Өмірбеков пен Ергебеков қызмет күтіп жүр

0 494

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өткен жылды қорытындылаған жиында жұмысы нашар деп бағалаған төрт аудан-қаланың әкімдері түгелдей жұмыстан кеткені белгілі.

Нақтырақ айтсақ, жыл басында Бердібек Машбекұлы аудан-қала әкімдерінің есептік жиындарына қатысып, Жуалы, Меркі, Сарысу аудандары мен Тараз қаласы әкімдерінің жұмыстарына көңілі толмайтынын ашық айтқан болатын.

Содан 2-наурыз күні Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков пен Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков қызметтерінен босатылса, артынша Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов та қызметімен қош айтысқан. Ал, 19-наурыз күні Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев та міндетін бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Ержан Жылқыбаевқа тапсырды.

Мейірхан Өмірбеков

Дегенменде Айтқазы Қарабалаев қызметсіз қалған жоқ, іле-шала Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Нарбай Ергебеков

Ал, қалған үш әкім осы күнге дейін ешқандай қызметке тағайындалған жоқ.

Әдетте әкімдер жұмыстан кетерде «пәлен қызметке барады екен» деген әңгіме де қосыла айтылар еді. Бұл жолы қызметсіз қалған үш әкім туралы пәлендей әңгіме жоқ.

Тек Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтың журналистерімен бас қосқан жиында «Меркі ауданының әкімі осы қызметін бес жыл атқарыпты. Жергілікті тұрғындар маған ол әкімді басқа жаққа алып кетпеу туралы өтініш айтқан болатын. Тұрғындар қимай отырса, Өмірбековке сол жерден бір қызмет табылар деп ойлаймын» деп қалғаны бар.

Осыдан кейін көп ұзамай «Мейірхан Өмірбеков Құландағы агротехникалық колледжге басшы болып барады екен» деген әңгіме гу ете қалған. Бірақ әл-әзірге бұл ауыс-түйістен ешқандай хабар жоқ.

Сондай-ақ, Сарысу ауданының әкімі қызметін атқарған Бақытжан Жақсылықов туралы да алғашқы кезде «Облыс орталығынан бір жақсы қызмет беріледі, тіпті, басқармаға басшы болуы да ғажап емес» деген әңгімелер айтылған.

Бірақ, Жақсылықов туралы да әл-әзірге ешқандай жақсы хабар болмай тұр.

Бұрын қызметінен босаған аудан әкімдері іле-шала бір қызметке ілігіп кетуші еді. Қазір үш әкімнің қызметсіз жүргенін жамбылдықтар ұмыта да бастаған сияқты.

Сондықтан біз мән-жайды білу үшін Меркі және Жуалы аудандарының бұрынғы әкімдеріне хабарластық. Екі азамат та сұрақтарымызға өте қысқа жауап берді.

Мейірхан Өмірбеков:

— Әзірге боспын, демалып жатырмын.

— Облыс әкімдігі тарапынан ешқандай қызмет ұсынылған жоқ па?

— Ұсынамыз деген, соны күтіп жүрмін.

Нарбай Ергебеков:

— Қазір демалып әрі ем алып жатырмын.

— Қызмет ұсынылып жатыр ма? Жақын арада мемлекеттік қызметке қайтып оралсам деген жоспарыңыз жоқ па?

— Ұсынылып жатыр ғой, оны көреміз. Әзірге ештеңе жоспарлап жатқаным жоқ. Ем қабылдап жатырмын.

Біз сондай-ақ, Сарысу ауданының әкімі қызметін атқарған Бақытжан Жақсылықовқа да хабарласқанбыз. Бірақ, Жақсылықовтың екі телефоны да «байланыс аясынан тыс жерде» болды.

jasyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.