Он үш жасар чемпион немесе спортзалы жоқ ауыл

0 67

Т.Рысқұлов ауданындағы Каменка ауылын чемпиондар ауылы десе болады. Өйткені балуандар мектебін Аман Тымбаев, Жауғаш Шекеев, Қойшан Танкеев, Бекен Әбдірайымов, Жанарбек, Ертай есімді балуандар бастап берді. Міне, солардан кейін алтын ұядан екі бірдей күміс жүлде алған Олимпиада жүлдегерлері Ислам Байрамуков пен Елдос Сметов, Қазақстан мен Азияның чемпионы Әділет Дауланбаев та шықты.

Ал бүгінгі біздің әңгімеміз болашағынан зор үміт күттіретін жас балуан Нұржігіт Даниярұлы Момынжан турасында болмақ. Оның жасы небәрі он үште. Бірақ ол осы жасқа келгенше, яғни жеті жыл ішінде бірнеше дүркін аудан чемпионы, бес мәрте облыстың, төрт дүркін республикалық турнирлердің жеңімпазы атанды. «Ол қайда барса да қанжығасына бірінші орынды байлап қайтады. Мен өзім күреске көп қатысқан жан емеспін. Ал менің әкем Серібай да, оның әкесі Мәулен де «түйе палуан» болған», дейді Нұржігіттің әкесі Данияр Серібайұлы. Данияр баласы барып қатысқан бірде-бір жарыстан қалмапты. Павлодар, Алматы, Жуалы, Ұзынағаш сапарларына барып, бас жүлдемен оралыпты. Өткен жылы Алматыда еркін күрестен Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, ардагерлер арасында әлемнің үш дүркін чемпионы Геннадий Труниннің турнирінде де Нұржігіт жауырыны жерге тимей күресті. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай өткізілген Ұзынағаштағы халықаралық турнирде де он үш жасар балуан жасындай жарқырап, бозкілемге шыққан қарсыластарын сан соқтыра ұтып, жеңімпаз атанды.
Біз Каменка ауылындағы Нұржігіттің атасы Серібай балуанның үйінде болдық. Секең бәкене бойлы тәпелтек келген жұдырықтай ғана кісі. Бірақ дене бітіміне қарап, оны 73 жаста деп айта алмайсың. Әлі де қимылы ширақ. Ол бізге өткен күндерден екі естелік айтып берді.
– Біздің кезімізде қазіргідей жастарды үлкен додаларға сала бермейтін. Бір жолы халықаралық жарысқа бара қалдық. Сонда өгіздей бір өзбек палуанына қарсы шығатын бірде-бір адам табылмады. Сонда «Тәуекел!» деп кілемге шыға келдім. Сөйтсем, әлгім мойны да, өзі де жуан біреу екен. Шығарымды шығып алып: «Енді қандай айла жасасам екен?..» – деп ойланғанымша, әлгі бәле қорбаңдап маған жақындай берді. Әлгі дәудің астына кіріп алып, «осал тұсың осы шығар» деп тірсектен шалып, аударып өте шықтым. Жұрт даурығып, төреші менің қолымды көтерді.
Ал екінші айтайын дегенім – әкем Мәуленнің қырғызға барғандағысы. Ол кісі де атан түйедей қырғыздың балуанының қабырғасын қақыратып, одан айласын асырып жеңіп, «түйе палуан» атанған екен. Менің осы Нұржігітім мен одан кейінгі немерем Замир екеуі де атасына тартқан. Бозкілемге шыққанда сескенуді білмейді, – дейді Серібай балуан.
Біз отырған үйге Нұржігіттің бапкері Исмайыл сәл кешігіңкіреп келді. Ол өзі егіздің сыңары екен. Ислам Алматыда тұрады. Біз білетін Ислам Байрамуков осы Исмайылдың әкесі Кашиф Бостановтың туған жиені екен. Дене бітімі келіскен Қазақстан Республикасының спорт шебері Исмайыл Бостанов осы ауылдағы жасөспірімдер спорт мектебінде Нұржігітпен бірге 40 бозбаланы жаттықтырады екен. Ол бізге кірген бетте өкпе-назын айта келді.
– Ауылда спортқұмар жасөспірімдер көп. Бірақ жаттығатын спортзал жоқ. Ата-аналар өз қалталарынан ақша шығарып, балаларына күрес кілемін сатып алып берді. Жергілікті мектеп бізге сенбі, жексенбі, дүйсенбі күндері машығуға спортзалды береді. Бірақ әлгі бозкілемдерді біз әрі-бері тасудан әбден жалықтық. Шынымды айтсам, бізге бір спортзал керек-ақ. Өзіңіз ойлаңызшы, чемпиондар қайдан шығады? Оларға жағдай жасамаса…», – дейді Нұржігіт Момынжанның жаттықтырушысы амалы таусылып.
Біз Серібай балуанның үйінде болғанымызда жанымызда ауыл әкімі Ораз Танкеев те бірге болды. Әкім де жастардың проблемаларын жақсы біледі екен. Бірақ амал қанша, спортзал салу үшін көп қаражат қажет. Жасөспірімдердің спорт мектебі облысқа қарайды. Әзірге ондағылардан да қайыр жоқ. Ал Нұржігіт осы 5-6 айдан бері Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектебіне ауысыпты. Келешегінен зор үміт күттіретін жас балуанның ол жаққа ауысқаны да жақсы болған. Ауылда қаладағыдай жағдай жоқ қой. Десек те чемпиондар тағдырын ойласақ, мәселені тезірек шешуіміз керек-ақ.

Сейсен ҚОЖЕКЕ,
Т.Рысқұлов ауданы

ar-ay.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.