Пошымы бөлек фестиваль
Ұлттық сусындардың қадір-қасиетін ұлықтап, оны дайындаудың жолдарын көпшілікке насихат мақсатында Жамбыл облысының Байзақ ауданында «Қымыз fest, шұбат fest» этнофестивалі ұйымдастырылды.
Түймекент ауылдық мәдениет үйі алаңында өткен шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші жобасын жүзеге асыруды мақсат етті. Шара кезінде ұлттық сусындармен бірге қолөнер шеберлерінің де туындылары да көпшілік назарына ұсынылды. Фестивальге ауданның Бурыл, Суханбаев, Түймекент, Жаңатұрмыс, Қостөбе, Темірбек ауылдық округтеріндегі және Дихан-2 ауылының бие байлап қымыз баптайтын және шұбат әзірлейтін шаруалары қатысты.
Шара қатысушылары емдік сусындардан қалағанынша дәм татты. Сонымен қатар Қостөбе ауылдық округінен келген қолөнер шеберлері Бибігүл Шуақбай мен Базаркүл Ысқақованың қолынан шыққан жастық, құрақ көрпе, қоржындар, қыз балаға арналған ұлттық киімдерге сұраныс жоғары болды.
Фестиваль қонақтары арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар да ұйымдастырылды. Арқан тарту, ләңгі тебу, асық ату сияқты жарыстармен бірге қымыз ішу сайысыда көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Бал қымызды өзгелерден көп ішкен суханбайлық Гүлзабира Байтекеева мен Дихан-2 ауылының тұрғыны Өсер Добаев жеңімпаз атанды.
Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, оларды ұрпақ санасында жаңғырту мақсатында ерекше форматта өткен шараға ауыл ақсақалдары да ризашылықтарын білдіріп, бата берді.
˗ Қазақы қаймағы бұзылмаған Жамбыл өңірінде ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты насихаттайтын мұндай шаралар ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Бие байлап, оның алғашқы қымыз ішуге орай өткізілетін «Қымызмұрындық» шарасы да бірнеше жылдан бері Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығында ұйымдастырылып келді. Әлбетте қазақы қоғамның өмір сүру салтынан хабар беретін мұндай жиындар жас ұрпақты ұлттық құндылықтардың бағасын білуге шақырады. Сол арқылы олар халықтың тарихына құрметпен қарауды үйренеді. Әрі бір-бірімен жақынырақ араласып, бірлігі нығая түседі. Осынау берері мол құндылықтар тұратын шаралар легі алдағы уақытта жергілікті биліктің мұрындық болуымен тұрақты түрде өткізіліп тұратынына сеніміміз мол, ˗ деді түймекенттік қария Ниязхан Бейсенов.
Әділқазы алқасының шешімімен фестиваль аясында үздік өнері мен жоғары спорттық көрсеткішімен көзге түскендерге марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар табысталды.