Өзбекстан берген жерлер Түркістан облысына кіреді

0 371

Қазақстан картасында жоқ ауыл жұртының енді бағы ашыла ма? 

Түркістан облысының шекарасы өзгертілетін болды, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі. Үкіметтің тиісті қаулысының жобасы дайын. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы 10-бабының 1-1)-тармақшасына сәйкес Қазақстан Үкіметі қаулы етеді: біріншіден, осы қаулыға қосымшаға сәйкес Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына өткен жалпы алаңы 795,62 гектар жерді облыс аумағына қосу жолымен Түркістан облысының шекарасы өзгертілсін. Екіншіден, Түркістан облысының әкімдігі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын», – деді Премьер-министр Асқар Мамин құжатта.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өзбек елі қайтарған жерлер Кентау қаласының аумағына кіруі мүмкін екенін білдірді.

«Жобаны қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат талап етпейді. Түркістан облысының Кентау қаласының жергілікті жердегі шекаралары белгіленеді және материалдар Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізу үшін «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорацияның филиалына жіберіледі. Осы жобаны қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық теріс салдарға әкеп соқтырмайды. Жобаны қабылдау мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін (МЖК ААЖ) өзектендіруге мүмкіндік береді», – деді аймақ басшысы.

Әкімдіктің дерегінше, Қазақстанға Өзбекстаннан Бағыс және Хиёбон елді мекендерінің жерлері өткен.

Соның ішінде «Бағыс» кентінің жер учаскенің жалпы ауданы 750 гектарды, ал Хиёбон қышлағының жер телімі 45,62 гектарды құрайды.

Соңғысының 37,32 гектар жері – ауыл шаруашылығы мақсатына арналған. Оның 36,29 гектарын суармалы егістік алып жатыр. 5,6 гектарында үйлер тұр.

Ал Бағыста елді мекенге арналған жер телімі 637,86 гектарды қамтиды. Қалған 112,14 гектары – өнеркәсiп, көлiк, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жерлерге жатады.

Жиырма жылдан бері бұл ауылдарға қатысты түйткіл шиеленісіп, шешілмей келді. Мысалы, журналистер 1500-ден астам адам өмір сүріп жатқан «Бағыс» кенті Қазақстанның картасында жоқ екенін анықтады. Ол негізі, ХХІ ғасыр басында Оңтүстік Қазақстан облысының құрамына кіруге тиіс-тін. Алайда неге екені белгісіз, 205 үйдің тек 17-сі ғана ОҚО-ның Қазығұрт ауданына тіркеліпті. Негізі, кент Сарыағаш ауданына кіреді.

Салдарынан, бағыстықтар екі ортада адасып, тұйыққа тірелді. Кезінде Өзбекстан берген мемлекеттік актілер, үй-жай, қора-қопсы және басқасының құжаттары күшін жоғалтқан. Ауылдықтар тіпті Қазақстаннан әлеуметтік жәрдемақы ала алмай біраз дағдарды.

Оның үстіне, қазақстандық шенеуніктер бұл елді мекеннің Қазақстан картасында жоқ екенін алға тартып, үйлер мен жер телімдерін тіркеуден бас тартқан.Бұған қоса, жас босанған аналар нәрестелерін тіркеуге қоя алмады, туу туралы куәлігін ала алмады. Себебі, бағыстықтар мемлекеттік қызмет алу үшін ХҚКО-ға барса, олар үйдің құжаттарын әкелуді талап етеді. Тұрғындар ескі құжаттарын апарса, «бұл туралы деректер базасында, ақпараттық жүйеде ешқандай мәлімет жоқ» деп, қызмет көрсетуден бас тартады.

Үкіметтің қаулысы қордаланған біраз мәселені шешуі мүмкін деген үміт бар.

Айта кету керек, Бағыс және Хиёбон туыстас екі ел арасындағы келісім қорытындысында Қазақстан құрамына 2001 жылы кірген болатын. Сол кезде ауылдықтарға қазақстандық мемлекеттік актілер беріліпті. Бірақ олардың күші жоқ екені белгілі болды: жер қатынастары бөлімі жер телімдеріне кадастрлық нөмір телімеген.

Қажетті құжаттардың болмауы кесірінен, Бағыста жаңа мектеп салынбады. Ескі мектептің қабырғалары қақырап, едені мүжіліп, апатты жағдайда тұр.

Тіпті ауылға газ тарту үшін әр үйдің құжаты ретке келтірілуі қажет. Құбырлар төселіп қойыпған, бірақ газ тарату қондырғысы тұрғызылмапты. Бағыс қарайтын Ақжар ауылдық округінің әкімдігі тұрғындарға көмектесудің, олардың үйлері мен жер учаскелерін тіркеудің қам-қарекетін жасауға талаптанған. Нәтиже шығара алмады. Жоғарғы жаққа хаттар жолданған, мәселенің шешімі созбалаңға салынды.

Бұған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекараға қатысты келісімдер топтамасының толық ратификацияланбауы кесір келтіріп отырған көрінеді.

Ел Үкіметі мен облыс әкімдігі ұзақ жылдар бойы мемлекетаралық дауға себеп болған, тек тарихи әділеттің орнауы арқасында елге оралған бұл шекаралық елді мекендерді гүлдентуге баса назар аударғаны жөн. Сонда Қазақстандағы іргелес ауылдардың өркендеп жатқанын көрсе, өзбек елінің демографиялық статистикасын көркейтіп отырған қалың қазақ атажұртқа бет қояры сөзсіз.

Жанат Ардақ

Leave A Reply

Your email address will not be published.