Отандық вакцина: QazCovid-in қалай жасалады?

0 390

Бейсенбі күні таң алдында Алматыда бас қосқан еліміздің жетекші журналистері Жамбыл облысындағы гвардиялық әскери гарнизон аумағындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтына бағыт алды. Кеңес Одағынан мұраға қалған, іргелі ғылыми-техникалық базасы бар институтты «жабық аймақтың ішіндегі жабық аймақ» деуге болады.

Мақсат белгілі. Былтырдан бері халық көзге көрінбейтін жаумен ай­қасып келеді. Былтырдан бері отандық ға­лымдар осы институтта өз вакцинамызды жасап, сынақтарды сәтті өткізіп жа­тыр. Қазір мұндағы жұмыстар құдды май­дан алаңы іспеттес, әрбір күнді ұтым­ды пайдалануға ұмтылады.

Отандық журналистердің іссапарына байланысты бір күнге бұл жердегі ғы­лыми зерттеулер мен үдерістер толайым тоқтап қалмаса да, кідіріс тапты. Өйткені қазір халыққа отандық және басқа да вакциналар туралы осы іспен тікелей айналысып жатқан вирусолог ғалымдардың түсіндірмелері мен жалпақ жұртқа түсі­нікті ақпараттары қажет.

Індеттен құтылудың жалғыз жолы – вакцина. Адамзатты қынадай қырған мұнан да қауіпті жұқпалы дерттер­дің емі вакциналау болғанын біле­міз. Алайда қазір елдің ішінде жап­пай егу жұмыстарын бастауға қатысты алыпқашпа әңгімелер, үрей тудыратын дәйексіз дақпырттар желдей есіп тұр. Оның үстіне алдағы 25 сәуірге дейін отандық вакцинаның кезекті партиясын шығару керек. Ал халық вакцина ғана емес, ол туралы сенімді дерек көздерінен алын­ған ақпарат күтіп отыр.

Отандық БАҚ өкілдері Биология­лық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми зерттеу институтының көпте­ген лабораториясында, оның ішін­де QazCovid-in вакцинасын жасаған және бірінші болып былтыр өздеріне салдырған отандық ғалымдармен сағат­тар бойы сұхбаттасып, елдің көкейінде жүрген көптеген сұрақтың жауабын іздеді. Аса қауіпті жұқпалы аурулар лабораториясынан тікелей репортаж жасауға мүмкіндік алды.

Осы арада оқырманға түсінікті болу үшін айта кету керек. Егер әу баста Кеңес Одағы бес елде құрған мұндай ғылыми зерттеу институты болмаса, біздің ғалымдар жедел өз вакцинамызды жасауға бел байламаған болар еді. Отандық вакцинаны жасауға біздегі Биологиялық қауіпсіздіктің 3-ші деңгейлі лабораториясы (BSL-3) жол ашып бергенін атап өткен жөн.

Қазіргі таңда институттың 200-ден астам ғылыми қызметкері бар, оның 56-сы өз бастарын қатерге тіге оты­рып, тікелей отандық вакцинаны жа­сауға атсалысқан. Әзірге айтарымыз, қазақ­стандық журналистердің барлығы дерлік бұл жерге тұңғыш рет жолы түсіп отыр. Бұл сапар әріптестеріміз үшін қайталанбауы да мүмкін. Мұнда жер бетіндегі аса қауіпті барлық вирустың штамдары бар. Экзотикалық вирустар да сақталған. Сонымен отандық вакцина қандай платформада жасалды? Отандық ғалымдар неге QazCovid-in-ді барынша тиімді, барынша қауіпсіз деп есептейді?

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.