойынша тұрғындар алдындағы есептік кездесуі кеше өз мәресіне жетті. Он жеті ауылдық округте өткен жиындар әлеуметтік желілерде тікелей түсірілімде көпшілік назарына ұсынылды. Сенім жәшігіне түскен хаттарға толымды жауаптар қайтарылды. Бекітілген кестеге сәйкес есептік кездесулерді түйіндеп отырған Қаракемер ауылындағы жиын ауылдық клубта өтті.
Өткен жылға қаракемерліктердің өкпесі жоқ. Ауылдан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 81 млн теңгеге мәдениет ошағы бой көтерсе, мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 182 млн 270 мың теңге бөлініп, 300 аула «көгілдір отынмен» қамтылды. Ауылдың гүлденуі үшін биыл да біршама игіліктер тиянақталмақ. Мысалы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың осы ауылға сапары кезінде спорт кешені қажеттілігін байқап, жедел құрылысты қолға алуды тапсырған болатын. Егер бюджеттік нақтылауда қаражат бөлінетін болса, онда әмбебап дене шынықтыру кешені салынатын болады. Бұдан бөлек, ауылды ауызсумен қамту мақсатында құжаттар әзірленіп, сараптамаға берілген. Сараптама қорытындысы мамыр айында белгілі болатынын ескерсек, көп ұзамай елді мекен таза ауызсудың да дәмін татпақ. Ал, жол жабындысы мен көшені жарықтандыру ауызсу құбыры тартылғаннан кейін қолға алына­тын болады. Бұл туралы аудан әкімі Сәкен Арубаев өз баяндамасында айтты.
Міні түзеліп келе жатқан ауылда өтініш-тілектердің де бар екені жасырын емес. Айталық, ауданның Құрметті ардагері Ошақбай Ыбырайымов облыстық маңызы бар Тараз-Ақкөл-Саудакент автожолына жол белгілерін орнату және ауыл тұрғыны, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Әсет Кемпірековтің тұрған үйін қалпына келтіріп, мемориалды тақтайша қойылса деген тілегін жеткізсе, жергілікті тұрғын Мейрамбек Нұржауов жер телімін рәсімдей алмай жүргенін жеткізді.
Көтерілген сауалдарды назарға алған Сәкен Қаланұлы бұл мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Кездесуде облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Масат Берік аудан әкімі Сәкен Арубаев пен ауыл әкімі Жәнібек Әуелбаевтың бірлескен есебіне оң бағасын беріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.