Өзге аулдарды да игі амалға шақырды

0 42

Таразыда салмағы ауыр Рамазан айында Жамбыл ауылдық округіне қарасты Шәкен Ниязбеков, Шайқорық, Танты, Қапал ауылдары ішімдіктен түбегейлі бас тартып, бүткіл мұсылман қауымына және еліміздегі барлық ауыл-аймаққа үлгі боларлық қайырлы амалды жолдады.
Аталмыш 4 елдімекендегі 22 дүкеннің иелері сауабы мол айда осындай байламға келсе керек. Ауыл қариялары мен жалынды жастардың бастамасын тұрғындар жаппай қолдап, әр кәсіпкерлік нысанның есігін қағып, үгіт-насихат жұмыстарын үдетті. Нәтижесінде, ел ертеңіне алаңдаған жұртшылық дегеніне жетті. Дүкен иелері тек осы айда ғана емес, мүлде сатылымға шығармайтыны туралы хабарлап, алкоголь өнімдерін сату жөніндегі лицензияларын облыстық кірістер басқармасына өткізді. Осылайша, Рамазан айы Жамбыл ауданында ерекше леппен бастау алды.
Жұртшылықтың қуанышына ортақтасуға келген аудан әкімі Сәкен Арубаев пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев кәсіпкерлік нысан иелерімен жолығып, бірлескен Алғыс хатттарын табыс етті.
Осындай жақсылықтың бел ортасында жүрген жастармен жолыққан Сәкекн Қаланұлы:
– «Бірлескен істе береке бар» деген мақал осы ауылдың тұрғындарына қарата айтылса керек. Қасиетті айдағы бұл игілік төбемізді көкке жеткізді. Дүкен иелері ішімдікті сатпай ғана қойған жоқ, олар зорлық-зомбылықтың алдын алып, түрлі құқықбұзушылықтың тамырына балта шапты, – деді.
Мұндай жан жадыратар жаңалыққа Дамир Ташқараев басшылық ететітін «Ар-Рашид руханият» қоғамдық бірлестігінің үлесі ұшаң-теңіз екенін жергілікті жұртшылық жақсы білсе керек. Мұны аңғарған Рабиль Қуанышбайұлы:
– Жастардың мейірімділіке, қайырымдылыққа, жасылыққа бет бұруы ертеңімізді айқындап тұрғандай. Бүгінде «ішімдіксіз ауыл» атанған елді мекендердің бастамасын басқа ауылдар іліп алып кетті. Олардың қатарында Мойынқұм, Байзақ ауылдары бар. Қайырлы амалға атсалысқан барша азаматтарға шексіз ризашылығымды білдіремін, – деді ол өз сөзінде.

Ауыл азаматтары еліміздің барлық елді-мекеніне осындай қайырлы амалды эстафета етіп жолдады

Ақжігіт Жетпісбай, Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.